Ұлбике, Жанкел және Күдері қожа айтысы (4-бөлім)
Ұлбике Жанкелдіқызы, Жанкел, Күдері қожа · 2 мин оқу
Күдері:
Қайтады саудагерлер құман алып,
Тәшкенге қатынайды жылда барып.
Ұлбике, ойымнан еш кетпедің ғой,
Сонда да ақыл-есім мұнда қалып.
Ұлбике:
Алдайсың Ұлбикенің жүзін көріп,
Сарғайтты кеткен жолың ұзын болып.
Тақсыр-ау, Ұлбикені ұмыттың ғой,
Арқаның ақ мамықтай қызын көріп.
Күдері:
Мен нағып сен сөйлесең, езілмеймін,
Арқада қыз жоқ екен өзіңдейін.
Әр елде беті тегіс толып жатыр,
Балқытар сөзі қайда өзіңдейін?
Ұлбике:
Арқадан тез келмедің барсаңыз да,
Есіңе Ұлбикені алсаңыз да.
Сылқымдық Сарыарқада бес жыл құрып,
Қожеке, қолың жетті қанша қызға?
Күдері:
Сылқымдық Сарыарқада қылып жүрдім,
Сол жерде қадіріңді біліп жүрдім.
Өлеңмен отыз қызға болдым таныс,
Кет десем, ұйқысырап, құры жүрдім.
Ұлбике:
Сылқымдық Сарыарқада қылып жүрдің,
Сол жерде қадірімді біліп жүрдің.
«Халық айтса, қалт айтпайды» деген сөз бар,
Басыңды неге өсекке іліндірдің?
Күдері:
Қылығын қыз баланың шырын білдім,
Қырғидай қармағыма іліндірдім.
Жазбасам тағатыма айыбым жоқ,
Дәтімнің қаттылығын жаңа білдім.
Ұлбике:
Әулие боп отырсың, тақсырым-ай,
Басыңнан күнәң кетті асқынып-ай.
Әдетің алаңдаған қайда кетті,
Қаратаудың қарны ашқан қасқырындай.
Күдері:
Ұлбике, сен сенбейсің қасқырыңа-ай,
Жалаңды құр отырсың жапсырып-ай.
Жанкелді аулың нағып ұстап отыр,
Сенің де әңгімең жүр асқынып-ай.
Ұлбике:
Қожеке, ыза болдым қылығыңа,
Сындырған әзіл сөздің сынығына.
Болмаса егер айтқаны өлең сөзбен,
Бұ кедейің келмейді жұлығыма.
Күдері:
Базарда пышақ тұрар қыныменен,
Келеді сатып алсаң пұлыменен.
Жел тұрса, шөптің басы қимылдайды,
Жанкелден сен саумысың шыныменен?
Ұлбике:
Мақтаныш жігіт халқы жігітке етер,
Кеппей, жайсыз мақтанған сыбыс етер.
Ит мінез жігіт халқы болады екен,
Иттерше жемес астан үміт етер.
Күдері:
Ұлбике, алданасың жалған жарға,
Не дейсің ақиретке алған жарға?
Жете алмай жүрген қолы біз алмасақ,
Жанкелдің қолы жетті, амал бар ма?
Ұлбике:
Қожеке, көңілім тура алған жарға,
Ешкімге пұрсатым жоқ алданарға.
Өтірік сөз көп айтып, көтеріп ап,
Қожа халқы өсекті қалжыңдар ма?
Күдері:
Ұлбике, көңілің бұрдың жалған жарға,
Ақиретте қиын дейді алдағанға.
Ауылың ұстап отыр бір Жанкелді,
Танатын бұл дәлелден айлаң бар ма?
Ұлбике:
Жанкел кеп жүруші еді қымыз ішіп,
Балалардан таяқ жеді еті қышып.
Әзіл сөз айтпайтындай болды маған,
Бүгін түн соры қайнап, қолға түсті.
Күдері:
Ауылдан шаңқай түсте аулаққа айдап,
Жаттыңдар Көкөзекте бір жай сайлап.
Жанкелдің өсегінен аман болсаң,
Байың неғып сабап жүр үш күн байлап?
Ұлбике:
Құранда «Құлағызу раббил фәлақ»,
Өсекті жапсырады бір зәнталақ.
Маңыма тұрмақ түгіл, жолаған жоқ,
Айтты екен өтірікті қандай қазақ?
Күдері:
Жанкелге өлең сөзден кеткен дарып,
Байлардай жүрмесе де малға жарып.
Бұл Жанкел уәде сөзбен қолға түскен,
Болмаса, жын ұрды ма түнде барып?
Ұлбике:
Ұлбике жүрген жолдан адаса ма,
Біздерге жала сөздер жанаса ма?
Қоймайсың, Жанкелді әкеп жапсыруды,
Жан беріп, түсесің бе арашаға?
«Күдерінің сөзі жала болса да, шынға айналып кетуі мүмкін, тоқтатыңдар айтысты», − деп, қариялар тыйым салыпты.