Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әжінияз бен Меңеш қыз айтысы (2-бөлім)

Әжінияз Қосыбайұлы, Меңеш қыз · 2 мин оқу

Меңеш:
Той болса, бай баласы қамқа киер,
Арғымаққа алтын ер салып мінер.
Болмаса, менде қасың тұз татпастан,
Қарама, ашкөз неме, көзің тиер.

Әжінияз:
Көшпелі халық, рулас: қырғыз, қазақ,
Қойы көп, құмды жайлар Тілеуқабақ.
Кұдаша, көз тиер деп күмәндансаң,
Тезірек молдекеңнен дуа алып, тақ.

Меңеш:
Желмая берсем, біліп желер ме екен,
Құдағай деп шақырсам, келер ме екен.
Назары өтпей, көп етіп берсем нәзір,
Молдекең барсам дұға берер ме екен?

Әжінияз:
Қасында тұрса, әділ екі куә,
Түнесең, молда саған берер дуа.
Сиясы дақ түспеген таза сия,
Дуасын тапсаң болар дертке дауа.

Меңеш:
Жолаушы, қайдан жүрсің сәлемің жоқ?
Анау-мынау болса да, әлемің жоқ.
Молдеке, дуа берем деп мақтанасың,
Қасыңда сия және кәлемің жоқ.

Әжінияз:
Дуа жазсам, табылар сияданым,
Сені көріп, жанып тұр зығырданым.
Дуа емес, берермін дертке дауа,
Жүрегіңнен жай тауып жайнар жаның.

Меңеш:
Жүрегім дуаңмен де жазылмайды,
Тілегім, молда, сенен табылмайды.
Дуаңды бір сапарға алып тақсам,
Жүрегім одан сайын жалындайды.

Әжінияз:
Жүрегің жанса суыт жуалармен,
Дем салсын молда оқып дуалармен.
Көңілі ақ молданың демі қабыл,
Егер қорықсаң, барайын куәлармен.

Меңеш:
Куәңнің бірі – есек, бірі – бала,
Сол үшін ісің болар сенің шала.
Дем салып, дуа беріп, оқимын деп,
Алабыртып жүрерсің соңын ала.

Әжінияз:
Қайнаған су ішерсің, ішкің келсе,
Шиын орар, шалы емес, шиын сепсе,
Мұқтаж болып сен жүрме молдекеңе,
Қайтып келмес, көңілі қалып кетсе.

Меңеш:
Қаршыға ма, молдеке, қолыңдағы,
Өзіңдей қалпе екен ұлың-дағы.
Есегің де, өзің де сақ екенсің
Жантардан қалай өттің жолың-дағы?

Әжінияз:
Құдаша, есегіме неге күлдің?
Бұлақтай тасқан көңілім неге бөлдің.
Бала – менің қуатым, есек – атым,
Бұлбұлым, сәнім менің, қызыл гүлім.

Меңеш:
Қазақтар Орынбордан құс алады.
Жаз алып, күз қайтарып, қыс салады.
Құм шыжғырған кездерде құс көтеріп,
Молдеке, сенің құсың не алады?

Әжінияз:
Бұл құсым қу да алады, қаз да алады,
Бәрібір, қыс та алады, жаз да алады.
Алдынан қашқан аңды құтқармайды,
Жіберсем, сендей жақсы қыз да алады.

Меңеш:
Ақ сұңқар ма құсыңыз, алсары ма?
Есек мінген адамға жарасар ма?
Құсыңыз аң құтқармас қыран болса,
Бір жерінде қырандық белгі бар ма?

Әжінияз:
Аңға салсам, мен алып аяқбауын,
Алады жылдам барып қашқан аңын.
Күн сайын қырық-елуден қайтарады,
Саған айтсам, құдаша, сөздің сауын.

Меңеш:
Құсыңыз көп ұқсайды жапалаққа,
Жапалақ шыға алмайды, кірсе баққа.
Аңдар көп ту сыртында біздің елдің,
Жіберіп көр құсыңды біздің жаққа.

Әжінияз:
Құсымның тырнағы бар ілетұғын,
Тасқа салсам қамырдай тиетұғын.
Барар едім мен алып ауылыңа,
Қалпе бар ма кәдірін білетұғын?

Меңеш:
Құсыңның түрі ұқсар алагүтке,
Алагүт аң ала алмас, қанар шөпке.
Алагүт төгер сенің, абыройыңды,
Құсым бар деп көрсетпе мұны көпке.

Әжінияз:
Үрпитіп ұшқан кезде әр қанатын,
Көз ілдірмей іледі көрген затын.
Бүркіт пе, жапалақ па сонда білер,
Құсымның көрген адам кереметін.

Меңеш:
Бүркіт деп жаман құсты мақтай бердің.
Жапалақты сұңқар деп сақтай бердің.
Есегіңнің үстінен түсірместен,
Бір түйір жем де бермей қақтай бердің.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз