Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қатимолда мен Мекембай айтысы (1-бөлім)

Қатимолда Бердіғалиев, Мекембай Омаров · 2 мин оқу

Қатимолда:

Ассалаумағалейкүм, қалың елім,
Өзіңе Наурыздан-ақ мәлім едім.
Азғантай өнерімнің арқасында,
Жата алмай үйде қарап, тағы келдім.

Үнім бар дауысындай Қарагердің,
Әніне Мұхит бабам сала келдім.
Құрманғазы, Сырымдардай ұрпағы бар
Сәлемін Ақ Жайықтың ала келдім.

Келіп қалған қонақ болып мекен-жайға,
Мінезі мақтадан да бетер майда.
Өнерді шетте жүріп тастамаған,
Бір сәлем абзал аға Мекембайға.

Аман ба, Мекем аға, ауылдарың,
Аман ба, үйде қалған бауырларым?
Қыз алысып, қыз беріп көрші отырған
Аман ба, Өзбекстан – қалың қауым?

Мекембай:

Мәрт болсаң, халқым, енді алаңға шық,
Барады көз алдымнан заман қашып.
Қатеке, алдыңдағы халқымызбен
Мен-дағы алайынша амандасып.

Отыр ғой Алатаудың халқы мына,
Бір сөзді таярсың-ау алқымына.
Бір сәлемді мен-дағы ала келдім,
Оралдың «самородный» алтынына.

Мың сәлем Алатаудай асқарына,
Ел куә белестерден асқанына.
Мың бомба өлім тілеп шыққанынша,
Бір жұлдыз шықсын да бұл аспаныңа.

Қатимолда:

Ал енді Мекембайдай ұшқыр ағам,
Болсын деп шалқар шабыт ұшты ғалам.
«Қош келдің ауылыма!» деймін сізге,
Тілеймін өзіңізге құтты қадам.

Айналған ел арына Төле би де,
Білеміз біз жақсыны көре кейде.
Тәшкенде бейіті бар бір бабамның –
Не қамқорлық боп жатыр Төле биге?

Мекембай:

Төле би – халқымыздың жапырағы,
Надандықты көргенде аһ ұрады.
Тәшкеннің ортасында жатқан бабам,
Бәрімізді бірлікке шақырады.

Қатимолда:

Айтып ем мен де соны көздеп, ағам,
Демеп ем ұятқа қалам, сөзге қалам.
Халқыма қиын кезде қамқор болған,
Әрқашан мың жасасын өзбек ағам.

Тиіп жүр құдалардың көп сауабы,
Ауып жүр біздің жаққа көп назары.
Еңбеккер құдалардың арқасында
Жайнап тұр Алматының көк базары.

Мекембай:

Жаман болсаң қасыңнан ел кетеді,
Жақсы адам адаммен ер жетеді.
Қатеке, қапа болма, сол жемісті
Өзіміз пісіріп жесек, нем кетеді?

Мен-дағы жақсы, көрем бұлағымды,
Туған жерде желкілдер құрағымды.
Қадір тұтар сен-дағы інімсің ғой.
Берейін, Қатимолда, сұрағымды.

Көзіңді жасқа бұлап, сорлатасың,
Айтқызбауға тағы да зарлатасың.
Махамбеттің ешкімге жаттығы жоқ,
Ескерткішті қашан сен орнатасың?

Қатимолда:

Жатыр ғой ескерусіз бабам неше,
Көп емес бір-бір ескерткіш сала берсе.
Атына Махамбеттің ескерткіш пен
Болады Гурьевтей қала берсе.

Шамданып, аға, сізді мақтағанға,
Болады сірә сізді баптағанда.
Көк базар дегеніме намыс етпе,
Көршілер бірін-бірі жоқтаған ба?
Өлеңнің біздер, аға, бұлағамыз,
Қоя бер болса егер сұрағыңыз.

Мекембай:

Халықпыз бір-бірімізді айға балар,
Надандық біздерде де пайда болар.
Оралыңның байлығы, Қатимолда,
Айтып берші, бүгінде қайда барар?

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз