Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мұхамеджан мен Тоқтамұрат айтысы

Мұхамеджан, Тоқтамұрат Жомартұлы · 2 мин оқу

Мұхамеджан:

Ассалаумағалайкүм, нағашы аға,
Жиналды міне, халық тамашаға.
Ежелден амандасу әдептілік,
Аман ба, жеңешем мен бала-шаға?

Алдыңа келіп қалдым өлеңдетіп,
Айтыс десе қашанда келем жетіп.
Ақын емес өзіңдей аты шыққан,
Жүрген ғой жаңа-жаңа талап етіп.

Тары сияр деген бар қауызына,
Ән сыналар әдемі пауызынан.
Арыстанның егерде түсіп кетсем,
Қайтіп шығар екенмін ауызынан.

Тоқтамұрат:

Бас түгел, малым аман, деніміз сау,
Үзілмес, құтқармас та нақ құрған ау.
Түсесің арыстанның неге аузына,
Түктен түк жоқ, ой, жиен, бауырым-ау?

Деген бар: «Ақыл жастан, болат тастан»,
Ар болар арыстаннан тұра қашқан.
Арыстанға шапқан жан мерт болады,
Сақтанғаның дұрыс қой әуел бастан.

Мал көздеуге ыңғайлы биік қырат,
Қорықпаған қобалжымай қарсы тұрад.
Ол рас, нағышыңмын, шешең Төлек,
Әйгілі алдыңда отыр Тоқтамұрат.

Мұхамеджан:

Ағытсам арнасынан тиегімді,
Көтермен көпіріп мен иегімді.
Танимын айтпасаң да ашық екі,
Кім ед деп сұрағам жоқ сүйегіңді.

Сондайлық отырғам жоқ толқып ойда,
Тұрғанда кімнен қорқам жаным бойда.
Мерт болып мертіккеннен сақтар Алла,
«Алыс та атаңды жық» деген қайда.

Жақсыға жақын жүрем селбесуге,
Бармаймын, сыйлап өтем, сен десуге.
Ар мен намыс, атақтан айырылмай,
Дайын тұрам шегінбей белдесуге.

Тоқтамұрат:

Апыр-ау, бар сияқты тіліңде шоқ,
Отырсың маған атып сөзбенен оқ.
Мен-дағы оңай емес, білесің ғой,
«Ысқырып атқан киіктің обалы жоқ».

Мұхамеджан:

Өзіңді ардақтаймын, аялаймын,
Қысылсам бір өзіңе саялаймын.
«Асыққан аң - ажалға» деуші еді ғой,
Қарсы келген ақынды аямаймын.

Тоқтамұрат:

Күміс пен алтындаттым, мен, қынымды,
Шамданбай қарсы алғайсың бұл сынымды.
Бір келіншек жеңдім дейд кеше сені,
Айтшы іркілмей өзіме нақ шынынды?

Мұхамеджан:

Араны жақындатар барыс-келіс,
Адамға дәнекер ғой алыс-беріс.
«Жүйрікке де бір томар» деген сөз бар,
Сын емес, мұның, айтшы, несі теріс.

Сөзіңе қыран-күлкі мына жиын.
Осы ма маған тартқан «сын» деп сыйың?
Кәрі кемпірден жеңіліп отырсыз ғой.
Айтшы Тоқа, болып па содан қиын?

Демеймін анықтап ұқ жанның бәрі.
Айтып жүр ой мен қырда ұлы кәрі.
Милицияң не жұмыс тындыруда.
Көбейіп кетті биыл ұры-қары?

Тоқтамұрат:

Мұндай сұрау койғаның әттегене,
Алданатын баласың жоқ немеге.
Өз мекенің, өзіңнің туған жерің,
Ұрылар Ұланқұсын, Көктөбеде.

Міне, бүгін қарашы ұлы жиын,
Беріп жатыр оларға заң да сыйын.
Менің ағам, өзіңнің жерлестерің,
Екеуімізден басқа кім салад тиым.

Мұхамеджан:

Ол рас жымсымалар өңкей қырыс,
Араммен тапқан пайда болмас ырыс.
Расында басқаға біз не дейміз,
Сырыңды да шыныңды айттың дұрыс.

Тоқтамұрат:

Бауырым, осыменен сөзім тынар,
Жан болса, Алла риза, сөзіңді ұғар.
Сағат болды деп жатыр төрешілер,
Аман жүр, болған дұрыс айтысқұмар.

Мұхамеджан:

Айтар бар ед азырақ елге жайып,
Айтқанға естігендер бермес айып.
Артық-ауыс айтылса кешірім ет,
Көңіліңе ауыр алып, етпей ғайып.

Ақынның кезігіппін тарланына,
Тарлан емес нақ көкжал арланына.
Атақтымен айтыссам деп жүруші ем,
Бүгін жеттім, ағайын, арманыма.

Қолдады бүгін әйтеуір он екі Абақ,
Тоқаң жәйін, ойласаң, мен бір шабақ.
Атақтымен айтысу дұрыс екен,
Бірталай мен Тоқаңнан алдым сабақ.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз