Ұлбике мен Күдері Қожа айтысы (3-бөлім)
Ұлбике Жанкелдіқызы, Күдері Қожа · 2 мин оқу
Күдері қожа:
Әптиектің ішінде бар-ды әліф,
Жетік молда оқиды хатқа салып.
Ғабдолла Бұттарашпен бір туысқан,
Ғалы атасын сұрасаң – Әбутәліп.
Ұлбике:
Сабақ басын сұрасаң: «Нон-ды», – дейді,
Жаман сөз жақсы адамға мін-ді,– дейді.
Пайғамбар ат сұрамақ – сүндеті екен,
Әкең атын сұраймын: «Кім-ді?» – дейді.
Күдері қожа:
Арқауылдың құба жон жортар бөрі,
Бір жарымның жоғынан көңілім кері.
Мені қайтсең жеңесің, ай, Ұлбике,
Әкем аты – Еркөшек, мен – Күдері.
Ұлбике:
Шайтан қашар бойыңнан, «Алла!» – десең,
Зәндем зымырап кетерсің арам жесең!
Мені қайтсең, жеңесің, ай, Қожеке,
Әкем аты – Жанкелді, Жаңыл – шешем.
Қожа кішкене тойпалаңдайын деді, қыз сөйледі:
Он түйме өңірімде қатар-қатар,
Соның бәрін шешем деп басың қатар.
Сыймаған тіл-аузыңа ақын болсаң,
Дария мынау жатқан қашан қатар?
Күдері қожа:
Ақ тайлаққа жүк арттым қатар-қатар,
Шудасы, шөгіп жатса, шаңға батар.
Қауыста қарашамен қаймақшиды,
Желді тоқсан айында дария қатар.
Ұлбике:
Бұл қайдағы қожа еді есі кеткен,
Есі кеткен емес пе, Ертіс өткен!
Есі кеткен болмасаң, есер қожам,
Желді тоқсан айларың қашан өткен?!
Күдері қожа:
Ақ тайлаққа жүк арттым қатар-қатар,
Шудасы, шөгіп жатса, шаңға батар.
Сендей мен ай есептеп жүргенім жоқ,
Қай күні суық болса, дария қатар.
Ұлбике:
Естімісің, ай, қожам, есермісің,
Айтқан сөзге бөгелмей түсермісің?!
Келген екен Меккеден қыналы құс,
Ақын болсаң, байлауын шешермісің?
Күдері қожа:
Әулиемнің қонғаны – Ебелек-ті,
Көк шымшықтың қорегі көбелек-ті.
Тұмсығы ұзын, аяғы қызыл болса,
Қыналы құс дегенің Дегелек-ті.
Ұлбике:
Ақын жігіт белбеуін шеше келер,
Қызуланып, той десе, есе келер.
Тіл-аузыңа сыймаған ақын болсаң,
Бір жылда үтір, уәжіп неше келер?
Күдері қожа:
Асқабақты қауын деп жеген қазақ,
Мені, сірә, қылмасын әзіл-мазақ.
Он екі айда келеді мың бір үтір,
Мұның несін сұрайсың, надан қазақ?
Ұлбике:
Қожеке-ау, ояу қалай, ұйқы қалай,
Болғанда жаугершілік жылқы қалай?
Ақыретке барғанда, тақсыр қожам,
Жалғандағы ойын мен күлкі қалай?
Күдері қожа:
Жанның қамын ойламас ақымақ, есер,
Үйде отырып, ойымен өлшеп, пішер.
Бұ дүниеде көп ойнап, көп күлгендер,
Жылай-еңірей тозақта күні кешер.
Ұлбике:
Қожеке-ау, мысық қалай, тышқан қалай,
Дос қалай, бұ жалғанда дұшпан қалай?
Мал бермей, інге қимай, алып жатып,
Біреудің жас баласын құшқан қалай?
Күдері қожа:
Күнәкарды тозаққа асып қояр,
Жанған отқа бетінен басып қояр.
Құшатұғын қарларын кесіп тастап,
Күлетұғын ернінен тесіп қояр.
Ұлбике:
Қожеке-ау, мен де білдім бұл ісіңді,
Жұмақ пенен пейіштен үлесіңді.
Күлетұғын ерніңнен тесіп қойса,
Енді, қожам, қойып жүр күлісіңді.
Күдері қожа:
Ұлбике: «Әумин!» де, білдім бұл ісіңді,
Жұмақ пенен бейіштен үлесіңді.
Бабамыз хазірет Ғалы оқ атыпты,
Қоймаймын қыз дұшпанға күлісімді.
Ұлбике:
Қарағай садақ, қырық кез оқ бар беліңде,
Сендей ақын жоқ па екен өз елімде?!
Екі сексен, бір тоқсан жұмбағым бар,
Жүйрік болсаң, соны тап қапелімде.
Күдері қожа:
Қарағай садақ, қырық кез оқ бар белімде,
Ақын қайда дәл мендей өз еліңде?
Екі сексен, бір тоқсан жұмбағыңыз,
Есептесем, екі жүз елу күнде.