Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Кәмей мен Сақаба айтысы (2-бөлім)

Кәмей, Сақаба Құдакелдіұлы · 2 мин оқу

Сапасыз өнім берер өндірісің,
Мойындап, өзің айтшы, ең дұрысын.
Саналы іс, сапалы өнім - басты мақсат,
Қолыңа ал біріктіріп білек күшін.

Сақаба:

Білмейсің размерін, тарды аласың.
«Тігістен жарылды» деп зар қағасың.
Алдың ғой басқа аймақ, өзге жерден,
Басқаның жаба берме бар жаласын.

Шырағым, жамандама ұйымымды,
Берсең де қолдан санап тиыныңды.
Апарып, кім тіксе де, жөндетейін,
Қайтып бер, ақшаңды ал да, бұйымымды.

Күн кетті - мәсі киер көк кебіске,
Кемістік болмай қалмас біткен істе.
Картобың бірі үлкен, бірі кіші,
Байқашы, бес саусағың теп-тегіс пе?

Басқа ақын сендей қарсы келе алмайды,
Қазбалап кемістікті жеңе алмайды.
«Асын ішіп, қазанын шағушы» ме ең,
Дүкенің бөтелкені неге алмайды?

Кәмей:

Бармасақ жөн еді ғой бұл егеске,
Ақынның жүрген жері гүл емес пе?
Басшылық үлкен жерден болады ғой,
Алынбай Өлгейде де тұр емес пе?

Қарагер аяғынан шалдырмаса,
Ақсақал көңілімді қалдырмаса.
Сұмыным қайда апарар бөтелкені,
Комбинат керексіз деп алдырмаса?

Сақаба:

Бір тілек, халқым отыр, айт деп қалап,
Сен-дағы осы сөзге қойғын талап.
«Қанар мен бөтелкені алсын» деген,
Жуықта радио жариялап.

Қашанда үнемшілдік үлкен пайда,
Түйрелген қызыл тілім саған найза.
Ұранын партияның ұмыттың ба,
«Тамшыдан тонна үнемде» деген қайда?

Кәмей:

Ұсталған өз сөзіңнен өзі сорың,
Шоферсің тізгінде өтер еңбек жолың.
«Тамшыдан тонна үнемде» дедің және,
Бензиннің жинап алдың қанша қорын?
Ал, Сақа, өнер шыңға өрлет деймін,
Айтыспен алқа жұртты тербет деймін.
Үйретіп үлгі беріп, сөзге баулып,
Айтысқа жастар қолын сермет деймін.

Сақаба:

Сөз шықса кешіре гөр оғаш саяқ,
Жастардан жүргенім жоқ өнерді аяп.
Жиырмадай шәкіртім бар артыма ерген,
Бәрі де айтыс үшін қылған талап.

Қызыққа шат заманда жүрмін батып,
Ән салып жалпақ елдің дәмін татып.
Істейсің қандай жұмыс айтшы маған,
Босқа дау сайлаймысың үйде жатып.

Алдыма кеп отырған сен бір дана,
Еңбекте бала өсірген талай ана.
Отанға үлесің қос, еңбек сіңір,
Сөз сыбап, үйде жатып жаппай жала.

Кәмей:

Келгенде қара өлеңге көңілім дана,
Өсіріп үйде отырмын тамам бала.
Ананы бос отыр деп неге сөктің,
Өсірген сені-дағы емес пе, Ана?

Әдептен, Сақа, асып жаңылмай жүр,
Мен қашан жала жаптым, қағынбай жүр.
Жерімде өндіріс жоқ, адамы көп,
Орынды бір шаруа табылмай жүр.

Жатырмын өзім өскен мекенімде,
Мекенімнен алыстап кетемін бе?
Қарызым бар, естеріңде жүрсін әйтеу,
Сақаба мен Молдахан екеуіңде.

Сақаба:

Жан жолдасым, ұстазым қасымдағы,
Әдетім әйел сыйлар жасымдағы.
Жүрерсің өле-өлгенше есімізде,
Бір қиял өзің болып осындағы.

Адамдық ұмытпаймын парызымды,
Бұрын неге айтпадың арызыңды?
Екеуімізге шынымен жүктетсең, сен,
Өтейік өкінішсіз қарызыңды.

Айтайын біраз ақыл есіңе алсаң,
Табылар сауға еңбек қайда барсаң.
Ол-дағы Отаныңа қосқан үлес,
Қолыңа күрек алып егін салсаң.

Рахмет талабыңа бұлбұл құсым,
Көрмей өт бұл өмірдің ызғар қысын.
Сөзімде қате балса кешіріңдер,
Жиылып құлақ түрген үлкен-кішім.

Разымыз мұнда отырған барлық жанға,
Адастырды Кәмей мені біраз шаңға.
Бір кемпір келе ме деп көңілді отыр,
Орнымды мен берейін Молдаханға.
1986 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз