Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мәделі қожа мен Майлы қожа айтысы

Мәделі қожа, Майлы қожа · 2 мин оқу

Мәделі қожа:
Ебің жоқ ат ұстауға, ордаңдадың,
Сұңқар деп бағушы едім, оңалмадың.
Әкеңнен жасық тудың жалтаң болып,
Сен, шіркін, әкеңдейін бола алмадың!

Майлы қожа:
Мәделі, сауырың – керсен, белің – құшақ,
Құдай қалап, асындың тіллә пышақ.
Асыл ердің ақыры жасық болған –
Еш ұл тартып тумайды әкеге ұсап.

Мәделі қожа:
Айнымадым, әкеме мен ұқсадым,
Туғанымнан асқар тауға бел ұсадым.
Тепкі тимей, шалқаңнан жығыласың,
Елдегі шын қорқаққа сен ұсадың.

Майлы қожа:
Әкең Жүсіп – аққан бір дария еді,
Бақ қарап, қыдыр оған дарып еді.
Жесір менен жетімнің қамқоры еді,
Сен секілді бейрәһім сары ма еді?

Мәделі қожа:
Мен секілді ешбір жан туған да жоқ,
Бүгінде пірін сыйлар ел қалған жоқ.
Дұспанға кеткен емес менің арым,
Қайрат-күшім атамнан кем болған жоқ.

Майлы қожа:
Ер Жүсіп ай қасқа атпен ұрған топқа,
Сауыты тоқтау берген он бір оққа.
Жарым ай жамандықтан ыңырағансың
Шыдамай, Түркістанда сен бір оққа.

Мәделі қожа:
Менімен кім тең келер ұлы дүкен,
Сендерден зуаламды қылған үлкен.
Мендегі қытайшаның оғы түгіл
Апта сені ыңырантқан жиде тікен.

Майлы қожа:
Мәделі, ер емессің, сен – бір ұры,
Ұрының жалтақ ата дейді пірі.
Әлімқұлдың қосыны кеп қалғанда
Мәделінің бір түнде кеткен сұры.

Мәделі қожа:
Шардарадан мен кеттім оймен қашып,
Кепелік дарбазаны бергенде ашып.
Жақыпбектен көмек жоқ, өзіміз аз,
Бұл істі парық қылмайды сендей сасық!

Майлы қожа:
Шардарадан сен кеттің оймен қашып,
Кепелік дарбазаны бергенде ашып.
Жүсіптің жаудан қашқан жері бар ма,
Мен жасық боп туғанда, сен де жасық!

Мәделі қожа:
Туғаннан мен атамнан зор боп тудым,
Сен атаңнан туғаннан қор боп тудың.
Атқа мініп, даладан мал таппайсың,
Етің – жасық, сүйегің бор боп тудың!

Майлы қожа:
Мен неғылып атамнан қор боп тудым,
Сен неғылып атаңнан зор боп тудың?
Аз ғана ауыл қожаны алты шауып,
Зор болмадың, қожаға сор боп тудың!

* * *

Майлы қожа Сұлтанқожаұлы:
... Бір топ жолаушы жолда келе жатып: «Шаршадық қой, ат шалдырып алайық», − десіпті. Кейбіреуі: «Айдалада ақиып отырғанша, түстене отырып, шалдырайық аттарды», − депті. Іштерінде Майлықожа, Құлыншақ, Мәделіқожа ақындар бар екен. Басқалары: «Осы үшеуі бірігіп, бір ауыз өлең айтсын. Солардың пікіріне қарай көрелік», − деген ұсыныс жасапты. Соны-
мен Майлықожа өлеңді бастап, Құлыншақ – орталап, Мәделіқожа аяқтамақ болыпты. Осы келісімге сәйкес туған бір шумақ өлең:
Майлықожа: Шаңқылдап, күшіген құс бүркіт болмас, Құлыншақ: Қара су сапырғанмен іркіт болмас.
Мәделіқожа: Таздың басы, саңыраудың құлағы екен, Бұл жерге аттың басын іркіп болмас.
Шынында да, төңірек тып-типыл, жалаңаш жер екен. Үш ақынның мінездемесінен кейін жолаушылар онда аялдамай, ары жүріп кетіпті*//Қаратау шайырлары, 108б.//.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз