Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ұлбике мен Күдері Қожа айтысы (5-бөлім)

Ұлбике Жанкелдіқызы, Күдері Қожа · 3 мин оқу

Ұлбике:
Мақтайсың Ұлбикенің жүзін көріп,
Сарғайдым жүрген жолың ұзын болып.
Тақсыр-ай, Ұлбикені ұмыттың ғой,
Арқаның ақ мамықтай қызын көріп.

Күдері қожа:
Не қылып сені көрсем, іздемейін,
Онда да қыз жоқ екен өзіңдейін.
Табылар беті тегіс сарт-сауаннан,
Балқытар сөзі қайда сөзіңдейін?!

Ұлбике:
Арқаға, тез келмедің, барсаңыз да,
Көңіліңе, сағынбадың, алсаңыз да.
Сылқымдық Сарыарқада үш жыл құрдың,
Қожеке, қолың жетті қанша қызға?

Күдері қожа:
Сылқымдық Сарыарқада қылып жүрдім,
Сыртыма шығара алмай, тынып жүрдім.
Әзіліме жазбасам, аман жүрдім,
Қатты сынса, бірінің белін ұрдым.

Ұлбике:
Сылқымдық Сарыарқада қылып жүрдің,
Сыртыңа шығара алмай, тынып жүрдің.
«Қалып айтпас халық айтқанды», – деген сөз бар, Басыңды неге өсекке іліндірдің?

Күдері қожа:
Сылқымдық Сарыарқада қылып жүрдім,
Сыртыма шығара алмай, тынып жүрдім.
Қалмасам ұйқысырап құр жүрдім,
Қаттысын сабырымның біліндірдім.

Ұлбике:
Әулиеси бермеші, тақсырым-ай,
Тұлпар басы тоқтамас тасқа ұрынбай.
Әдетің алаңдаған қайда қалды,
Қой жеген Әлімтаудың қасқырындай?

Күдері қожа:
Ұлбике, сен сенбейсің, тақсырыңа-ай,
Жалған сөзді отырсың жапсырып-ай!
Ауылың ұстап апты бұ Жангелді,
Әңгімең сенің де жүр асқынып-ай!

Ұлбике:
Қожеке-ау, жеңе алмайсың ондай жолдан,
Қожалық, жалған сөйлеп, берме қолдан.
Жаны шықсын Жангелдің, мақтаныпты,
Жерім жоқ: «Келсін!» –деген, бәрі жалған.

Күдері қожа:
Ұлбике, ұрдырарсың, сақтанып жүр,
Жангелің қаршығадай баптанып жүр.
«Көкөзекте қойнына бір бардым!» – деп,
Көбіне бозбаланың мақтанып жүр.

Ұлбике:
Қожеке, сенің атың Күдері еді-ай,
Көңілің өсек сөзге көп ереді-ай!
Ұлбикені алмайды кім аузына,
«Жақсыға – сөз, жаманға шөп ереді-ай!».

Күдері қожа:
Белгісі жүйрік аттың желбезекте,
Айтысар, Арқа кеттім, бір кезекте.
«Төсіңе көйлегіңді көтердім!» – деп,
Жангел жүр: «Бардым мен, – деп, – Көкөзекте!»

Ұлбике:
Қыз халқына мақтанып жігіт өтер,
Жайсыз жігіт әр жерде сейіл етер.
Жігіт халқы ит мінез болады екен,
Ит екен ішпес астан үміт етер!

Күдері қожа:
Ұлбике, жалтаңдайсың жалған жарға,
Не дейсің ақыретте алған жарға?
Жете алмай жүрген қолы бізді айтпасаң,
Жангелде қолы жеткен амал бар ма?!

Ұлбике:
Қожеке-ау, жолым тура алған жарға,
Жерім жоқ жалтаңдаған жалған жарға.
Өтірік сөз көп айтып, көтеріп лас,
Қожа халқы есектей қалжаңдар ма?

Күдері қожа:
Ұлбике, жалтаңдайсың жалған жарға,
Не дейсің ақыретте алған жарға?
Ауылың ұстап апты бұ Жангелді,
Тағы мұнан танғандай жанжал бар ма?

Ұлбике:
Ауылдан жүруші еді қымыз ішіп,
Тәйірі алды Көкөзекте қолға түсіп.
Қайтып қымыз ішпестей болып өзі,
Кедейің ырысына кеткен тышып.

Күдері қожа:
Қыз шақырмай, бозбала барады ма,
Ұстаған соң көңіліне қарады ма?
Жазым жерде Жангелді ұстап апты,
Ауылың қайтті, Жангелді сабады ма?

Ұлбике:
Атпен қуды, жаяуға жеткізген жоқ,
Ат мінген соң, Көкөзектен өткізген жоқ.
Қапаш-құпаш қылмаса бозбалалар,
Қариялар маңдайына шерткізген жоқ.

Күдері қожа:
Жангелге қызыл тілден кеткен дарып,
Қазақтай жүрмесе де, малға жарып.
Болды ма бұрынғыдай өлеңдерің,
Тағы да айналақтап қайта барып?

Ұлбике:
Жангелді екіншіде қара басты-ай,
Шаңыма кейін қалды-ау араласпай!
Ақынсынып ыржыңдап келсе-дағы,
Әр жерден бір жығылды өре баспай.

Күдері қожа:
Қара інгенің қарайды ботасына,
Қожаңның таң қаларсың жотасына.
Абайлап бас, Ұлбике, аяғыңды,
Қожаңның жығыларсың сотасына.

Ұлбике:
Кей жігіт сөйлер сөзге шешен келер,
Ұялмай, штан бауын шеше келер.
Біздерге ол сотаның керегі жоқ,
Апарып, керек болса, шешеңе бер!

Күдері қожа:
Жігіттің шын Меккесі ата-ана дүр,
Жел сөзден жеңілмеген – мәртебе дүр.
Ұлбике, аяп бізден қазына қылсаң,
Сен де онда алып бар да, атаңа бер!

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз