Ұлбике мен Күдері Қожа айтысы (2-бөлім)
Ұлбике Жанкелдіқызы, Күдері Қожа · 2 мин оқу
Күдері қожа:
Ұлбике-ау, тілің – шешен, жүзің – көркем,
Не дегенің білмедім, жаным, еркем.
Хазірет Ғалы, ақсүйек – менің бабам,
Қыздан гөрі бір табан жолым үлкен.
Ұлбике:
Ішінде сыбызғының күй қалады,
Жарасқан ақша отауға ши қалады.
Үлкендікке талассаң, жол былай-ды:
Біле бұрған төресін би қалады.
Күдері қожа:
Өлеңді білмегендер айып етер,
Біле бұрған төренің жайы кетер.
Ақыретке барғанда, қояр шаншып,
Және бір іс артынан дайын етер.
Ұлбике:
Қожеке, шоқша қара сақалыңыз,
«Ләббай» деген ежелден мақалыңыз.
Екеу, үшеу сіздерге көп болмайды,
Сүйіп алған бар ма еді тоқалыңыз?
Күдері қожа:
Ұлбике, шашың алтын, бұрымыңыз,
Тал бойыңа жарасқан тұлымыңыз.
Қожа кісі қарадан қыз алмайды,
Өз теңіңді дәл тауып, ұрыныңыз.
Ұлбике:
Қожаке, өлең айтып, кітап аштың,
Тоқталуы бола ма кәрі-жастың?
Бұрын неге ұрынып отырушы ең,
Шап бергенде, тап бермей, қалай қаштың?
Күдері қожа:
Аузың – шекер, лебізің балдан тәтті,
Өлімнен құтыла ма жүйрік атты?
Қолыңда жайып тұрған кітабың жоқ,
Оқымай, қалай білдің шариғатты?
Ұлбике:
Сынақ оқу «әліф» пен «әбжадты»,
Мұрным «әліф» болғанда, қасым – «мәт-ті».
Көкірегім – кітап сөзі, тілім – Құран,
Мен сенен үйренбеймін шариғатты.
Күдері қожа әкесі Еркөшек қожаға айтқан екен: «Осы қызды тоқтататұғын бір сөз тауып бер!» – деп. Сонда әкесі: «Жиырма тоғыз әріпті бір-ақ ауыз өлеңге сыйғызып айт, екі әріпті қалдыр, соның қалғанын білсе, айтыспай-ақ қоя қой! Оның өкпесіне жазған», – депті. Сонда қожа өлеңмен айтыпты:«Шын» мен «жымды» қалдырып.
Қыздың берген жауабы:
Қожеке, өлең айттың, кітап аштың,
Жау қуды ма, асығып, неге састың?
«Шын» мен «жым-ды» қалдырып, қара басып,
Құранды аяғыңа қалай бастың?!
Қыз қожадан сауал сұрайды:
Жаратқанның бар ма екен көрген нұрын?
Нұрды көрген бейіштен алады орын!
Қожеке-ау, сенен мен бір сөз сұраймын:
«Не жаратқан болады ілкі бұрын?»
Күдері қожа:
«Бар – дейді, –Жаратқанның көрген нұрын»,
Нұрды көрген бейіштен алады орын.
Ұлбике, сен сұрасаң, мен айтайын,
Кәф пен Нонды жаратты ілкі бұрын.
Ұлбике:
Жаратқанның бар ма екен көрген нұрын,
Нұрды көрген бейіштен алады орын.
Қожеке, сен ол сөзді білмей айттың,
Жаратқаны бар дейді онан бұрын!
Күдері қожа:
Әуелде Мұхаммедтің нұрын қылған,
Он сегіз мың ғаламнан бұрын қылған.
Он сегіз мың ғаламның тұтқасы қып,
Сегіз бейіш ішінде орын қылған.
Ұлбике:
Әуелде жаратқанда, жан жаратқан,
Дарияның түбінде мың жыл жатқан.
Дарияның түбінен шығарған соң,
Нұрдан алып әуелі не жаратқан?!
Күдері қожа:
Әуелде жаратқанда, жан жаратқан,
Дарияның түбінде мың жыл жатқан.
Дарияның түбінен шығарған соң,
Нұрдан алып Ай менен Күн жаратқан.
Ұлбике:
Айтамын, айт дегеннен, әуел Айдан,
Бір Құдай орын берген бейіш жайдан.
Соны тапсаң, бір тыныс алдың, қожам,
Жаратты пайғамбардың нұрын қайдан?
Күдері қожа:
Риза-ай, Алла, жан Алла пида болған,
Пайғамбар қазынасы нұрға толған.
Ғабдолла Бұттарашқа нұрын төгіп,
Нұрынан бір Құдайдың пайда болған.
Ұлбике:
Қожалардың ішінде сен бір дүрсің,
Қожам, тоқсан түрлендің мені көрсең.
Оны тапсаң, бір тыныс алдың, қожам,
Хазірет Ғалы атасын тауып берсең!