Жақсыбай мен Есдәулет айтысы (1-бөлім)
Жақсыбай Жантөбетов, Есдәулет Қандеков · 3 мин оқу
Жақсыбай:
Есеке, бірінші рет ел аман ба?
Жетеміз жауды жеңсек қалағанға.
Күш қосып Отан үшін аянба деп,
Партия нұсқау берген бар адамға.
Шат болмас көңіл сөзге құмарланбай,
Басында ауыл едің сый алғандай.
Екінші бір сұрауым тағы келді,
Осы жыл орындалған план қандай?
Егісің қалай өсті, малың қандай?
Малменен түрлі пайда табылғандай.
Талқандап жауды құртып батыр болған,
Ер бар ма, көңілім құмар сағынғандай,
Үш түрлі сұрау қойдым алдыңызға,
Дәлелді болып шықсын табылғандай.
Сөйле деп бізге халық рұқсат берді,
Жан аяп отырамыз нағылып-ай?
Есдәулет:
Жалпы елді көп рахмет сұрағаның,
Тілегі жауды құртпақ бар адамның.
Ел тыңдап, бізді бастан ақын деді,
Айталық енді сөздің ұнағанын.
Жақсыбай, көп шабылған тарлан едің.
Жарайды, жауап сұрап, сынағаның.
Сұрауыңа берейін енді жауап,
Түсініп, құлақ салып тыңдап алғын.
Қызыл тау көлбеп жатқан еліміз бар,
Жері саз, шөбі жұпар, төріміз бар.
Әрбір дәні жауға оқ болатұғын,
Жиырма бес мың гектарлы жеріміз бар.
Талқандап жауды қырып, қуып жүрген,
Қасымбеков Қамзадай еріміз бар.
Қордайдан отау болып бөлінгенбіз,
Шақтаулы он үш колхоз еліміз бар.
Отарда елу мың бас мал жайылған,
«Аңырақай», «Қопалыдай» беліміз бар.
Кейіннен түрге бөліп айтып берем,
Ауданымда жүз мың бас малымыз бар.
Шөп, егіс жауын жоқ боп нашар шықты,
Жоспардан сол себепті кеміміз бар.
Үш түрлі сұрауыңа жауап бердім,
Ал, Жақа, осылайша жөніміз бар.
Жақсыбай:
Айтылсын дәлелді боп сұрағаным,
Жасымнан қулық сөзді біле алмадым.
Есеке, бар жағдайды шешіп беріп,
Өзің де сауалыңды сұрап алғын.
Есдәулет:
Жауынсыз астық пісті ыстық ұрып,
Жақпады шөл астыққа құрғақшылық.
Айтпап па ем жоғарыда бұл жағдайды,
Қалайша кінәлайсың көріп тұрып?
Малым көп болғаннан соң өлімі бар,
Өлгенмен туып жатыр, өнімі бар.
Жыл аяғы қорытынды болғанынша,
Мал жоспары асад деп сенімім бар.
Талапты ұлдарым мен қыздарым бар,
Тамаша қуанышты жырларым бар.
Артығымен бітірдім заемымды,
Бағалы еңбегіме сыйларым бар.
Көрсетші, кіммен түскен жарысыңды,
Жоспарды орындаған бағытыңды.
Төрт аудан қазып берген Шу каналдан,
Мақтанып айтып берші табысыңды.
Қалдырмай түгел айтқын көрінгенін,
Каналдан қандай нәрсе өнілгенін.
Өзіміз көмектескен канал еді,
Айқындап көрсетуге ерінбегін.
Жақсыбай:
Каналдың неше түрлі құлағы бар,
Есеппен су жібергіш бұрауы бар.
Жағалай қарап тұрсаң көз тояды,
Саусағы салбыраған құрағы бар.
Ақ күріш меруерттей егіліп тұр,
Ақ кенеп жібек ұлпа көрініп тұр,
Қызылша, ақ бидай мен қызыл тары
Отанның планына төгіліп тұр.
Орындап сол планды ту алғанмын,
Ту алып, көңілім шат боп қуанғанмын.
Осындай қуаныштың арқасында
Құлаштап қалай айтсам ұялмаймын.
Секілді қыран бүркіт шабытым бар,
Қордаймен социалдық жарысым бар.
Барлық елді отынмен қамтама еткен
Сексеуіл, сондай қазына табысым бар.
Бар болса кемшілігім тапқын менің,
Сөзімнің салғастырып артық-кемін,
Сұраған каналыңнан жауап бердім,
Есеке, осылайша менің жөнім.
Есдәулет:
Жарай ма бар олжаны бас салғаның,
Біздің күш, біздің көмек – мақтанғаның.
Еңбегімен көп елдің табыс тауып,
Осы жағын әділетпен еске алмадың.
Тағы бар, Жақа, сіздің адасқаның,
Адасып айтылған сөз жараспадың,
Сексеуіл мемлекеттің мүлкі емес пе,
Дұрыс па менікі деп таласқаның?
Көрмегендей қомпайып мақтанасың,
Бір жыл план төктім деп мастанасың.
Бес колхозың қылшасы¹ шіріп кетті,
Қай жерге бұл кемістікті апарасың?
Кемшілік айта берсе толып жатыр,
Әркімде-ақ оның өзі болып жатыр.
Бір жылға тәуірмін деп масаттанба,
Айналып тағы барар өзіңе ақыр.
Құлаштап аянбастан сөйлеп қара,
Ойланып елде болса қалмай ғапыл.
Әншейін мейман ғой деп сыйлап тұрмын,
Болмаса айтар сөзім толып жатыр.