Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қожабай мен Құлтума айтысы (1-бөлім)

Қожабай Тоқсанбайұлы, Құлтума Сармұратұлы · 2 мин оқу

Қожабай:
Атбасар дуанында үлкен базар,
Төңірекке мойын бұрып, салдым назар.
Жиналған халықтың бәрі басын қосып,
Бабына келген жүйрік топтан озар.

Сыртыңнан естіп жүрмін, Құлтума аға,
Ежелден жасың үлкен, алтын жаға.
Сіз де бір белгілі орын – асқар таусыз,
Құйса да, таусылмайтын қорлы саба.

Ежелден білетұғын елдің жайын,
Адамсың шешен туған, сөзге дайын.
Бәріміз Орта жүздің баласымыз,
Көп созып, сөз аяғын не қылайын?!

Сөйлеуге ұлықсат ет, мынау көпке,
Тұрмайық, екеуміз де бекер текке.

Ағасың – жасың үлкен, жол сұраймын,
Аға едің ақыл берген шын жүректен.
Бақ қонған Орта жүздің баласына,
Түспейін екі тайдың таласына.
Жауап бер өз аузыңнан, жасың үлкен,
Лайық аға-інінің арасына.

Ау, аға, не себептен үндемейсің?
Я, ал, жолыңызды бер демейсің.
Отырсың көп адамның ортасында,
Шырағым, аттан түсіп, кел демейсің.

Құлтума:
Найман да Орта жүздің бір баласы,
Ешкімнің Құлтумаға жоқ таласы.
Сен жігіт, тәлкегің бе, неғып жүрсің,
Найман түгіл, сөз айтпайды үш алашы.

Бермеймін, ешкімге жол өлгенімше,
Ақынды сендей-сендей көргем неше.
Шайқаспа меніменен, Қожабайым,
Еш адам тоқтатқан жоқ тілден келсе.

Ертеден шапқан бозбын топтан озған,
Талай жан жетемін деп қолын созған.
Орныңнан тұра алмассың мен сөйлесем,
Боп жүрме, сен, жігітім шайтан қозған.

Найманнан ақын болсаң, шыққан жарып,
Белгілі Құлтумамын – қазулы арық.
Алтайда Аққошқардың ақынымын,
Бақ қонған жеті атадан Қыдыр дарып.

Найманның боласың сен қай баласы?
Ежелден Арғын болад ел жағасы.
Құлақ сап, тыңдап отыр жұрттың бәрі,
Секілдісің домалайтын таудың тасы.
Сенен бұрын Құлтумамын топты көрген,
Жөн сұрап, талай ақын соңыма ерген.
Айтып бер, ата-бабаң кім болады,
Мәгәрде жігіт болсаң, сөзге мерген.
Тауып бер қай уақытта сұрағаным,
Сөзіне ренжіме бұл ағаның.
Өлеңді бас жоқ, көз жоқ қоя бердің,
Жөнін сен көрсетіп айт праваңның.

Қожабай:
Құлеке, көне екенсің көпті көрген,
Талай жан, – деп айтасың, – соңыма ерген.
Мен-дағы – Сарыарқаның қыранымын,
Биіктен аса ұшып, қанат керген.
Найманда атам Қожас деп айтады,
Төрт мың үй осы күнде содан өрген.

Байлыққа мал мен бастың төккен нұрын,
Болғанда тілім тәтті, сөзім – шырын.
Ұранды Сандыбайдың ақынымын,
Үш жүзді кім бастап ед менен бұрын?!

Еліңді кеткенінде қалмақ шауып,
Сонда сен барып едің мені тауып.
Сандыбай алып берген сол кегіңді,
Дұшпаннан беті қайтып, етпей қауып.

Үш жүздің қорған болған баласына,
Сонан соң қонған халқым қонасына.
Сағындық батыр, Мұсаң бұрын өткен,
Осылардың қатарына барасың ба?
Шерінде әкеп берген атаңызға
Осыдан халық алдында танасың ба?

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз