Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жангелдин мен Зоя айтысы (1-бөлім)

Жангелдин, Зоя Мұсабекқызы · 2 мин оқу

Жангелдин:

Қолыңа қалам алған қаламдысың,
Мол өркенмен беріп тұр заман күшін.
Тайталаста сүрінбес әріптестен,
Зоя қыздың байқайық табандысын.
Айдынында өлеңнің бірге жүзер,
Жүзіңнен айналайын аққу құсым.
Алты Алаштың алдына шығып тұрған,
Ару қызы қазақтың аманбысың?

Шабыттан нөсер жырың сіркіреген,
Жүрегіңде шұлғыған дүлдүл өлең.
Алдында көрерменнің концерт ойнар,
Бұл жерге бөлтірік кепті түлкіменен.

Зоя:

Сынығы болсаң алтынның,
Алтындай болып жарқыраш.
Тұнығы болсаң арнаның,
Бұлақтай болып сарқыраш.
Ақыны болсаң қазақтың,
Қара өлеңнің нарқын аш.
Есенбісің, менімен,
Егескелі келген қарсылас?
Екеуімізді отырған ел қолдасын да,
Жырымыз жүректерге орнасын ба.
«Бөлтірік» деген қасқырдың баласы ғой,
Қасқыр да қас қылмайды жолдасына.

Келдің бе айтыс дейтін мұраны іздеп,
Сол айтыста айтылар жыр-ән іздеп?
Алдыңда мен қиқарлық көрсетпеймін,
Әйтпесе сен айтарсың «бұраң қыз» деп.
Көктемде бір айтыста айтып едің,
«Біз деген бәрін жойып-қырамыз» деп.
«Сендей қызыл түлкіні ілетұғын,
Қияға түлеп ұшқан қыранбыз» деп.

Езуімді де тіліп көр,
Сезімнің сырын біліп көр.
Белдесер болсаң менімен,
Білегіңді түріп кел.
Шынайы қыран болсаңыз,
Қызыл түлкіні іліп көр.
Айтысуға келген бәс тігіп,
Жайраң жүзді жас жігіт.
Сезімді кетпе лас қылып,
Өзіңе кетпеймін қас қылып.
Зоя қызды жеңем деп,
Шығыпсың біреумен бәс тігіп.
Махаббат шарабын ұсынып,
Кетейін бе мас қылып?

Жангелдин:

Айтыстың табалдырығын аттағанда,
Шалқар жырды қосамын шат ғаламға.
Сонау күні айтқан ең келерсің деп,
Ішіне Зоя сөзді сақтаған ба.
Алдынан көмбе көрінсе өршеленер,
Артқы ат та қарамайды Ақтабанға.
Тәуір сөйлеп келесің Зоя ақыным,
Тер шығып тебін қосып шаппағанға.

Қазағым өнер сүйіп, жыр жаттаған,
Жас жаны жамандықты ұнатпаған.
Келіпсің атың орыс, өзің қазақ,
Секілді қурай ағаш күн қақтаған.
Егеухан, Қазирадай сендей қыздар,
Шабыттың бесті асауын құлақтаған.
Солардың ізін қуып, жолын баққын,
Өлеңнің бақшасына тұрақтаған.
Бос белбеу босаңсыған сендей қыздар,
Айтыста әріптесін жырғатпаған.

Шабады жүйрік тойда, төгіп терін,
Байқатып байтақ елге ерліктерін.
Келе сала жырладың махаббат деп,
Сахнаға жігіт іздеп келіп пе едің?

Зоя:

Орыстың - орын алған ойып төрден,
Батыр қызы есімін маған берген.
«Жығылып жатып, күлесің сүрінгенге»,
Лениннің «ин»-ін саған берген.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз