Әжінияз бен Меңеш қыз айтысы (7-бөлім)
Әжінияз Қосыбайұлы, Меңеш қыз · 3 мин оқу
Кетпейді қастарынан айналшықтап,
Көрген сайын құмартар көрген кісі.
Арқадан түйе тартып қазақ барса,
Емешесі құриды ақыл, есі.
Көйлегі дарамыдан, кимешегі,
Қасында жүрер бастап жеңешесі.
Орамал жібереді мерекеде,
Бір көруден жігіттің бірнешесі.
Алдында ай мүйіз бар алтындалған,
Құлағында гауһар сырға жалтылдаған.
Бара алмайды жанына сұсты басып,
Қандай жігіт болса да, қалтылдаған.
Феруза алтын білезік білегінде,
Күні-түні жігіттер тілегінде.
«Сабыр етіп, шыдап тұр», – деген сөзі
Жалындар жігіттердің жүрегінде.
Феруза яқұт жүзік бармағында,
Жеңгелері жүреді жан-жағында.
Жеңгесіне жалынып кей жігіттер,
Айналшықтап жүреді жол жағында.
Меңеш:
Екі жақсы қосылса, жардай болар,
Біреуіне біреуі балдай болар.
Айтуыңнан қыздарың әдемі екен,
Жігіті сіздің елдің қандай болар?
Әжінияз:
Жігіті біздің елдің болар қошақ,
Белінде алтын кемер алмас пышақ,
Астында арғымақ ат арқыраған,
Үстінде ақ басты, ер басы шашақ.
Басында алтын жүген, қос құйысқан,
Жалпуыштың шашағы құшақ-құшақ.
Алтын ғұбба өткерген құйысқанға,
Маржандап кекіліне таққан моншақ.
Қарақалпақ та қазақтай ұлы халық,
Көрмей, білмей, сыртынан етпе сықақ.
Меңеш:
Қонаққа ақ киіз сал, кел ғанибет,
Қонаққа аттанғанша тәрбие ет.
Қиын-қыстау болмаса жұмысыңыз,
Молдеке, біздің үйге түстеніп кет.
Әжінияз:
Кыз Меңеш, түстенбеймін, қондырмасаң,
Қонатын көрпе жауып тоңдырмасаң,
Көрпе жабады екен деп қуанбаймын,
Қонағыңа бір қозы сойдырмасаң.
Меңеш:
Қонағым, кетсең, қайтып келмейсің бе?
Біздерде қозы жоғын білмейсің бе?
Семіздігі қойда жоқ, қошқардан ту,
Бітеу саулық мен сойсам жемейсің бе?
Әжінияз:
Қон десең, қонбай, Меңеш, не қыламын?
Сенің әрбір сөзіңді сағынамын.
Тамақты тәлімсімейін «Жемеймін», – деп,
Сонда да саулық деген аты жаман?
Меңеш:
Қылмады екеумізді нәсіп қосақ,
Балдай тату болар ек жұпты болсақ.
Семіз бір саулық сойсам, сойдырмайсың,
Жейсің бе сойсам семіз, бітеу тұсақ?
Әжінияз:
Тұсағыңды мен үшін сой демеймін,
Меңеш, өзің сойсаң, мен қой демеймін.
Қыз Меңеш, қозыңды сой, көзің қиса,
Қозың тұрып, тұсақты мен жемеймін.
Меңеш:
Мал тапсаң, кірей сал да, Бұхарға бар,
Мыңқ етпес кеп жүк артсаң бір қызыл нар.
Молдеке, қозы жесең, сояйын мен,
Пышақты көтермейтін бір қозым бар.
Әжінияз:
Келдім мен көрейін деп сол қозыңды,
Үміт үздім, есітіп мен сөзіңді.
Ат терлетіп, алыстан сұрап келдім,
Мені десең, сой, Меңеш, сол қозыңды.
Меңеш:
Семіз ет жесең болар көңілің тоқ,
Соятұғын саған еш сау қозым жоқ.
Бір қырқар кенже туған бір қозы бар,
Сүйегі қатып, семіріп, ер жеткен жоқ.
Әжінияз:
Семірді де, ер жетті қозың сенің,
Семіргенін көрмейді көзің сенің.
Төсіне сол қозының қол толғандай,
Соймаған соң кенжедей қозың сенің.
Меңеш:
Тақсыр-ау, жас қозыны сен сой дейсің,
Қозыны жерсің тағы бізге келсең.
Алдында саулық етіне бір тойып ал,
Ұшынасың, қозы етін бірден жесең.
Әжінияз:
Қыз Меңеш, мал – сенікі, қалай етсең,
Келмеймін, ашуланып, қайтып кетсем.
Ұшынсам, жазылармын үш күн жатып,
Өзіңдей кексе қызға мен үшкіртсем.
Меңеш:
Бір дертіңе жарар-ау, ала байтал,
Жолаушы қосарыңа қосақтап ал.
Ауру қозым тұрып, сауын сойсам,
Ол кезде болмай ма екен, тақсыр, обал?
Әжінияз:
Жайлайды Жайық бойын Жағалбайлы,
Қыз Меңеш, сөзің ащы, тілің майлы.
Құрметтеп, саулығыңды сойсаң маған,
Сауабы бар, келді ғой бір ыңғайы.
Күз болып, мизан түссе, қайтар киік,
Мергендер киік аулар шоқай киіп.
Қозы сойып, молданың батасын ал,
Болмаса, біреу алар ұрлап, сойып.
Меңеш:
Молдеке, сұғың өтті қозыма менің,
Бұл қозыма назарың сіңді сенің.
Қозымды сойып, сені мен қондырмасам,
Назарыңды қайтарып болмас сенің.
Әжінияз:
Әжінияз да кем емес Шернияздан,
Қол үздік, алып кетсем сендей қыздан.
Алтыннан айдары бар ұл туарсың,
Қой сойып, алғыс алсаң Әжінияздан.
Меңеш:
Мен сойсам, қозымды ырзалық бер,
Көп болғанда, молдеке, бір санын жер.
Тілегің қабыл болды, тақсыр, сенің,
Қол жаятын, молдеке, пәтие бер.
Әжінияз:
Меңешжан, баққан малың семіз болсын,
Бақытты бол, толғансаң, егіз болсын.
Қойдай қоздап, егіздеп қояндардай,
Төрт жылда ұлың-қызың сегіз болсын.
Балларыңның бәрі де батыр болсын,
Жамылғаны жау кірмес шатыр болсын.
Айбаты артсын ұл және қыздарыңның,
Баһадүр — бірі мыңға татыр болсын!