Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ұлбике, Жанкел және Күдері қожа айтысы (1-бөлім)

Ұлбике Жанкелдіқызы, Жанкел, Күдері қожа · 2 мин оқу

Көктемде Жанкелдің де, Ұлбикенің де елдері қыстаудан жайлауға көшеді, сонда Жанкелдің көш-жөнекей келіп, Ұлбикеге тиісіп айтқаны:

Көк қамыс құрақ-құрақ сайда болар,
Көп жылқы көк алалы байда болар.
Келіп ем, Ұлбикеден сұрағалы,
Кешуі Көкөзектің қайда болар?

Ұлбике:
Жүрмейсің, Жанкел кедей, аттай жарап,
Келеді әкең, қақпас, алдыңды орап.
Жылқың өтпей бара ма, жазған кедей,
Кешуін Көкөзектің менен сұрап?

Жанкел:
Бұлғаймын қамшым сабын қарағанға,
Көрінер айғыр сұлу жарағанда.
Шырағым, бұған неге шамданасың,
Кешуін Көкөзектің сұрағанға?

Ұлбике:
Бұлғаймын ұршық сабын қарағанға,
Көрінер шашым сұлу таранғанда.
Қолыңда жетелеген қотыр тай жоқ,
Кешуді таң боп тұрмын сұрағанға!

Жанкел:
Адамның бәрі бірдей барабар ма?
Ақын деп мақтаныпсың, санағанға.
Ал-дағы жел қайықты суға салғын,
Жұрт өтсе, Жанкел өтпей, қала ала ма?

Ұлбике:
Жел қайықты көрсеттің шамаларға,
Бұл сөзің үлгі болар тамаларға.
Желқайық жел аударып, толқын қапты,
Қалмасын аузың толып қара қанға?

Жанкел:
Мен жаяу, қыздар атты, жаяуласам,
Артыңа қарамайсың, аяуласам.
Аударып желқайықты жаным жоқ па,
Мініп ап, ортасынан таяуласам.

Ұлбике:
Жоқшылық кәрілікпен жолдас екен,
Болғандар оған жолдас оңбас екен.
Айтысып бұ кедеймен кім тұрады,
Жүрмесек көшті тартып болмас екен.

Жанкел:
Жайыңа жігітшілік қоймас екен,
Ұлбике, сөзіңе жұрт тоймас екен.
Тарап жүр ел аузында бір әңгіме,
Ұлбике Күдерімен сырлас екен.

Ұлбике:
Салады қойшы қойын алқа-қаққа,
Мінеді Құдай сүйген алтын таққа.
Бір итті итаяқтан тойыпты деп,
Келіп пе ең итаяқтан жаламаққа?

Жанкел:
Құйрығы боз шолақтың бөденедей,
Өлгенді опат дейді кенегендей.
Ұлбике, итаяқты дайындай бер,
Тіліңді шешендетіп сермелемей.

Осы кезде Жанкелдің көші кеп қалады, көш сиқы өте кедей, жамау-жасқау екенін Ұлбике сөз етіп, былай дейді:

Ұлбике:
Көшіңді көрдім, Жанкел, мәздемідей,
Шайлаңыз тесік-тесік қазған көрдей.
Тарығар бала-шағаң сусын таппай,
Қондырған мәздеміңді, Жанкел кедей.

Жанкел:
Жігіттер, мал адамның тегі екен,
Ұрса – таяқ, сөйлесе, сөзі екен.
Аузыңмен құс тістесең, дәнеме жоқ,
Барға – бал, жоққа қапа дүние екен.

Ұлбике:
Сен кімге, Жанкел кедей, жағып жүрсің,
Өріске қой-малыңды бағып жүрсің.
Ордаңдап, оқпақ құстай сүйкімсіз боп,
Қаңғырып, қараңғыда неғып жүрсің?

Жанкел:
Ұлбике, қуанамын келгеніме,
Сен едің қалағаным, гүлдерім де.
Қолыңа қаршығадай қондырсаңшы,
Ордаңдап, оқпақ құстай жүргенімде.

Ұлбике:
Жанкел-ау, ниетіңді арам қылма,
Қайың тең бе қадірсіз тораңғылға?
Қасқырдай ит талаған арсыз кедей,
Қаңғырып жүре берме қараңғыда.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз