Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ұлбике мен Таспа қожа айтысы

Ұлбике Жанкелдіқызы, Таспа қожа · 3 мин оқу

Ұлбике:
Ауыз ашпай отырсам, нетер еді,
Күйкі өмірім өксікпен өтер еді.
Ақын жігіт алдыма келген сәтте
Өлең, шіркін, көңілді көтереді.

Жел тұрса, жеңіл нәрсе көкке ұшады,
Отырсаң босқа қарап іш пысады.
Сағынғанда, сарғайып күткеніңде,
Өлеңіңмен сыпайы келші тағы.

Орны бөлек әр сөздің, жөні басқа,
Елі бірге әр қыздың жөні басқа.
Көрмегелі көп айдың жүзі болды,
Серт етіп пе ең аулыма жоламасқа?!

Таспа қожа:
Шашың сұлу көрінер өрілгенде,
Бойың сұлу көрінер керілгенде.
Қыз дегеннің жолы ұзақ, өзі жаттық,
Ғайып болар жұлдызы көрінгенде.

Екі жақсы қосылса, бақ табады,
Айдай болып ашылар қас-қабағы.
Бойтанға да зәмзәмнің суындай боп,
Ем болады сұлудың ақ тамағы.

Бөдене де табылса, дәнін жейді,
Өлең айтқан өзінің жанын жейді.
Толған айдай толықсып өскен қыздың,
Тентек Бойтан қалайша қамын жейді?

Ұлбике:
Өлең айтқам сен түгіл Мәделіге,
Қалың қожа ішінде кәделіге.
Қалай-қалай сөйлейсің, қасқа қожа,
«Ақын екен Ұлбике» демеді ме?

Кімге керек өріктің дәнегі жоқ,
Жаман шөптің малға да керегі жоқ.
Өлең айтып не керек құны жоққа,
Сәлделіге бөріктің керегі жоқ.

Күн жадырап, қыс өтсе, жаз болады,
Алты ауыз сөз ақынға аз болады.
Өлең айтпай, сөз таппай қалған байғұс
Көтергенге қаңбақты мәз болады.

Таспа қожа:
Барған жерің балауса майдан болсын,
Көк аспаны Күні мен Айдан болсын.
Туып-өскен жеріңнің бәрі жібек,
Өз аулыңдай бөтен жер қайдан болсын?

Қожалардың қыздарға салған демі
Тоқсан тоғыз кеселге болар емі.
Қыз дегенің додаға түскен лақтай,
Кім-кім тартып әкетсе, соның жемі.

Кейбір терек кеспей-ақ жығылады,
Кейбір адам жау келмей, тығылады.
Пір қаққанмен көк соққан бірге жүрсе,
Ел арасын ыластап, ми қылады.

Ұлбике:
Әр жігіттің өзіне теңдесі бар,
Әрбір қыздың ақылшы жеңгесі бар.
Екі жастың арасын шошытатын,
Таспаның да қолында инесі бар.

Қыз-қырқынның жаз болса, қолы тимес
Тезек теріп, күнімен үйін көрмес.
Көрмей жатып Бойтанды, тұра қаштық,
Бір бөріге он қыздың әлі келмес.

Көзіме ыстық керегем, шаңырағым,
Саулық қойым, көк ешкім-маңырағым.
Жас шағымнан атаған адамым сол,
Сен секілді қожаны не қыламын?!

Таспа қожа:
Өлең айтса, ақындар сөз таңдайды
Сұлуларды таразы көз таңдайды.
Үрпек жүнді аққудың өзі екенсің,
Кім біледі ол жақта Күн мен Айды.

Бай ұлының жүрісі басқа дейді,
Құрығы ұзын, ақылы қысқа дейді.
Бұл құлақта естіген не жазық бар,
Екі аяқты, әйтеуір, нұсқа дейді.

Сол Бойтанның астында саяғы бар,
Ұзын келген қолында таяғы бар.
Өзі қара, ағармас жыласаң да,
Сен сүйетін, шіркіннің, қай жағы бар?

Ұлбике:
Әркім аттар шамалап арығынан,
Тамшы тамар қазанның жарығынан.
Екі аяқты еркекте мін болмайды,
Қыз да аңғарар жігіттің парығынан.

Жастай өскен жерімде бағыланмын,
Онда кетсем, елімді сағынамын.
Қабыланның қолына түсіп қалдым,
Жазғанына Тәңірдің не қыламын?

Көшкен елдің жақыны, ұзағы бар,
Таулы, тасты, шөл дала, құз-жары бар.
Қайда барсам, жолымды кес-кестейтін
Құрып қойған Бойтанның тұзағы бар.

Таспа қожа:
Ат бауырын бапкерлер жаза алады,
Қаршыға құс үйрек пен қаз алады.
Ойнап-күліп қожамен қосылғанның
Қайғы-дерті кеудеде тазарады.

Көсеуі ұзын адамның қолы күймес,
Кембағалға мүліктің молы тимес.
Сен қайтесің, Ұлбике, ол немені,
Көз көрмеген пендені көңіл сүймес.

Қожа жігіт тон киер көк әдіпті,
Орамамен хат жазар жеті әліпті.
Осы түнде мінгесіп, бір кетейік,
Тағдыр жолы, әйтеуір, бір кәдік-ті.

Ұлбике:
Айран болса, күбі іші бос болмайды,
Бір-біріне жақсы адам өш болмайды.
Өзі әкеліп, Құдайым қосса-дағы,
Бөлтірік пен ақ қозы дос болмайды.

Ел-жұртымнан өсірген айналайын,
Мына отырған орнымнан қозғалайын.
Қожалардан өзінің теңін таппай,
Ошақтыда қыз қалса, мен қалайын.

Қатайған жоқ қабырғам, талша менің,
Бекіген жоқ әлі де қыпша белім.
Бері отырған орныңнан әріге отыр,
Ұят болар, қолымды қыспа менің.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз