Әжінияз бен Меңеш қыз айтысы (6-бөлім)
Әжінияз Қосыбайұлы, Меңеш қыз · 2 мин оқу
Меңеш:
Ауылымның қонған жері сыбан тоғай,
Қазаққа сен келгелі болды неше ай?
Аларсың елтіріні ақша берсең,
Елтірісін мүт бермес, ешкім оңай.
Әжінияз:
Ауылыңның қонған жері болса тоғай,
Бұл жаққа мен келгелі болды үш ай.
Мүт бермесең, теріңді мен алмаймын,
Пұлға сатып алмаса інгуш, ноғай.
Меңеш:
Елтірі жоқ, бар алсаң қой-пойы мүт,
Елтіріге қазақтың өзі де жұт.
Аман барсаң, балаңа тон етерсің,
Тері-терсек берейін, тілесең мүт.
Әжінияз:
Мен алайын елтіріңізді, тілесең мүт.
Бермесең осы жерде-ақ қалар ұмыт,
Тілегенде бермеген елтіріңді,
Берерсің, інгуш, ноғай, келсе, якут.
Меңеш:
Молдеке, еліңе қайт жинасаң мал,
Қайтпасаң, жеңешеме болар обал.
Басқаға бар елтірім, саған дым жоқ,
Ішіңе пышақ ұр да, жарыла қал.
Әжінияз:
Мәмбет төре бас болып келеді қол,
Жүргендіктен көп әскер қазылар жол.
Мегежіннің санын иттен неге аяйын?
Маған десең, шүршіттің қатыны бол.
Меңеш:
Меніменен айтысып, тіреуің кім?
Көп ішінде сүрінсең, сүйеуің кім?
Қалмақсың ба, сартсың ба, сауансың ба,
Әкеңнің қойған аты, сүйегің кім?
Әжінияз:
Сүрінсем, көп ішінде халық – сүйеуім,
Тыныштық, сүрінбегей ақ тілегім.
Әкемнің қойған аты – Әжінияз,
Сұрасаң, қарақалпақ – түп сүйегім.
Меңеш:
Жарар еді, Қожеке, сарт болмасаң,
Сақалыңа ақ енген қарт болмасаң.
Біздерден қолды жайып бір тілерсің,
Молдеке, осы бүгін ат болмасаң.
Әжінияз:
Мен тілермін әлі де сен бермессің,
Біздердей мүсәпірді көзге ілмессің.
Мен де бір аса жұрттың адамы едім,
Қыз Меңеш, қадірімді сен білмессің.
Меңеш:
Кел дедің де, мен саған келмедім бе?
Мен сенің қадіріңді білмедім бе?
Тақсыр-ау, айтшы менен не тіледің,
Тіледің де, мен саған бермедім бе?
Әжінияз:
Астыма мінген атым сұр қара жал,
Көкірекке бір бөлек келді қиял.
Өзің айттың, күн бұрын тіле сен деп,
Ал тіледім, қыз Меңеш, қойныңа ал.
Меңеш:
Астыма атым мінген сұр қаракер,
Сұр қарадан ағады сорғалап тер.
Ағеке, аңдап сөйле көп ішінде,
Есітсе, Бегеш сенің етіңді жер.
Әжінияз:
Болғасын кәрі Бегеш сүйген байың,
Белгілі болып қалды сенің жайың.
Бегештен сен қорықсаң да, мен қорықпаймын,
Мінермін биесінің сұрап тайын.
Меңеш:
Жемдесіп Адай, Түркпен салған бұл жол,
Күз болып, мизам түссе, қазылар жол.
Талақтай жабысқаннан айырылмайсың,
Қойным емес, мойнымнан садаға бол.
Әжінияз:
Өлеңге мен де жетік, сен де жетік,
Жетік болсаң, айтсайшы мендей етіп.
Ақ Меңеш, шал байыңды аңдайсың ба?
Ақсақал, көзі қызыл, тісі кетік.
Өзіңе келер сөзді білмейсің бе,
Мен садаға болайын сенен нетіп?
Меңеш:
Не тәтті бұл дүниеде тәтті екен тұз,
Не суық, өлім суық жүректе мұз.
Молдеке, сенен мен бір сөз сұрайын,
Бар ма екен еліңізде шырайлы қыз?
Әжінияз:
Кыз Меңеш, қыз ішінде сен көз ойнақ,
Келіспес сұлу қызға кінә қоймақ.
Көрмеге сұлу қыздар қарақалпақта,
Балдызым, саған қайда ондай болмақ?
Меңеш:
Қыздарыңыз үстіне не киеді,
Мерекеде, көшкенде не мінеді?
Қарақалпақ ел, – дедің, – шежірелі,
Бұрынғыдан, соңғыдан не біледі?
Әжінияз:
Киеді көк сауырлап кебіс-мәсі,
Өңірінде өндір моншақ, он түймесі.
Ат қосып Айтта, тойда мінер арба,
Отырар қатарласып он-он бесі.