Ерген мен Серуен айтысы (1-бөлім)
Ерген Ланханұлы, Серуен Әзімұлы · 2 мин оқу
Ерген:
Мен емес сөз таба алмай қамалатын,
Тұлпар ем бәйгелерді сан алатын.
Алдыңа екі бірдей ұлың келді,
Қол соғып қошаметте, жамағатым!
Өзіңнің жылы ниет, лебізіңнен,
Ақынның бірі едім, нәр алатын.
Тамырың «танысым» деп бұралмасын,
Төрелер әділетпен бағаласын.
«Ұлтымның ұлы өнері көркейсін» деп,
Бәйгеге тігіп жүрген қара басын,
Айтысты Бәкей ағам қолдаған соң,
Өнердің ұшырайын шағаласын.
Сұқтанып, сахнаға келген кезде,
Адамдай көрінесің жан алатын.
Бірақ, саған жанымды мен бермеспін,
Тұрғанда жебе тілім қадалатын.
Кеше ғана салмақсыз балғаң едім,
Ұрса егер мал жілігін шаға алатын.
Ал, бүгін балтаң болып келіп тұрмын,
Қазықты қара жерге қаға алатын.
Бір кезде құлын едім желідегі,
Ал, бүгін тұлпар болдым шаба алатын.
Өстіп мені өсірген мына халық,
Бұл елдің арқалаймын аманатын.
Не деген әдемі еді қара қасың.
Кім келіп жүрегіңді жараласын.
Алдыңа екі бірдей ұлың келді,
Дұрыстап, жамағатым, бағаласын.
Серуен, мына маған сырың мәлім,
Айтайын жіпке тізіп мұның бәрін.
Бір кезде бала едің домаланған,
Қорс-қорс тартатұғын мұрындарын.
Сол кезде-ақ сөзге шешен ақын едің,
Әнге қосқан қазақтың қыз-ұлдарын.
Таскенеше жабысып қоймаушы едің,
Білмейтінсің еш уақыт жығылғанын.
Бес жаста бесігіңнен бойың аспай,
Шыққан соң тілің ерте, зырылдадың.
Ал, қазір бойың өсіп қалыпты ғой,
Жеген соң қой-ешкінің қуырдағын.
Ақындық көкейіңе дарын қонды,
Ішкендей тектілердің жұғындарын.
«Балалық күнді неге айтады» деп,
Отыр ма, қазір, қайнап зығырданың?
Өзіңдей ақындарға тілейтінім,
Өнерде өсе берсін тұғырларың!
Жылты бар жігіттердің біреуі едің,
Қыздарға, көзге түсер, қырындадың.
Құлагердей құйғытып кете берші,
Қазақтың қақпайламай кұлындарын.
Сен шыққан биіктерге мен де шығам,
Бойымда тұрса егер шыбын жаным.
Серуен:
...Ақындар сахнада ән салғанда.
Табиғат табиғатпен үндеседі.
Ақындар сахнаға келгеннен соң,
Қалжың ғып не айтса да үйлеседі.
«Қарғаның қарға көзін шоқымайды»,
Ақындар, міне, осылай күн кешеді.
«Қасқырды қасқыр жейді» деп естімеппін,
Ақымақ адам ғана күндеседі.
Ұрандап біз шығатын белең үшін,
Төгілген көмекейден өлең үшін,
Ерген-ау, сені бүгін мен қолдайын,
Биікке қанат жайған өрен үшін.
Ерген-ау, саған қатты сөз айтпаймын,
«Жыланды жылан шақпас» деген үшін.
Ерген:
Сер-еке, бір өзіңнен жасқанбаймын,
Бойымда өнер бар деп мастанбаймын.
«Бұл араға аш келдің» деп отырсың,
Тұрғанда мына халық аш қалмаймын.
Сөйлей де сөйлей бересің,
Кешегі өткен билердей.
Бір қалыпта болсаңшы,
Сан құбылып түрленбей.
Бір орныңда отырмайсың,
Арқаңа ине кіргендей.
Сол қылығыңды көргенде,
Мына елім күлгендей.
Бұлдыр-салдыр сөйлейсің,
Сарт та емес дүнгендей.
Болашақты болжайсың,
Барлығын өзің білгендей.
Аласарып қалыпсың,
Өкшесіз етік кигендей.