Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қайып пен Ілияс айтысы (3-бөлім)

Қайып Айнабеков, Ілияс Манкин · 2 мин оқу

Ілияс:
Ақын деп, Қайып құрбым, кімді айтады?
Шын ақын шектен шықпай шынды айтады.
Ләззәті балдан тәтті, оқтан ұшқыр,
Сүйкімді, сөзі орамды тілді айтады.
Тілінің орамы жоқ топас ақын,
Баттитып бетке басып мінді айтады.
Сөз білмес сүйкімдіні алыстатып,
Жақсыдан жаман атты ұлғайтады.

Бірақта емеспін мен сендей ақын,
Айырам асыл, жасық сөздің парқын.
Сен озып, мен артыңда қалсам-дағы,
Шошыма күдер үзіп менен жарқын!
Табысқа масаттанбай жүрген кезде,
Жақсы еді шахтамызда өрлеу қарқын.
Басшымыз кеншілерді басқара алмай,
Сұйылтты барған сайын істің артын.
Жан салған Отан үшін ерлерімнің,
Үлгісін жая алмады көпке жарқын.
Бабымен тұйғындай ғып ұстамаса,
Беталды тұлпар да жоқ бәйгі алатын!
Қалған соң планымыз орындалмай,
Сөз айттың, Қайып ақын, маған батым.
Түңілме, күдер үзбе жерге қарап,
Бәйгіден кім бауыздар қалған атын!
Мен Ілияс, жұртым түгел атым білген,
Не, дүлділ, жүйріктермен қатар жүргем.
Жоймайды беделімді менің шахтам,
Ардақта ақыныңды мол көмірмен!
Күшің мен құралың сай дегендейін,
Орның жоқ кем қалатын ештемеден!
Ұласқан ұлы Отанның жорығында,
Салбырап артта қалу – өліммен тең!
Жоспарым келгендегі орындалмай,
Масқара, ойлап тұрсам, бұл не деген.
Қалыспай ең болмаса, қатар жүрсе,
Қайыпты бір қаққаннан қалдырмас ем.

Мен, бірақ кейігеннен кері кетпеймін,
Өрлесе алып шахтам мен де өктеймін.
Бастықтар, шахтерлерім, жоспарды арттыр
Десеңдер Ілиясті жүдетпеймін!

Уа, Қайып! Айта берме қалғанымды,
Сен менің білмей жүрсің арманымды,
Таразы тарта алмайтын өлшеусіз ем,
Завшахта жеңілдетті салмағымды.
Бермейтін топтан торай тұлпар едім,
Күйсіз ғып арықтатты тарланыңды.
Тартушы тізгінімнен болмаған соң,
Амалсыз тістедім ғой бармағымды.

Егесте ел біледі ердің құнын,
Сүрініп көрмеп едім бұдан бұрын.
Біржаннан жеңілгенде Сара айтқандай,
Жоспарым орындалмай бітті үнім.
Қаншама сайраса да бұлбұл тілім,
Завшахта обалыма сендер қалдың.
Кем еді Қайып менен анағұрлым!
Жөн сөзге арсыз адам таласады,
Жұрт көрдің, Қайып жеңді, мен жеңілдім.
Қайыптың айтқанының бәрі дұрыс
Жолын бер – қазақ салты, менің мұным!
1943 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз