Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жангелдин мен Зоя айтысы (2-бөлім)

Жангелдин, Зоя Мұсабекқызы · 2 мин оқу

Құралайды көзге атар,
Отырмысың мерген боп?
Босбелбеу деп отырсың,
Өзің жырғатып көрген боп.
Қарапайым халқыма,
Қазына жыр берген көп.
Махаббат айтсам әзілім,
Жігіт іздеп келген жоқ.

Кешіргін елім, кешіргін,
Біздерден кетсе ағат бір,
Сырт-сырт етіп әнеки,
Өмірді өлшеп сағат тұр.
Жангелдин ақын менімен,
Айтысуға ғана жарап тұр,
Неғылам сені, апырау,
Өз жігітім топта қарап тұр.

Аша алмай маған сырыңды,
Ішіңе бүгіп бүркеме.
Жақсы жаннан, ойлашы,
Жайсаң жұртым үрке ме?
Қазира, Егеухандардың,
Сіңілісіне сен, бүгін,
Жебең жетпей тұрғанда,
Семсеріңді сілтеме.

Қара өлеңі қазағымның қарқындасын,
Ақындар алдаспандай жарқылдасын.
Көрермен жыр тыңдауға келіп отыр,
Тыңдаса олар бізді, ал тыңдасын.
Өзімнің айдыныма келіп тұрып,
Мүмкін емес дәл бүгін қалқымасым.
Бүгін жерге қарамас пақыр басың,
Егерде аман болса алтын басым.

Жангелдин:

Тоқтадың өлеңменен мүлгіп барып,
Шыға алмай жүрген едің топты жарып.
Сахнаның төрінде мол бақыт бар,
Күн-күн сайын келеді елің танып.
Топ ішінде қарап тұрса жігітіңіз,
Кеттің гой көңіліне қаяу салып.

Арғымақ арғымаққа кісінеді,
Үлкендерді үлгі етер кішілері.
Әзілім ғой айтыста айтып өткен,
Қызғанбайды, күйеуің түсінеді.

Асыл да жырмен азырақ,
Ал, халайық желейін.
Қазағымның өнерін,
Мен ақын боп жебейін.
Алысқа ұзап кетпейін,
Шамамша ғана желейін.
Төге бер күміс жырыңды,
Кезегіңді, Зоя, берейін.

Зоя:

Отырмысың Жангелдин,
Зоя ақынды ұтқан боп.
Бірақ сенен дәл қазір,
Жығылғам жоқ, ыққам жоқ.
Немене дедің сен өзі,
Бір сөзіңді ұққам жоқ.
«Күйеуің» деп қояды,
Тұрмысқа әлі шыққам жоқ.

Кездестім бе білмеймін,
Жігіттің мұндай зорына.
Кездестім деп ойлап ем,
Ішіндегі нарына.
Қыз жолы болса жіңішке,
Түседі жолдың тарына.
Қалайша бұлай айтасың.
Тиісіп менің арыма?

Аман болсын деуші едім.
Ылғи да сенің бір басың.
Қос ақының қосылып,
Сахнада жырласын.
Қияли боп жүріп құрдымға,
Құлап кеткен құрдасым.
Сырлас боп жүріп сынаптай,
Сырғып кеткен сырласым.

Жангелдин:

Айтыс сөзді рас деп шын көреді,
Мен саған сермемеспін шын жебені.
Қашанда ұлы өнердің жолындағы,
Қос тұлпар бірге туып, бірге өледі.
Құрдымға егерде мен құлап кетсем,
Құрбыма бірге жүрген сын келеді.
Мұндайда аз шабытым аңқылдады,
Мендағы келгенім жоқ тартынғалы.
«Жігітім қарап тұр» деп сен айтпасаң,
Жангелдин неге босқа алқынады?

Зоя:

Алдыңа келіп қос терек,
Жапырақ жайып көктесін.
Шектейміз десе қазылар,
Уақытымызды шектесін.
Құрбылары құрбысын,
Өзекке бүгін теппесін.
Көрермен жұртым біздердей,
Ақындарын ұмытып кетпесін.
2003 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз