Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сағира мен Сүйеніш айтысы

Сағира, Сүйеніш Жеңісбайұлы · 1 мин оқу

Сағира:

Өрнегін өрейін деп өлеңдердің,
Көңілін табайын деп көрерменнің.
Ақкөлден айтысуға келгеннен соң,
Иіліп сәулетті елге сәлем бердім.
Кез болдың ақсұңқарға ақын қайным,
Өнерің өсіп келед күн-күн сайын.
Дәл бүгін аруларды іздеме сен,
Алдыңа бір ақ тұйғын келді дайын.

Сүйеніш:

Өнерім, оның рас, өрістенді,
Жырымнан ел мен жұртым жеміс терді.
Айтыста аямай-ақ жазған маған.
Әйтеуір бір келіншектермен көріскенді.

Жан басқа, бойыңдағы жүрек басқа.
Ағамнан басқа жанға тілек қоспа.
Мәрт қайын, жайсаң жеңге болайықшы,
Ақылмен көңіл кірін күреп таста.

Сағира:

Барады аяңыңнан желіс шығып,
Қайтесің келіншекпен керіс қылып.
Қайынның құрмет ету міндеті ғой,
Күтіп ал жеңешеңді келістіріп.

Өнердің құлпыра бер гүліндей көк,
Шыға бер шыңдарына сүрінбей тек.
Жол жосын білетұғын қайным болсаң,
Көзіме көрініп көр інімдей боп.

Сүйеніш:

Не керек тентек болып тегін жүрсем,
Қадірім болмас еді менің мүлдем.
Ол рас өзіме де жаман емес,
Жаз көңіл жеңгелердің жөнін білсем.

Әзілмен қайныңызды әлектейсің,
Өзің бастап айтып ап «әдеп» дейсің.
Ит жесін дәл өзіңнен аяғанды,
Әйтеуір менен басқа дәметпейсің.

Сағира:

Сөзіңнің жақұт сынды көркін білем,
Елімнің еркесі боп еркін жүрем.
Қайнымды «қайтеді екен» деп байқасам,
Бала ғой, мынау, сонша еркінсіген.

Өзінше бұл шешектің пәлесін көр,
Япырым-ау, бұл түйнектің дәмесін көр.
Әншейін «әйелмін» деп әдептенсең,
Қарадай құтырынып келесіндер.

Басқа ойға бағыттанып барасың ғой,
Сен әлі жасың кіші баласың ғой.
Нәрсеге әлің жетпес әлек болма,
Келіншектің күлін көсеп қаласың ғой.

Сүйеніш:

Жеңеше бұл қайдағы әлектерің,
Қайныңның қайдан білдің дәметкенін?
Балаға басын солай бастап беріп,
Соңында сырғып кетер әдеттерің.

Бұл мені бозбалаға санамай ма,
Қайнының қалжыңына қарамай ма?
Қазақта мынандай бір тәмсіл бар ғой:
«Саулыққа тоқты қошқар жарамай ма?»

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз