Ұлбике мен Мәделі қожа айтысы
Жұмбақ айтыс · Ұлбике Жанкелдіқызы, Мәделі қожа · 2 мин оқу
Ұлбике:
Әке сөзін жасымнан жаттап алғам,
Тал бойыма жинақтап, қаттап алғам.
Жеке шығып, бәйгеден тұлпардай боп
Өлеңімді әніммен баптап алғам.
Мәделі:
Жастайымнан сұлуды көп таңдаймын,
«Мінезіне ісі сай ма?» – деп, таңдаймын.
Өздеріңдей сұлудың зәрлі сөзін,
Көңіліме ауырлап, өкпе алмаймын.
Ұлбике:
Әудемжармен әуелі үнімді аштым,
Он екімде өлеңмен тілімді аштым.
Он үшімде өзімдей бозбаламен
Жұмбақ айтып, өлеңмен жағаластым.
Мәделі:
Бақ-құт деген бармақтай болады екен,
Қыз бен жігіт басына қонады екен.
Еркін өссе, екеуі он алтыда
Аспандағы айдай боп толады екен.
Ұлбике:
Моншағымның әр тасы бір өлең-ді,
Бесігімде үйренгем бар өлеңді.
Балапандай кезімде, қайран шешем,
Тал бойыма дарытқан қара өлеңді.
Мәделі:
Сұлу қызға тұс-тұстан көз түседі,
Қысылса да, аузыңа сөз түседі.
Өлең айтып отырған Ұлбикенің
Кеудесінде бұлбұл құс тілдеседі.
Ұлбике:
Бес жасымда шешеме болдым шырақ,
Сегізімде әкеме қойдым құлақ.
Тоғыз жасқа келгенде үрдей болып,
Өлең айттым, Наурызда үй жағалап.
Мәделі:
Өлең айтып, бәдікте үніңді аштың,
Көп алдында қалқайып, маржан шаштың.
Ат арытып, айтысқа келгендердің
Арқасына ырситып, қамшы бастың.
Ұлбике:
Әуелден-ақ адамзат тіл, көмейлі,
Шайпау сөз қыз жөнінде не демейді?
Іздеп келген сол ақын кетіп қалған,
Қой да үріккен жағына беттемейді.
Мәделі:
Бетке жақса, опа да әр береді,
Ақ көйлекке қос етек өң береді.
Сұлу қыздың жүрісі, жөні бөлек,
Ондай қызға қай жігіт тең келеді?!
Ұлбике:
Адасқан жүре берсе, жолын түзер,
Арық ат жал біткенде, белін түзер.
Айтатын осындайда жұмбағым бар,
Күрмеуді шеше алмаған арқанды үзер.
Мәделі:
Көзі ашық адам ашар кітап бетін,
Біліммен тоқсан тоғыз тілдесетін.
Бір тілді ақын қызға қамдап келгем,
Абайла, кездігім бар тіл кесетін.
Ұлбике:
Бүгінгі пісіргенім кеспе күлше,
Үш бұрыш, төрт бұрышты кеспе күлше.
Жалын – оқ ішімдегі атылады
Бейауыз қай-қайдағы бөспе күлсе.
Мәделі:
Тон киер ару жігіт сәнді әдіпті,
Хат жазар, орамамен жеті әліпті.
Арғымақ асау тайдан қалып кетсе,
Әйтеуір, не де болса, бір кәдік-ті.
Ұлбике:
Шықпайды неге ажырық сортаң жерге,
Теңізде дәм тартпайды шортан неге?
Айта ғой, білгіш болсаң, өлеңіңмен,
Кешке қарай шықпайды Шолпан неге?
Мәделі:
Білгендер балық жаны суда дейді,
Тамыры ажырықтың буда дейді.
Жер үстін мекендеген Шолпан қыздың
Шырқыраған шыбын жаны нуда дейді.
Ұлбике:
Әуелгі ел мен жұрттың тегі бар ма,
Аспанның керегесі, шегі бар ма?
Тағы да ауыл көшсе мекендейтін
Құдайдың жер астында жері бар ма?
Мәделі:
Екі айдың батар, шығар екі ортасы,
Айтайын сен білмесең, үй арасы,
Айта жүр, сұрай қалса, ел-жұртыңа
Болмайды жер мен көктің шекарасы.
Ұлбике:
Ішінде әптиектің «пе» болады,
Қос ноқат қойса үстіне «те» болады.
Айта ғой, білгіш болсаң, ей, Мәделі,
Сұраймын: құс атасы не болады?
Мәделі:
Әуелден жаратқанның жолы аян,
Өлеңге құлағың сал, бері таян.
Кем ақыл сен білмесең, мен айтайын,
Болады құс атасы – Шегірбаян.
Ұлбике:
Бұқарда оқығанның өрісі бар,
Балаға тәлім болар дәрісі бар.
Қожадан оқып шыққан кәлпелердің
Әйтеуір, қайда болсын ырысы бар.