Қатимолда мен Мекембай айтысы (2-бөлім)
Қатимолда Бердіғалиев, Мекембай Омаров · 2 мин оқу
Налып тұрмын елдегі бар жаныңа,
Серік болсын қашан да ар жаныңа.
Қарашығанақ байлығы кетіп жатыр,
Дәл бүгін шекараның ар жағына.
Қатимолда:
«Қалай, - деп бүгін аға, - Шығанағың?»
Жөн болды менен енді сұрағаның.
Жүрген бір көңілімде гүл-гүл ойды,
Жүректен атқылатып шығарамын.
Газ, мұнай ол арадан алып жатыр,
Қайдағы Россия... қанып жатыр.
Улы газ ауа бұзып, жер бүлдіріп,
Айдала мен байғұсқа қалып жатыр.
Демеймін осыменен тынды бағы,
Түйіні алда жатыр сырдың әлі.
Мен айтқан жаңағы улы газыңыздың,
Мың адам өлтіреді бір грамы.
Қалайша мұны айтып қызынбалық,
Жайықтың мұнайы мен қызыл балық.
Қол қусырып жұртқа беріп отыратын,
Не деген көзсіз мырза біздің халық!
Осындай жайларым бар толғанатын,
Ел болып, қазақ болып қолға алатын.
Жерімнің өз байлығын елім үшін,
Дүние-ай, күн туар ма қолданатын?!
Мекембай:
Айтыста осындайда тайқып қалам,
Жөнді-жөнсіз сөздерді айтып қалам.
Семейді айтпа дейді ағаларым,
Оны айтпай еліме қайтіп барам?
Сөзіңе, Қатимолда, сенейін бе?
Ағаңнан үстем болсын мерейің де.
Бір емес, екі емес, жүздеп осы
Бомбалар жарылады Семейіңде.
Халықпыз бірден алқа тағынбаған,
Қай қазақ туған жерге табынбаған?
Қарауыл деп айтады Абай елін,
Қарауылға бір қарауыл табылмаған!
Абыралы емес қой жалғыз қайғы,
Абыралыны ойласам, жан мұздайды,
Басқалар бомба түгіл, өз елінде
Шіріген жаңғақты да жарғызбайды.
Сөздерім менің осы рас емес пе?
Бомба жарған бар қазаққа қас емес пе?
Абайымның басында бомба жарды,
Абай басы – халқымның басы емес пе?
Қатимолда, ұқсайсың оты барға,
Жаман ағаң алда мәңгі отырар ма?
Семейім бүгін осы айналыпты,
Жиырмасыншы ғасырдағы Отырарға!
Қатимолда:
Аңсаған әділетті қайран Абай,
Қазақтың мәселесін қойған Абай.
Көз жұмғанша тым болмаса сүйегіңді,
Жарылыс тыншытпады, қайран баба-ай!
Демеймін мен де сұрап: «Бәрі жаман»,
Жеткенде жақсылықтың дәмі маған...
Жоғалтып көптен бері алып жүрген,
Бұл күнде ана тілдің дәмін алам.
Ортақпын көрелік деп тіл ашқаның,
Көремін деп тіл ашқаның, гүл ашқаның.
Оралда біз балалар үйінен кеп
Ашқанбыз қазақша бір кластарын.
Аштық біз ана тілді сақтайық деп,
Қатені бұрын кеткен ақтайық деп.
Қағылған ата-анадан сәбилерді,
Енді біз ана тілден қақпайық тек.
Келіппіз, уақыт бітті, тұра қал да,
Әлде де кездесерміз бірақ алда.
Сәлем айт, ауылыңа, бауырыңа.
Сәлем айт, тақиялы құдаларға.
Мекембай:
Жігітте болу керек ерік-жігер,
Қатимолда, інімсің көріп жүрер.
Ағалар да ініден бата алсын,
Тұсау кесіп, батаңды беріп жібер.
Ұстазымдай мен саған тиіспейін,
Ініні құрмет ету тиіс дейін.
Жарқыраған бақытты маңдайыңнан,
Қазағымның маңдайы деп иіскейін.
Қатимолда:
Әніңмен келтір шырқап ұрпақ қамын,
Мәз болып, айтып жүрсін ұрпақтарың.
Көрелік Мекембайдай ағамыздың,
Әлі де биік-биік шырқатқанын.
1989 жыл.