Нұрым мен Қашаған айтысы (2-бөлім)
Нұрым Шыршығұлұлы, Қашаған Күржіманұлы · 3 мин оқу
Білсеңіз қылма келемеж,
Келемежің жөн емес.
Сол дүниені жаратып жатқанда,
Қасыңда тұрған мен емес.
Бірінші айтқан жұмбағың –
Хазіреті Мұса пайғамбар
Аршы ағланы кезгенде,
Екі арамы дегенің:
Еріп барған қасына,
Қытымыр деген қызыл ит
Жеті қазынаның бірі еді.
Екіншісін айтайын –
Астына мінген есегі.
Дүниенің бәрін сұрайсың,
Бар деп пе ең менде есебі.
Екі жансыз дегенің:
Біреуі – Айсаның аса таяғы,
Біреуі – Ідірістің киген кебісі.
Естуіміз шын болса,
Сол төртеуі, Нұреке,
Тергеусіз барады дейді бейішке.
Дүлдүлді мініп парлатқан,
Көпірдің шәһарын қандатқан,
Шәһимәрден Ғалиға
Жәбірейіл келгенде,
Келіп хабар бергенде,
Хамхам менен Сәмсамдай,
Зұлпықар мен Зұлқажжа –
Жәннеттен келген мәрт қылыш.
Ұрыс сайын әр жерге,
Заманда өткен баяғы,
Барған екен төрт қылыш,
Болмаса да аяғы.
Перғауын мен Мұсаның
Көп соғысы болғанда,
Ніл дарияға ұрғанда,
Көпір болған деседі
Мұсаның аса таяғы.
Көлде жүрген күмпілдек,
Суда жүрген әупілдек,
Қарсы болған бұйрыққа
Перғауынның дейді өзі.
Асасын тартып алғанда,
Перғауынның әскері
Суға болды бұ қарық.
Мұса қолын сілтепті,
Кетсін деп көрмей ол жарық.
Суда жүрген итбалық,
Перғауынның әскері,
Қарғаған соң Құдайым,
Осылай азған дейді бұ халық.
Нұрым:
Шабысың енді түзелді,
Жаңа ғана бой жазып.
Естімішің көп екен
Өлең менен жырға азық.
Пайғамбардың кезінде,
Қанша қауым өтіпті
Өз пиғылынан өзі азып?
Қашаған:
Сұрасаң, жауап берейін!
Хазіреті Нұхы пайғамбар:
«Тағат етің», – деп жылаған.
Айтқанына көнбеген
Қауымында бір адам.
«Бұл шәһәрдің жүзіне,
Алла, пәле жібер», – деп,
Шынымен сонда сұраған.
Сұраған тілек бойынша,
Жердің бетін қаптап ғаламат,
Қырық аршын терең су алып,
Нұхының қауымын су жұтты.
Әзәзіл шайтан азғырып,
Тура жолдан жазғырып,
Лұд пен Аухат қауымын
Деп айтады жер жұтты.
Нұреке, мысал айтайын:
Сахарада көшіп жүргенде
Нар аунаса шаңдаққа,
Аяғы тиіп, бақыртар
Бота менен тайлаққа.
Қапталдағы көп жаман
Сені мен маған ұрынса,
Түсіп кете жаздайды
Түбі жоқ терең айлаққа.
Қанатты тұлпар сен едің,
Қосылып жүрген байраққа.
Дүбірлі дүлдүл шайырсың,
Кіші жүз бенен Орта жүз
Атағың кеткен аймаққа.
Батаңды берсең, жылдам бер,
Ұзаққа созып, жайлатпа.
Білмейді екен осы жұрт
Кімнің де жақсы, жаманын,
Кімнің де жүйрік, шабанын,
Оқулы мен наданын.
Жаңа қызып келеді
Парлап жүйрік табаным.
Насихаты түзік-ті
Жасы үлкен ағаның.
Тағы бір мысал айтайын:
Құс үлкені – қара құс,
Көлемі дардай, күші жоқ.
Күші жоқтығының себебі –
Бармағының ұшы жоқ.
Бүркіт те жүрер қаусаңдап,
Бүркіттің жейтін жемдерін
Қырғи құс қағып кететін,
Екі көзі жаутаңдап,
Шағала мен шақшақай,
Айтайын бәрін тастамай.
Шабағы мен шаянын
Бергісі келмес басқаға-ай.
Байғыз деген құс болар.
Құдіретімен Алланың
Бір торғай күнде тұс болар,
Жапалақ деген құс болар
Төбеде тұрып таранған.
Өзінен басқа неме жоқ,
Жан-жағына қаранған.
Қара қарға қалбағай
Алатын жемін ала алмай,
Ұшады да қонады.
Қапталдағы көп жаман,
Сені мен маған келгенде
Кем болып қалар салмағы-ай.
Шымшық деген зәредей,
Бір кішкене құс болар,
Тұла бойы менмен күш болар.
Қыранға келіп, тап болса,
Жемсауына барып, мыш болар.
Біреуге біреу ұрынса,
Толып жатқан іс болар.
Сынамақ болған сұрқылдар,
Сенімен менен озғанша
Жыл айналып, қыс болар.