Сүйеніш пен Амангүл айтысы
Сүйеніш Жеңісбайұлы, Амангүл · 1 мин оқу
Сүйеніш:
Армысың аман-есен, Амангүлім,
Жолықтым сәтті күні, саған, бүгін.
Жұмыр жер шыр айналып кетсе дағы,
Амангүл, маған керек амандығың.
Амангүл:
Менің де тек өзіңсіз қараң күнім,
Тілейсің Амангүлдің амандығын.
Танысып тату-тәтті жүрген кезде,
Сүйеніш, ала алмаған жамандығың.
Сүйеніш:
Таусылмас ғашықтардың армандары,
Естайды қорсынбаған Қорлан дағы.
Қосылмай қалған кезде Абайға да,
«Жамандығың» демепті Тоғжан дағы.
Амангүл:
Мағынасыз ойлармен сөз бүлінген,
Көркіме, сұлу еді, көз сүрінген.
Жасырмаймын, жаныммен сүйіп едім,
Сүйеніш, ала алмадың өздігіңнен.
Сүйеніш:
Амангүл, еске салдың тосын жайды,
Ойласам қапаланам осындайды.
Зерделі, зейінің бар қыз едің ғой,
Әлемде шын ғашықтар қосылмайды.
Амангүл:
Тұлғаң бар Бес Боғданың қыранындай,
Сөздерің жаз жайлаудың бұлағындай.
Сүйеніш, жүзің жылы жігіт едің,
Шырайың шыққан күннің шуағындай.
Жігітсің қиғаш қасты, қыран мұртты,
Айғайың батырлардың ұранындай.
Кең маңдай, самайдағы қос құлағың,
Үсіп кеткен жылқының құмағындай.
Жоғалтпай хаттарыңды сақтап жүрмін,
Киелі бабалардың тұмарындай.
Сүйеніш:
Абайдың, сүйкімдісің, Тоғжанындай,
Ақ жүзің – айдың толық толғанындай.
Төгілген тірсегіңе сүмбіл шашың,
Сыңғырлы Сырғалының орманындай.
Дидарың – атқан таңның алауындай,
Көйлегің – батырлардың жалауындай.
«Келші» деп екі жеңің желбірейді,
Жүйріктің, шауып келген, танауындай.
Бетің – сары, көзің көк, ернің – қызыл,
Буянтының түрлі түсті бояуындай.
Амангүл, мен де сені мақтайын ба-ай?
Бойың тік – самырсынның тақтайындай.
Балтырың да балпиып тұрған шығар,
Алтанцөгц жеріндегі ақ қайыңдай.
Өлеңмен талай міндет өтеліпті,
Сезімге болайықшы өте мықты.
«Сал құла» деп Көкей қыз күй шерткенде,
«Кербез қыз» деп сал жігіт көтеріпті.
Амангүл:
Жібектей сөздеріңнен жақұт табам,
Кінәлау мүмкін емес - уақытты, адам.
Өзіңдей ақындарға жыр болу да,
Өмірде нағыз қымбат бақыт, маған.