Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ұлбике, Жанкел және Күдері қожа айтысы (3-бөлім)

Ұлбике Жанкелдіқызы, Жанкел, Күдері қожа · 2 мин оқу

Жанкел:
Ұлбике, ат алайын, түйе алайын,
Кедейліктің несіне ұялайын?!
Төсіңдегі қос алмаңнан бір сипатсаң,
Төрт түлік мал алғандай қуанайын.

Ұлбике:
Елеңдеп, кедей деген есірер ме,
Басынан өткен істі кешірер ме?
Пайдаң болса, өзіңнің басыңа қыл,
Кедейдің әуесім жоқ кесіріне.

Жанкел:
Ұлбике, менің сізге әуесім көп,
Сөз – шырын, ойым – бақша мәуесі көп.
Бұлбұлдай гүлсіз жерге қона алмайтын
Жанкелдің Ұлбикеден дәмесі көп...

Ұлбике мен Жанкел осылай айтысып жатқанда, бұрын Ұлбикемен айтысып, одан жеңіліп жүрген Күдері қожа Жанкелдің артына барып, бой тасалап, тыңдап тұр екен.

Сонда Күдеріні көріп, Ұлбикенің айтқаны:

Жанкел-ау, ұста болдың құрамаға,
Айтылды талай өлең сыбағаға.
Орныңнан тұрмаймысың, Жанкел кедей,
Артыңда қожа емес пе құба бала?

Күдерінің Жанкелге айтқаны:
Қыздар бар қыздардан да қырғи теңі,
Өткен соң жігітшілік кім бүйтеді?
Берсеңіз тұрып орын, Жанкел аға,
Біз де айтысып көрейік Ұлбикемен.

Жанкел:
Қыздар бар қыздардан да қырғи теңі,
Өткен соң жігітшілік кім бүйтеді?
Кішкене сабыр қылып отыр, тақсыр,
Берейін басыменен Ұлбикені.

Ұлбике:
Жанкел-ай, тілің айыр, басың жалпақ,
Бір сөзің әлгі айтқан кеттің шалқақ.
Берейін Ұлбикені басымен деп,
Билей ме Ошақтыны қарақалпақ?

Жанкел:
Тақсыр-ау, білмеп едім сізді бұрын,
Ұлбике салған екен көздің қырын.
Қарақалпақ серкесі, тақсыр қожам,
Сіз бер десең, бермейін неғып орын?

Күдері:
Білмедің, Жанкел, менің келгенімді,
Келдім деп айтпап па едім мен жөнімді.
Құрметтеп, Күдеріні сыйласаңыз,
Иман тап, Жанкел аға, өлгеніңде.

Жанкел:
Қайта алмас тұлпар басы тасқа ұрынбай,
Неғып орын бермейін, тақсырым-ай
Жанкелдің кінәсі өтсе, кешіре гөр,
Мүридіңді айтпағайсың пәс қылып-ай.

Күдері:
Замана алдымызда қызыл түлкі,
Ғанибет тіршілікте ойын-күлкі.
Төрт-бес жыл болып кетті көрмегелі,
Бармысың аман-есен, ау, Ұлбике?

Ұлбике:
Қожаның арғы атасы барды Мекке,
Баласы сұңқар құстың азды жеке.
Сағындық, көрмегелі бес жыл болды,
Келдің бе аман-есен, ау, Қожеке?

Күдері:
Ұлбике, Бақтиярдан сенің затың,
Жайылған бар халыққа Ұлбике атың.
Кітаптай айтқан сөзің мәнді болған,
Туар ма мұндай артық перизатың?!

Ұлбике:
Қаралы қарайғанға, қарағым-ай,
Аспалы қылыш еді жарағың-ай.
Жабығып отыр едім мен қор болып,
Қазанат қайдан келдің, арабым-ай?

Сайраған баудың көркі бұлбұлым-ай,
Барады қапалықпен бұл күнім-ай.
Ағарып атқан таңдай қайдан келдің?
Қыраны қаршығаның, тұйғыным-ай.
Шығады тоғай барған балтаны алып,
Не кетпес балта тисе жаңқаланып?
Көргенде ана жылы жас бала едің,
Келдің бе аман-есен Арқа барып?

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз