Анарқұл мен Тәушен айтысы (3-бөлім)
Анарқұл Құлманов, Тәушен Әбуова · 2 мин оқу
Ақыры бізді тастап «Алатауға»,
Отырдың «Жетісуда» тойды бастап.
Мейманды келген адам күтіп алса,
Мейманға ешнәрсе емес көңіл ашпақ.
Басында біліп едім сілтеріңді,
Әркім-ақ айта берер білгенімді.
Ел сенікі болғанда, өр менікі,
Дегенде халық кімдікі, жұрт сенікі,
Жұлынбағын шырағым,
Айтайын сөздің таласын.
Дүниеден артса жақсы адам,
Қылады медеу баласын.
Ұстынсыз Алла жаратқан,
Аспан мен жердің арасын.
Әйелден тұйғын шыққанда,
Заманыңа қарашы.
Бәйге алғаның жүдә көп,
Білемін сөздің шаласын.
«Неғып келдің» дегенің,
Тырнады-ау ойдың жарасын.
Мырзашөлдің билеуге
Құқығың бар ма, баласын?
Келесі сөздің кезегі,
Ұшты ма сөздің бедері.
Біреуден терме жаттамай,
Анекеңнің өлеңі.
Өзіме өлең жарасқан,
Көрігенде бөдені.
Осы шалды құртам деп,
Ұқсай ма сөздің шебері.
Шеберге шебер қосылса,
Сөз келмей ме сәніне.
Ақылың болса теріп айт,
Әңгімені мәніне.
Кеше өткен Көпбайдың
Қарамадың сәніне.
Ізет қып оны тұрғанда
Биыл ада қылғанда
Елің жаман демейді
Неге ақыл келмейді?
Есі өткен салт-сана,
Біреу айып көрмейді...
Тай дегенде шабысың
Игілікті табысың.
Ақындарды жоқтасаң,
Абырой үшін табасың.
Өзіңді өзің сыйламай
Шешендік кімге жағасың?
Әй, Тәушен, тоқтай тұршы, ашуландың,
Бар шығар, әрекеті шыбын жанның.
Және де айта берсем толып жатыр,
Жақсы ма, жаман ба екен, қиялдандың.
Еліме аңсап барып сәлемдесіп,
Атажан деп барып, бір күні батамды алдың.
Сол үшін мені сыйлар деп ойлап ем,
Келген замат ауырлық, жыртып алдың.
Көнбеймін ондай сөздің жанабына,
Сөйлегін және алдыңа қарағын да.
Мен жүрген пипаластың адамы емес,
Өзіңдей сүйенемін шырағыма.
Жаңа сөз жарқылдаған жалп етпейді,
Шетінде шығып тұрған құрағына.
Шырағым, жұрттың айтқан сөзі мақұл,
Кетпегін болмас сөздің ұранына!
Тәушен:
Рас, аға ауылыңа барып едім,
Шалым «бата ал», – деді, алып едім.
Сөйтіп тұрып тебеген тай дейсіз-ау,
Бұл сөзіңе ағатай, налып едім.
Қазақ тілін ақындар алмас қылып,
Ілгеріде өтіпті таң аттырып.
Солардың салып кеткен сара жолын,
Кетсек дейміз әйтеуір жалғастырып.
Айналайын, ағатай, қапа болма,
Орынсыз мына сөзді баса көрме.
Жақсы қария бар халықтың әкесіндей,
Есің болса беделді аша көрме.
Ағатай, қарап тұрсам әкемдейсіз,
Термеңізді жақсылап әсемдейсіз.
Ниетіңіз байқадым, ағатайым.
Ешкімге де абырой әпермейсіз.
Анарқұл:
Әй, Тәушен, рақмет, сабырыңа,
Әйелдің қаны бар ғой тамырыңда.
Ақиқат айтқан сөздің бәрі тура,
Халықтың құлақ салсам жабырына.
Бірінші жармаспадым жамбасыңа,
Билігім өлгенімше өз басыма.
Орнымнан енді, қалқам, мен тұрамын,
Халқымның риза болдым бағасына.
Ертеңгі күн аттанатын жөні келді,
Әр істің сайлайтұғын кезі келді.
Өткен соң мерзімінен екі минут,
Кемітіп тұрмаңыздар балдар енді,
Еліңе мен бір келген шешен едім,
Болыңдар енді аман-есен, елім!
1987 жыл.