Тоқтамұрат пен Мүтәй айтысы
Тоқтамұрат Жомартұлы, Мүтәй · 3 мин оқу
Тоқтамұрат:
Ассалаумағалейкүм, аталарым,
Аман ба, астаналық апаларым.
Туған ел Бесбоғдадан бұл «Мұрагер»,
Кеп қалдық бес, алты адам боталарың.
Аман ба, айналайын аға-жеңгем,
Қазақпыз қайратына мықты сенген.
Ықылас шын жүйріктен барша қауым,
Алыңыз ыстық сәлем Мұрагерден.
Аман ба, айналайын ертеңгі ұрпақ,
Астанам саған келдім әнмен жырлап.
Қаны бір шашыраған қазағым-ай,
Қайда да шақырасың қолың бұлғап.
Аман ба, айналайын Мүтайым-ай,
Қарағым сыйына жүр құдайың-ай.
Баламдай мөлдіреген қыз екенсің,
Қимаймын мен тіріде уайымға-ай.
Қарағым-ай, аманбысың, қарындасым,
Басыңнан бақыт, дәулет арылмасын.
Алдыңда көпті көрген жаман ағаң,
Азырақ жетсе халі арындасын.
Сағынады туыстарды талып өзек,
Құлыным, ән шырқашы тілің безеп.
Гүл бітсін талабыңа, қарғатайым,
Ал сөйле, мен тоқтадым беріп кезек.
Мүтай:
Есен-аман жүрмісің, қандас туыс,
Берекең бір бізбен сырыңды ұғыс.
Дәстүр салтты жас ұрпақ ұғып алса,
Таусылмайтын қазына ол бір ырыс.
Қош келдіңіз қалаға «Мұрагерім»,
Ән мен күйге бөленді жүрген жерің.
Насихаттау жолымен келген туыс,
Астаналық халқыма сәлем дедің.
Есен аман жүрсіз бе, ақын аға?
Артық туған өнерден сіз бір дана.
Ат арытып алыстан келіп қапсыз,
Ауыл-аймақ, аман ба, бала-шаға?
Тоқтамұрат:
Қашанда қасиетті біздің қазақ,
Жасымас көрсе дағы қандай азап.
«Мұрагер» ата салтын насихаттап,
Қырандай көкке ұшып қанат жазады.
Аман сау келіп қалды «Мұрагерің»,
Өнері шабысындай Құлагердің.
Өлгейден біз мұңғылға тарадық қой,
Бәрі аман Баян-Өлгей туған елің.
Қарағым рахмет талабыңа,
Не деуге сөз табылмас қарағыма.
Дүлдүлдей сен әндетіп шықтың мұнда,
Өнермен суырылып арамызға.
Сарадай ақын болшы мына қызым,
Айтарым болсын қарғам жасың ұзын.
Әлде де аман жүріп шарықтай бер,
Өмірдің татып тәтті бал мен тұзын.
Мүтай:
Естіп жүрмін өнерден табысыңды,
Сарқымашы өнерден шабысыңды.
Естіп келдім шет елден жүлде алған,
Құттықтаймын, ағеке, табысыңды.
Кіші үлкенді сыйлаған халқым салты,
Сыйластықпен көркейер өмір нарқы.
Мұрагерден теңдесім келмеген соң,
Дәл отырмын мен бүгін көңіл олқы.
Кемітпеймін ағеке бір өзіңді.
Ақыл тұтам әр айтқан шын сөзіңді.
Ардақтайын әрқашан үлгі болған,
Халқым жырын толтырған бір өзіңді.
Тоқтамұрат:
Рақмет табысыма қуанғаның,
Мен-дағы ойыңызды құп алғанмын.
Өнер деп аузымды ашып халқым үшін,
Қайғырсам өлең айтып уанғанмын.
Қарағым мың бір алғыс көңіліңе,
Жамандық кез болмасын өміріңе.
Шақырдың ата салтын ұл мен қызды,
Шырағым жақсылыққа көндіруге.
Аттандық Бай Өлгейден бірнеше адам,
Айтайын мақсатымды қызым саған.
Ұлы дүз дүрбелеңге көшеміз деп,
Кей халық аттанғалы жатыр соған.
Жігіттің ірі шығар берген серті,
Қазақтың байқалмасын қайғы дерті.
Кім қайда көшетінін өзі шешер,
Айтарым көш байсалды болсын енді.
Қимаймын қатты айтуға саған күнім,
Бар болса сен де айтып қал ағаң мінін.
Жастарым шұбар тілмен кейде сөйлер,
Ұмытпасын қыз бен ұлым ана тілін.
Мүтай:
Алдыңда бір ағеке сыр айтамын,
Жалған емес өмірді шын айтамын.
Көшу жайы халқымда кеңес боп жүр,
Көп алдында жасырып мен қайтейін.
Сын айтасыз ағеке қалай, қалай,
Ойламай мен жүргем жоқ бұны солай.
Үлкендердің сөзін сіз ұмытыпсыз,
Елің қалай болғанда бөркің солай.
Қарсы алайық бұл сынды ау, халайық,
Құлағың сал жиналған көп халайық.
Ана тілге баланы үйретуді,
Дәл қазірден ата-ана қолға алайық.
Көшіп жатыр кей жандар қопарылып,
Жұрты қалды ортада опарылып.
Өкіметтен қазаққа көш деген жоқ,
Көпшілігі отыр ғой соны ұғып.
Тоқтамұрат:
Рақмет, айналайын бауырым-ай,
Айтарым аман болсын ауылың-ай.
Отбасың, ошақ қасың түгел болсын,
Кезікпе сен өмірдің ауырына-ай.
Қазіргі төңкеріс қой осы заман,
Өз ойын іске асырмақ әрбір адам.
Осымен уақытша сау бол жұртым,
Жүріңдер топырақтан бәрің де аман.
Мүтай:
Қош болғайсыз Мұрагер, ақын ағам,
Барлығыңа тілейін сәтті қадам.
Халқым салтын әнменен насихаттап,
Сауық сайран құрғайсың бәрің де аман.
1991 жыл.