Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ұлбике мен Күдері Қожа айтысы (1-бөлім)

Ұлбике Жанкелдіқызы, Күдері Қожа · 2 мин оқу

Күдері қожа:
Сексеуіл құмға бітер басы алмалы,
Зинақор бір Құдайды еске алмады.
Өлеңнің бес-алты ауыз арқасында,
Тұсыма қыздар келді қос алқалы.

Ұлбике:
Сексеуіл құмға бітер басы алмалы,
Зинақор бір Құдайды еске алмады.
Тұсына қыздар келсе, қос алқалы
Ұстайды қожа қалай ақ шалмалы?!

Күдері қожа:
Сексеуіл құмға бітер басы алмалы,
Зинақор бір Құдайды еске алмады.
Біреудің ақ некесін арам қылған
Зәндемге қыздар кетер қос алқалы!

Ұлбике:
Сексеуіл құмға бітер басы алмалы,
Зинақор бір Құдайды еске алмады.
Қазақтың шынжау тайын алдап алған,
Зәндемге қожа кетер ақ шалмалы!

Күдері қожа:
Сексеуіл құмға бітер басы алмалы,
Зинақор бір Құдайды еске алмады.
О дүние бұ дүниеден жақсы дейді,
Баралық бәріміз де, жан қалмалы.

Ұлбике:
Өлең, өлең дегенге өтер еді,
Өлең, шіркін, көңілді көтереді.
Бұ дүниеден о дүние жақсы болса,
Адамға айтпай, қожалар кетер еді.

Күдері қожа:
Екі құзғын ұшқан жер – Еділ, Жайық,
Алашта ақын бар ма, айтшы, бізге лайық?!
Кішкентайдан бірге өскен, ай, Ұлбике,
Сенен өлең тілеймін қолым жайып?!

Ұлбике:
Екі құзғын ұшқан жер – Еділ, Жайық,
Алашта ақын бар ма, айтшы, бізге лайық?!
Қожа да өлең тілейді қолын жайып,
Алдағанын қожаның не қылайық?!

Күдері қожа:
Екі құзғын ұшқан жер – Еділ, Жайық,
Алашта ақын бар ма, айтшы, бізге лайық?!
Кішкентайдан бірге өскен ай, Ұлбике,
Әрі отырма, бері отыр, жақындайық!

Ұлбике:
Қожа залым болар ма қара тұрып,
Қара залым болар ма пара тұрып.
Арамзасын қожаның жаңа білдім,
Біз байғұсты алдайды: «Бері отыр!» – деп.

Күдері қожа:
Орамал төрт бұрышына түйдім анар,
Қылмысы жақпаған құл тозақ барар.
Қожаменен бас қосып, ойнап-күлсең,
Тұла бойың шымырлап, мейірің қанар!

Ұлбике:
Төментіннен жіті көшіп, өрге келдік,
Жеті әулие тоғысқан жерге келдік.
Келмегірдің жеріне қайдан келдік,
Қожасы діннен шыққан елге келдік!

Күдері қожа:
Әжептәуір бала едің, денем сүйген,
Қылмысы жақпаған құл тозақ күйген.
Пірлі, мұртты кісі едік, ай, Ұлбике,
Көрмес, білмес кісідей – тілің тиген.

Ұлбике:
Қожеке-ау, баз өлеңім осындай-ды,
Күһі қап қызыл-жасыл тасындай-ды.
Түбің қожа болғанмен, тағатың аз,
Сабырсыз жан иманға қосылмайды.

Күдері қожа:
Менімен жау болмассың, ел боларсың,
Бес-алты ауыз жел сөзбен тең боларсың.
Өршеленіп қоймайсың, ай, Ұлбике,
Мал мен бастың бірінен кем боларсың!

Ұлбике:
Сенімен жау емеспін, елдескенмін,
Бес-алты ауыз жел сөзбен белдескенмін!
«Мал мен бастың бірінен кем болад!» – деп,
Қожам, қай күн Құдаймен тілдескенсің?!

Күдері қожа:
Атан түйе жарасар нар дегенге,
Айран-асыр қаламын жар дегенге.

Айтысқалы келіп ем тойларыңа:
«Ошақтыда ақын қыз бар», – дегенге.

Ұлбике:
Өзің көңіл бермесең, мен не етермін,
Әмір келсе Алладан, демде өтермін!
Асықпай тұр, саспай тұр, тақсыр қожам,
Бар көңіліңді өлеңмен сап етермін!

Күдері қожа:
Ұлбике, сіз дегенмен, біз дегенмен,
Не болар өлең, шіркін, кезнегенмен,
Қайтсең, менің көңілімді сап етесің,
Мен де өзіңдей сойқанды іздегенмін!

Ұлбике:
Көргенде ақ жүзімді көркем дейді,
Шешем сүйіп, өзімді: «Еркем!» – дейді.
Бабаңыздан сұрап па ең, тақсыр қожам,
«Қыздың жолы қожадан үлкен!» – дейді.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз