Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мекембай мен Құлмахан айтысы

Мекембай Омаров, Құлмахан Дүйсенов · 3 мин оқу

Мекембай:

Аулақпыз біздер, інім, қыңыр ойдан,
Жеріміз жоқ сірәда қыңырайған.
Ташкенттің қасиетті бар халқына
Сәлемді ала келдім Қыбырайдан.

Көңілде өзбек-қазақ дос тұрады,
Шырқалсын сол себептен достық әні.
Алдыңа тағы да бір келіп отыр,
Киелі Қыбырайдың қос қыраны.

Көңілді жамандыққа бұрмағансың,
Бұл айтыс бір саған сын, бір маған сын.
Милиция болсаң-дағы, заңды бұзып
Бір қызын Жалайырдың ұрлағансың.
Ескі жылда ағаңа бір кезікпей,
Жыл басында жолыққан Құлмахансың.

Құлмахан:

Аспаным ашық болсын төбемдегі,
Төгілер көмейімнен өлең кені!
Шыққанда ағамызбен айтысуға,
Мен оған түсірмеймін көлеңкені.

Ініңіз енді былай жырласын да,
Өлең болды сыйласым, сырласым да.
Ағатай, сірә осы айып боп па
Жолымыз тоғысса кеп жыл басында?

Ініңе тағы біраз еркелеші,
Көрінер биіктерден ел төресі.
Оу, Мәке, ә дегеннен сұрау бердің,
«Жоқ деген жақсылықтың ерте-кеші».

Деп айттың: «Жалайырдан ұрлағансың»,
Үлкенді сыйлап өскен ұлы ағамсың.
Кезінде әпшелерге қолың жетпей,
Қыздарынан қыпшақтың құр қалғансың.

Мекембай:

Келгенмен мың мәрте бұл ән арнағым,
Менің де жүрегімде бар арманым.
Қасында милиция боп сен жүргеннен соң,
Әпшеңе мен жақындап бара алмадым.

Бір аққу Қыбырайдың жонында ұшпақ,
Жүремін жақсылықтың жолын нұсқап,
Сен егер шеттеу тұрсаң өзің біліп,
Әпшеңнің кетпес пе ем қолын ұстап?..

Елдікке бет бұрады ер кемесі,
Дедің ғой бұл ағаңа еркелеші.
Туларын Түркістанның тік көтеріп,
Келеді ел ағасы, ел Кеңесі.

Айтылмай ақындарда сөз қала ма?
Көзімді тастап тұрмын өз далама.
Халықты болашаққа бастайтұғын,
Бірліктен артық сірә сөз бола ма?

Қалың ел жақсылықты алды бетке,
Бізде сом, теңге бопты арғы бетте.
Сонда да достығымыз бұзылмайды,
Адамзат қу тірлікке мәңгі кеп пе?

Құлмахан:

Ағамсың сұм баладай – ұры ғана,
Құдайдың түсті бізге нұры, қара.
Байлығың – байлық емес, бірлік – байлық,
Сол бірлік керек кіші, ұлыға да.

Кейде сен де Тамды мен Арал астың,
Білек талмай жақсымен араластың.
Әр түннің де күні бар шығатұғын,
Бөзін емес, сөзін ал бар Алаштың.

Қызыл күнің Тойтөбе тұстан аунап,
Ташкенімнен жүрсін де дұшпан аулақ.
Бірақ менің, ағатай, бір таңым бар,
Бүркіттер неліктен жүр тышқан аулап?

Мекембай:

Күн де шықты аспанды бұлт торлаған соң,
Мен не дейін, сақшы солай толғаған соң.
Қайтсін бүркіт, жүрген де тышқан қуып
Жемсауы ыңқ-ыңқ етіп толмаған соң.

Құлеке, мұны қалай пікірледің,
Сезгем жоқ басқадайын пікір лебін.
Айдынында жүзіп жүр аққу-қазың,
Соларға шүйліккен жоқ, шүкір дегін.

Көпіршіген ішіп ап жатып іркіт,
Қалықтаған шағында атып үркіт.
«Салса баптап бұл өзі не алмайды»
Не десек те, бүркіттің аты – бүркіт.

Буыменен жасайтын тек даланың,
Қыбырлайық мақтайды текті адамын.
Дүниеге биіктен көз тастайтын,
Бүркіттердің бірісің деп қаламын.

Құлмахан:

Ау, ағатай, етіп бұл тілің тақ-тақ,
Емессің бе мақтаудың гүлін тақпақ?
Тым майдалап, мақтамен бауыздап сап,
Болғансың-ау сақшының тілін таппақ?

Мекембай:

Інім-ау, ісінбейік бұқтырмадай,
Жан дейсің бе отырған ықтырмада-ай.
Майы тамған сөзімді әлгіндегі,
Бұлаңы бар пара деп ұқтың қалай?

Құлмахан:

Алты Алаш абайлап ағалаған,
Адамшылық адаспай сағалаған.
Сыр тұнған сыртың қалып, іштей мені
Қалжыңмен сен шығарсың сабалаған?

Мекембай:

Ақтығына таң қалып талай қардың,
Ақ жүзіңнен сенің де арайландым.
«Қамшымен сабалаған» дегенің не,
Ондай озбыр ойларға қалай бардың?

Ай-маңдайды адалға сүйгіз деймін,
Кілем болсаң, мен әлі киіздеймін.
Дәл сендей арғымақтың сауырына
Қамшы түгіл, тамшы да тигізбеймін.
1993 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз