Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Анарқұл мен Тәушен айтысы (1-бөлім)

Анарқұл Құлманов, Тәушен Әбуова · 2 мин оқу

Анарқұл:

Кеп қалдым Алатаудың саласына,
Айттым мен баз адамның баласына...
«Қос тұлпар айтыссын» деп айтқан шығар,
Тәушенді қосып қойып арасына.
Бұл-дағы ата тұлпар шауып жүрген,
Көрмесем де келетін шамасына.
Жасында қыдыр көрген адам екен,
Қалмайын шертпе сөздің жаласына.

Кешігіп қиялатам мен де сондай,
Шайтанға берілмейік болып ондай.
Ал, Тәушен, бес-алты ауыз сөз сөйлесе,
Кезі жоқ қайтатұғын көңіл толмай.

Ақиқатты көрмейтін батыр болсаң,
Атақты ел билеген ақын болсаң.
Жетпіс алты – қасыңда атаң отыр,
Болмайды, сірә, айып жақындасаң.

Тәушен:

Алдыңа тағы келдім туған халқым,
Көрген сайын сіздерді жүзім жарқын.
Үлкен аға, тұсыма келіп қапсың,
Үлкен сыйлау – о бастан ата салтым.
Осы отырған бауырлар, көрермендер,
Таразыға салыңдар сөздің парқын.

Халық болмай о бастан хан болмайды,
Сіздер болмай сөзімді кім тыңдайды?
«Тыңдаушысыз сөз жетім» деген де бар,
Тыңдалмаса өлеңде мән болмайды.
Есендесіп алайын алдыменен,
Санаспасам халқыммен жөн болмайды.

Деп айтам үлкендерді ағаларым,
Айрықша, орның оқшау бағаларың.
Туысқан деп тұсыма келіп қалсаң.
Өз ағам деп өзіңді санағамын.

Ағалар, көрдің талай ғазабаттар,
Кетпейтіндей көңілде жарақат бар.
Азамат соғысының ардагері –
Жеңіс туын көтерген азамат бар.

Бір заманда өкіріп құлағымыз,
Бейбіт күнді осындай сұрағамыз.
Ағалар, сіздер жүргенде қан майданда,
Бір жапырақ нан таппай жылағамыз.

Арқаңызда, ағалар, дәуірледік,
Тәтті өмірдің тамаша дәмін көрдік.
Қайта құру, наурызбен айтыс салып,
Салтанатын, өмірдің сәнін көрдік.
Көркемдеуге, амал не, тіл жетпейді,
Ата-бабам көрмеген бәрін көрдік.

«Өнер алды – қызыл тіл» – өнер тапқан,
Қызыл тілмен көркем сөз өлең тапқан.
Ақындармен осындай айтысатын,
Қасиетті нәрсе жоқ тіл мен жақтан,
Шықпай жатып ағатай, ұрыспайық,
Ойланайық, бұл жағын осы бастан.

Күш атасын қызыл тіл танытпайды,
Қарындасың өзіңді налытпайды.
Сөзіңіздің ішінде термесі көп,
Ақын болып осы елге жарытпайды.

Анарқұл:

Ал, Тәушен, тілің – қайың, ернің – қаймақ,
Отырмын әр сөзіңе басты шайқап.
Әттең-ай, жиырма бесте болғаныңда,
Көрер ең талай сөздің парқын ойлап.
Әттең-ай, жетпіс алты желкемізде,
Кәрілік шашты ағартып, келеді ойнап.
Қарасам, елу бесте сенің жасың,
Келдің ғой Өзбекстан тойын тойлап.

Жоғалтқан бұл жерлерде малым да жоқ,
Біреуден қорқатұғын сәнім де жоқ.
Жаңағы айтқан сөзің мағыналы,
Шырағым, тұйғынсың ғой ақылың тоқ.

Кәріні беттен алсаң жараспайды,
Жақсы адам бір-бірімен таласпайды.
Болғанда әйел – гауһар, еркек – ақыл,
Әйелдер түсінеді ненің барын!
Сол жерден есен-аман, сау келсін деп,
Тілектес тұрған шығар сүйген жарың.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз