Әжінияз бен Меңеш қыз айтысы (4-бөлім)
Әжінияз Қосыбайұлы, Меңеш қыз · 2 мин оқу
Меңеш:
Қонақты күтіп жүрген қыздар қайда?
Молдекең келіпті ғой, атын байла.
Тойханаға қонақты алып келіп
Аш болса, ет, шөлдесе, суар шайға.
Әжінияз:
Ішпеймін шайыңды да, майыңды да,
Аңсатайын ару деп айыңды да.
Шақыртқан қыздың өзі келіп жылдам,
Берсін ол тойханадан шайымды да.
Меңеш:
Біз де жүрміз аман-сау осы тойда,
Көрсетіп қолғабысты осындайда.
Көңілін ашсын, келсін деп шақырғанмен,
Ұмытпаймын, орның бар, келсең тойға.
Әжінияз:
Қатты таңып тастаған керегеге,
Мырза Қожбан әкелді мерекеге.
Себебін Қожбаныңнан өзің сұра,
Елде жоқ ерсі істі еткен неге?
Меңеш:
Қожбанды жақсы адам деп мақтамаймын,
Жан күйер жекжатым деп жақтамаймын.
Сенің де аздап күнәң болған шығар,
Адал деп Қожбанды да ақтамаймын.
Әжінияз:
Бергендей қолын байлап мұнша қорлық,
Үйіне кіріп, етпедім оның ұрлық.
«Шақырған тойға неге бармайсың?» – деп,
Керегеге байлауы өте зорлық.
Меңеш:
Шақырғанға бармаған сенікі – айып,
Той болса, қалмай барар ақсақ-майып.
Қадірлеп шақырғанда келу керек,
Өлең айтып, атыңды халыққа жайып.
Әжінияз:
Жиреншедей болғансып сөзге шебер,
Ел алдында мен сені жеңсем егер,
Намыс қып ағаларың өлтіреді,
Жеңілсем, Қожбан тірілей етімді жер.
Меңеш:
Мен айтамын өлеңді кемеңгердей,
Өлеңді айта алмайды ешкім мендей.
Қара өлең сақтап қойып азық болмас,
Өлеңді айт дегенде қоя бермей.
Әжінияз:
Құдашам, өлеңшімін мен де сендей,
Мен де айтамын өлеңді Жиреншедей.
Айтысып тойда талай қыздарменен,
Еліме қайтқаным жоқ қызды жеңбей.
Меңеш:
Өлеңді мен айтамын ентелетіп,
Жүрекке азық етіп, жем тілетіп.
Жездеке, ақын болсаң, неге айтпадың?
Адамның ет жүрегін елжіретіп.
Әжінияз:
Ойланбаймын мен босқа өлеңшідей,
Мен айтамын өлеңді еш мүдірмей.
Айтайын деп өлеңді аузымды ашсам,
Бұлақтай ағар өлең кезек бермей.
Меңеш:
Сөздерің соқтығысса, қысқы сеңдей,
Той болса, менімен де келсең теңдей.
Меңеш қызды жеңуге болсаң құмар,
Мен де, құда, қоймаймын сені жеңбей.
Әжінияз:
Өлең айтсам, қыздардың ауар есі,
Қозып кетер қыздардың делебесі.
Қыз Меңеш, өлең айтсам сенен қалмас,
Әжінияз да –заманның Жиреншесі.
Меңеш:
Жақсы өлең айтып берсең сырластарға,
Қадіріңді ұмытпас құрдастар да.
Қарманып қал барыңды осындайда,
Бүгін тойда айтқандай сөзің бар ма?
Әжінияз:
Қыстай бермей қойып тұр, сөзіңді, қыз,
Көруге келіп едім өзіңді, қыз.
Шымылдықтан шықпайсың, лайық па?
Көрсетші, құдаңа бір жүзіңді, қыз.
Меңеш:
Ағеке, айтып өлең арыдың ба?
Болмаса, жасың жетіп қарыдың ба?
Қызы едім Тамадағы Байтұрсынның
Ағеке, енді мені таныдың ба?
Әжінияз:
Мен өзім өлең айтып, арымадым,
Бір арманым – еліңе дарымадым.
Қазақта Меңеш те көп, Дәмеш те көп,
Бұрыннан көрмегенсін, танымадым.
Меңеш:
Молдеке, былтыр мені көрмедің бе?
«Меңеш», – деп, көңіліңді бөлмедің бе?
Қайтқанда Арал жақтан баламенен —
Қасыма су бойында келмедің бе?
Әжінияз:
Көрінер жүзің жылы бір көргендей,
Күні-түні көрісіп, бір жүргендей.
Былтырғы су бойындағы жалаңаш қыз
Сен бе едің сынық өркеш, кәрі інгендей.
Меңеш:
Астыма атым мінген сұр қаракер,
Ағады сұр қарадан сорғалап тер.
Көрісу құрмет дейді ғұламалар,
Молдеке, көрісейік қолыңды бер.