Әжінияз бен Меңеш қыз айтысы (5-бөлім)
Әжінияз Қосыбайұлы, Меңеш қыз · 2 мин оқу
Әжінияз:
Мен келдім есен-аман халқым көріп,
Атам менен анама сәлем беріп.
Не қылсаң да, өзің біл ендігісін,
Бір ақ сұңқар қолыңа қонды келіп.
Меңеш:
Молдеке, өмір жасың ұзын болсын,
Үстіңе киген тоның қызыл болсын!
Енді сенен жол болсын сұрасайын,
Тойханаға келіпсің, жолың болсын!
Әжінияз:
Мен есіттім қазақта пұл қымбат деп,
Келіп едім көрейін асыл зат деп.
Өз еркіме қоймады мырза Қожбан,
«Қыз Меңештің қасында өлең айт!» – деп.
Меңеш:
Мен өзім қызыл тілге жұрттан озған,
Өлеңшіні көргенде, арқам қозған.
Жатып қалған жеріңнен сүйрелектеп,
Өлең айт деп, әкелді ме мырза Қожбан?
Әжінияз:
Өлеңге сен де озған, мен де озған,
Мен де сендей қыз көрсем, арқам қозған.
Қазір емес, кейіндеу мені сына,
Тосаңдығым бар менің соңдау қызған.
Меңеш:
Қазақта жоқ өлеңге менен озған,
Көргенде өлеңшіні арқам қозған.
Көсіліп, жолым үйде жата бермей,
Жеңемін деп келдің бе, молда жазған?
Әжінияз:
Өлеңге сен де озған, мен де озған,
Мен де жақсы қыз көрсем, арқам қозған.
Қалай айтсаң, солай айт, ей, қыз Меңеш,
Шайтаным сескенбейді сендей қыздан.
Меңеш:
Құр айқай дым шықпайды ерегістен,
Ерегісте бір сөз кетсе, шықбас естен,
Қазаққа өлең келіп, қонып өткен
Сондықтан жеңілерсің қыз Меңештен.
Әжінияз:
Мен өзім өлең бастап, айта алмаймын,
Біреу айтса, өлеңді қайтармаймын.
Жөн өлең айт, тәлкек айт, қайымын айт,
Сен бастасаң, ізіңнен қайта алмаймын.
Меңеш:
Аулымның ақсақалы – Қасым, Тасым,
Біздерді сұрап барсаң, тең құрдасым.
Келбетің, өне бойың келісіпті,
Жылың не? Айтшы маған, неде жасың?
Әжінияз:
Той күні қызыл тонды киесің бе?
Отына ғашықтықтың күйесің бе?
Жаспын ғой, жасым – қырықта,
Меңеш, менің,
Жасымды сұрап, маған сен тиесің бе?
Меңеш:
Қырыққа келген болсаң, жылың – қой да,
Қызығы жігіт, қызға өлең – той да.
Мен саған жанымменен тиер едім,
Әке-шешем біреуге беріп қойды.
Әжінияз:
Әкең бермей не қылсын, мал болмаса,
Ішуге айран, жеуіне нан болмаса?
Хауанадан қалған жол нетер дейсің,
Күйеуің алпыс жасар шал болмаса.
Меңеш:
Сұр қара су ішеді, жем бермеймін,
Қысы-жазы мінемін, дем бермеймін.
Шал да болса, ол – Бегеш – өзіме жас,
Бегешті бозбаладан кем көрмеймін.
Әжінияз:
Қыз Меңеш, Бегештей шал байың-дағы
Асылған кәтептегі нарың-дағы.
Ақ отауға лайық қыз екенсің,
Шал байың тек өзіңнің сорың-дағы.
Сені алған – мынау шалың – Бегеш болса,
Түнде байың, күндіз бір құлың-дағы.
Шал да болса, өзіңе құтты болсын,
Бірақ кетпес құлақтан зарың-дағы.
Меңеш:
Айт өлеңді, келмесе, кері есегің,
Ұстамаса бұл тойда еріншегің.
Тақсыр-ау, көрінгенге мін таққандай,
Қамардай аруақ па келіншегің?
Әжінияз:
Жиылып тамам Тама, Табыншы жоқ,
Мастай сардар қазақтың ханында жоқ.
Үйімде қатыным бар айдан сұлу,
Қазақтың он қызы бір санынша жоқ.
Меңеш:
Қазаққа сен жеріңнен неден келдің?
Жоғарыдан, төменнен не кәп білдің?
Жібермесін обалы жеңешемнің,
Оны тастап, қазаққа не деп келдің?
Әжінияз:
Қарақалпақтан қазаққа мал деп келдім,
Жоғарыдан, төменнен әр гәп білдім.
Өзіңдей ұлы ақын мырза қыздан,
Елтірі, сеңсең тері сұрап келдім.