Шәкер мен Сүйеніш айтысы
Шәкер, Сүйеніш Жеңісбайұлы · 2 мин оқу
Шәкер:
Армысың, сәлем саған, ақын қайын,
Білесің, сен де қайын, жеңге жайын.
Ал, кәне, тойға арнап шырқап салшы,
Тотыдай тамылжытып сөздің майын.
Тасытып тау суындай ағыныңды,
Үдетіп жай оғындай жалыныңды.
Кемпір деп кербез қайным кердеңдеме,
Қайтерсің Алла жазған салымыңды.
Сүйеніш:
Шындық та шыр айланып бір келеді,
Қыздармен жалпақ әлем гүлденеді.
Айтысқа жарып шыққан тарлан жеңгем,
Қайтеміз «Құдай салса құл көнеді».
Шәкер:
Көрейін бұл қайнымды сөзбен түртіп,
Қайтемін мұндай жерде сөзімді іркіп.
Кәрі деп бізді неге жақтырмайсың,
Қыздарың келмей жүр ме, бізден үркіп?
Сүйеніш:
Қызғанып бұлар өстіп қарысады,
Қыздардан бұрын келіп жабысады.
Төбедей келіншектерді көргеннен соң,
Бикештер бізге қалай танысады?
Шәкер:
Ұрпаққа үлгі болар із болғанбыз,
Жүрегіне жігіттердің сыз болғанбыз.
Қайным-ау, құтырынып елемейсің.
Кезінде біз де өрімтал қыз болғанбыз.
Сүйеніш:
Жеңеше, орнамасын мұң көзіңе,
Түйіндеп ой айтайын бір өзіңе.
Қайныңның қалжыңына төзе білсең,
Оралтам онбестегі қыз кезіңді.
Шәкер:
Желігі онбес жастың өткен шығар,
Ол күн де сағым болып кеткен шығар.
Жәнібек онбесінде жауға шапқан,
Жастықты қояр кезің жеткен шығар.
Көшінен жамандықтың жиреніп қал,
Жеңгеңнен жақсы өнеге үйреніп қал.
Нарықтық экономика кезеңінде,
Бикештер қымбаттамай үйленіп қал.
Сүйеніш:
Алтайдың суы шәрбат, даласы нар,
Қазақтың көркі - өлең, батасы - бал.
Ары арзан арулардан Алла сақта,
Қашанда қымбат заттың сапасы бар.
Бойдақ боп жүрсек Алла кешіре ме?
Онымен тағдырымыз шешіле ме?
Жеңеше қыз қымбаттап қайда барад,
Болмаса алмаймыз ба несиеге.
Танысқан жаны тәтті арулар көп,
Шын сүйген жар етермін біреуін тек.
Ертең-ақ үй болармыз бүйтіп жүрмей,
Дариға-ай, жастық дәурен жалғыз рет.
Шәкер:
Жігітке жарасады жөнді білген,
Жас өмір кем болмайды қызыл гүлден.
Бір күні бір қыз да жоқ, қалып қалма,
Қайынжан балалықты қимай жүрген.
Құр қалып талай тойда опық жеген,
«Түйе сеніп жылдан құр қалды» деген.
Бірақ та несие алып қарызданба,
Ақкөлден бір бикешті тауып берем.
Сүйеніш:
Береген болып кеттің, бұлданбай-ақ,
Қолыңда қыз талоны тұрғандай-ақ.
Ойда жоқта «мен тауып берем» дейсің,
Қыздардан компания құрғандай-ақ.
Жаман сөз қызық сөздің қазасы ғой,
Қыз таппаған жігіттің жазасы ғой.
Қыз табылса Ақкөлден табылады,
Өйткені «Жалғастыру базасы» ғой.
1994 жыл.