Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Нияз бен Болман айтысы (1-бөлім)

Нияз Ожанов, Болман Қожабайұлы · 2 мин оқу

Нияз:
Өлеңге зор мұхиттың саласымын,
Жайлаған өлең-жырдың бар асылын.
Талмас жақ, сүйір тілмен топқа кірген,
Жүйріктің өзім теңді данасымын.
Айтыста екіталай – алма-кезек,
Жібермей ел намысын алысамын.
Серпіліп шапқан сайын алыстаймын,
Болманым, қиын соғар жанасуың.

Айтыста сан ақынды сөзбен ұтқан,
Шешенмін Ұлытаудай, шыққан құттан.
Байлығым басып жатыр аймағымды,
Біледі дабысымды әркім сырттан.
Мен саған аңдатайын сөздің парқын,
Адамға білмек керек шама-шарқын.
Айтулы алабың кең ақын болсаң,
Еліңнің ісін айтып, көтер даңқын.
Сондықтан байлығыңды ортаға сал,
Тыңдасын мына отырған қауым-халқың.

Болман:
Ниеке, сөз сөйледің әуел бастап,
Әр түрлі кеңес құрдың, домбыра ұстап.
Топ жарған шын жүйрікті халық байқар,
Өзіңді көтермегін, өзің мақтап.
Сұрасаң жер-суымды баяндайын,
Көптен-ақ жүруші едім ішке сақтап.

Басынан Ақтау, Ортау көзі қайнап,
Таласып Атасумен тауды қойнап.
Жолшыбай Сары өзенді қосып алып,
Сарысу ағып жатыр төмен бойлап.
Сарысуға өрлей біткен сары қамыс,
Сарғайып мұнарланад сағымды айдап.

Жайлауы көп елімнің шағын құзда,
Санаса сан жеткісіз құлын нуда.
Түйе өркеш, қыз емшекті сұлу төбе,
Түгел-ақ біткен екен бәрі құмға.
Жерұйық тамылжыған әшекейлі,
Жайлауым алды қырда, арты суда.

Қыс көрмей жыл бойына жайған қойым,
Салады тойынған соң асыр ойын.
Мамырлап семіздіктен қозғала алмайд,
Жануар қошқар құйрық, бейне жайын.
Жүндері нар бураның шудасындай,
Сүттері көл қылғандай өлке бойын.
Ұлытауда мал баққан шопандарың,
Берер ед біреуіне екі қойын.

Нияз:
Біреудің иемденіп Сарысу, құмын,
Тауыпсың майлы қоныс жердің нуын.
Таңбалы, Сәкен тұзын баса көктеп.
Орғытып, орағытып Жамбыл, Шуын.
Соншама алыс сапар шөлге шықтың,
Болманым, торсығыңда бар ма ед суың?

Жер бар ма Сарыарқада Ұлытаудай,
Шөбі май, ішсең шарап, суы балдай.
Алабы күндік жерден көз тартады,
Қасына бұлт айналып шөккен нардай.

Сол таудың шыққандай боп шарасынан,
Су ішіп мөлдір бұлақ жағасынан.
Жайлауға қаптап жатқан қалың малдың,
Жол тауып жүре алмайсың арасынан.

Өңірін Жыланшықтың баса көктей,
Еркелеп Қорғантас тұр жас бөбектей.
Бұлдырап Едігенің етегімен,
Ырғайлы ағып жатыр ойға беттей.
Сыңғырлап әсем таудың күміс суы,
Жер бетін гүлдендірген бәйшешектей.
Бір келіп осы тауға тынығуға,
Болманым, жүрген жоқ па қолың жетпей.
Кішітау кір жуытпай денесіне,
Қол созып бақытты өмір келесіге.
Еңкейіп Ұлытауға бас иеді,
Құмартқан құлындай боп енесіне.

Айыртау, Қызылсай мен Сарыбұлақ,
Көштен-ақ көне жерлер елге тұрақ.
Қақ жарып Иген шыңнан тас бекітіп,
Төрт колхоз тоған салды басын құрап.
Сол таудың алпыс екі саласынан,
Тоғанға құйып жатыр су зырқырап.

Сияды мен мақтансам жарасымға,
Мал симай Ұлытаудың шарасына.
Отарлап отыз мың бас малым жетті,
Торғай, Есілдің менен жағасына,
Осындай байлығыңды көрсет маған,
Ақыным, ойың болса таласуға!

Болман:
Бөктерлей Майтөбені сылдыр қағып,
Дүйсенбай батысқа өрлей жатыр ағып.
Кең байтақ, құтты өзеннің кең арнасын,
Бес колхоз қоныс еткен малын бағып.
Не судан, не шабыннан мұқтаж болып,
Ұлытауға барған емес мұңын шағып.

Деген бар жері байдың елі де бай,
Төрт түлік малға толды сала мен сай.
Құм жайлап, өзен қыстап жыл құсындай,
Ыңырсып қыдыр қонған ауданым бай.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз