Ұлбике, Жанкел және Күдері қожа айтысы (2-бөлім)
Ұлбике Жанкелдіқызы, Жанкел, Күдері қожа · 2 мин оқу
Жанкел:
Қазаққа аты шыққан мәшһүріңмін,
Мен болдым саған ғашық жас күнімнен.
Көгенде сен бір жатқан бағлан қозы,
Аңдыған қараңғыда қасқырыңмын.
Ұлбике:
Жанкел, сен қасқыр болсаң, қабысарсың,
Қоймастан қозы көрсең, жабысарсың.
Ел келсе, сендей қасқыр ебін таппай,
Далада тасбақа жеп, қарысарсың.
Жанкел:
Жортамын көк бөрідей түн өткізбей,
Жақындат көңлің болса, тілеткізбей.
Құшақтап қу тіземді жата алмаймын,
Барасың құмарыма бір жеткізбей.
Ұлбике:
Қаңқылдап қара қарға жыл шықпаған,
Қу кедей, қай ісің бар қырсықпаған?
Жаныңда жасауылың бар ма, кедей,
Жаныңды қысы-жазы тыншытпаған?
Жанкел:
Ұры едім төмендегі жасауылға,
Кеп едім шығайын деп осы ауылға.
Жағамды жасауылдан бір босатсаң,
Жүрер ем ұмытпастан ден сауымда.
Ұлбике:
Сал Жанкел, қай ісіңмен теңгелгенсің,
Түрткен соң жасауылың жөнелгенсің.
Жігіттік қай адамның басында жоқ,
Ұятсыз, шыли өзің өлерменсің.
Жанкел:
Ойы жоқ оттап қайтар өлерменнің,
Түртпесе, жасауылым келер ме едім?
Ас ішер ауыл жақын деген, кәне,
Көзімнің бір көрмедің телміргенін.
Ұлбике:
Бар ма екен, Жанкел, сендей жазған адам,
Ақылы тек жатсайшы ауған адам.
Қуалап, кедей сорың келтірген ғой,
Қамшы жеп қараңғыда бозбаладан.
Жанкел:
Ұлбике, сізге керек бізде бар-ды,
Жұмыстар бізге керек сізде бар-ды.
Салт екен Адам ата бабамыздан,
Қыз десе, жігіт халқы іздеп алды.
Ұлбике:
Жазықты жасаулыға болдың пенде,
Түрткен соң жасауылың келгің келді.
Саны жоқ адамдыққа, арсыз кедей,
Пайғамбар Адам ата болғың келді.
Жанкел:
Хан да асық, қара да асық бір басыма,
Жөні жоқ қарамаймын ұрғашыға.
Бай болсаң, байтал майын бермейсің бе,
Сөзіңнің пайдасы жоқ, мырзасынба.
Ұлбике:
Жанкел-ау, іздегенің байтал ма еді,
Құмарың байтал мінсе, тарқар ма еді?!
Байталға жуасырақ жармаспасаң,
Біздің байтал тебеген, тарпаң еді.
Жанкел:
Ұлбике, іздегенім тарпаң еді,
Құмарым сонан өлсем тарқар еді.
Тарпаңның шоқтығына қолы жетсе,
Кеудесін Жанкел бейбақ артар еді.
Ұлбике:
Қу кедей, өлең айтсаң, қасқарасың,
Қамысты қара өлеңмен жастанасың.
Басқа елде сен секілді бойдақ жоқ па,
Арың жоқ, бір-ақ өзің масқарасың.
Жанкел:
Жарлымын, жалғыз Құдай миятым-ды,
Қыздардан аямаймын құр атымды.
Мәнісін масқараның білмеймісің,
Өзіңнен тілегенім – ұятың-ды.
Ұлбике:
Көшуге көшпенді ел боп қуатың жоқ,
Көреді көлді көзің, суатың жоқ.
Шабасың айға абалап арыстандай,
Бетіңде арың да жоқ, ұятың жоқ.
Жанкел:
Аулыңа Жанкел тағы бір барады,
Шиқанын толықсыған бір жарады.
Айтқанын бұрынғының білмеймісің,
Ұялған әр нәрседен құр қалады.
Ұлбике:
Сен де бір, арсыз кедей, ұялсаңшы,
Нәпсіңді алаңдамай тия алсаңшы.
Қолың жетпес бойыма аузыңды ашпай,
Тілесең, ат алсаңшы, түйе алсаңшы.