Кәмей мен Сақаба айтысы (1-бөлім)
Кәмей, Сақаба Құдакелдіұлы · 2 мин оқу
Кәмей:
Өлгейден, ақын Сақа, келдің бе, аман?
Алдыңда кібіртіктер тілім шабан.
Сайысып бүгін біраз байқастайын,
Асылды өздеріңдей қайдан табам.
Сақаба:
Армысың бұлбұл құсы – Цамбагарав,
Жасыңнан ақын болдың өлең дарып.
Өзіңдей дүлдүл тусын ұрпағыңнан,
Айтыскер сөз зергері үлгіңді алып.
Жүрмісің өзің де аман қызыл гүлім,
Алдымда сайрап тұрған жыр-бұлбұлым.
Өзің біл неғылсаң да, тәуекел деп,
Алдыңа келіп қалдым, сенің, бүгін.
Арт маған аямастан шамаң келсе,
Орнымнан тұрмастай ғып сөздің жүгін.
Өз мінін өзі білмес екі даугер,
Таниды тындаған ел кімнің кімін.
Ақынның бүгін сенсің данасы да,
Өсірген ұрпақтардың анасы да.
Өзімді ұқсатайын Біржан салға,
Жолықпақ Баяннуурдың Сарасына.
Күн санап көркеюде мынау қала,
Бір кезде бұл жер еді құба дала.
Ал, кәне, шамаң келсе айқасып көр,
Алдыңа келіп қалды бір «бозбала».
Кәмей:
Ендеше, қасқая кеп мен сөйлейін,
Басыңды ешбір жанға теңгермейін.
Жаспын деп іздеп кепсің, шал да болсаң,
Өзіңді жас жігіттен кем көрмейін.
Жиылған бүгін мұнда қалың адам.
«Берме, - деп, намысыңды» отыр, маған.
Мен сені шал екен деп қомсынғанмен.
Жігітін Өлгейіңнің қайдан табам.
Сақаба:
Қазира ақын болды үлгімді алған,
Жерім жоқ алға шықпай артта қалған.
Жүрегің, шашым көріп, айнымасын,
Ақ емес, самайыма шоқа тамған.
Жастық шақ түспес енді қолымызға,
Қосылмас қыс пен жаздай жолымыз да.
Екі шал «бозбала» боп сөз бастайық,
Маңдайға тағдыр жазған «сорымыз» да.
Кәмей:
Келдің бе есен-аман, екі-ай шалым,
Белгілі болып қалды шалдар халің.
Саусылдап есе бермей, жастарға жол,
Өздерің ұша берсең жүрмес балың.
Келгенде қара өлеңге көпірмедім,
Айтысқа ысылып мен жетілмедім.
Қазира аты әйгілі ақын болды,
Өлгейден өзге жасты өсірмедің.
Сақаба:
Айтысқа келіп отыр екі шалың,
Екеуі «лаулап тұрған қызыл жалын».
Алдына кім келсе де қайтпайды екен,
Кеудеде тулап тұрған құрғыр дарын.
Мұндайда шаршамайды тіл менен жақ,
Айтыстан қайтқан емес, сірә да бақ.
Өлгейде дүлдүл ақын бар-ақ еді,
Бұл жолы келе алмады «босанып қап».
Кәмей:
Уақыт ұзақ емес, аз-ақ екен,
Сөз табу аз уақытта азап екен.
Япырмау, «ақын еркек босанғаны»,
Тарихта естілмеген ғажап екен.
Артыңнан ерген, кәне, бар асылың,
Ақыны жоқ па Өлгей қаласының?
Босанып үйде қалған Тоқтамұрат,
Болсын де «Бауы берік баласының!».
Сақаба:
Өлгийді араладың, Кәмей, қашан?
Өзіңді бүйте берсең сөзбен басам.
Үйіңнен шықпаған соң не білесің,
Топ жарған Тоқтаған мен ақын Машан.
Кәмей:
Ентелеп елге кезек бермей жүрсің,
Ізбасар шын жүйрікті көрмей жүрсің.
Көп болса Өлгейде ақын, жалғыз ұшпай,
Соларды ертіп неге келмей жүрсің?
Сақаба:
Ақын бар ел ішінде талай мықты,
Бұл Кәмей неге маған тілін сұқты?
Жатылған жорға емес көп айтысып,
Екеуі топ алдына биыл шықты.
Кәмей:
Қалаңа, жолым түсіп талай барғам,
Пұлыма өндірістен етік алғам.
Көз алдап бос желімдеп сірі өкшесін,
Балалар он күн кимей түсіп қалған.