Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әжінияз бен Меңеш қыз айтысы (3-бөлім)

Әжінияз Қосыбайұлы, Меңеш қыз · 2 мин оқу

Әжінияз:
Тұйғыным түнде тойған, тамағы тоқ,
Жанында қалпесі тұр, қайғысы жоқ.
Құсымның кереметін көрсетемін,
Жүрегіңде ғашықтық лауласа шоқ.

Меңеш:
Бұл құсың тоғай-тауда ұшпаған құс,
Есектің үстінде тек ұстаған құс.
Ұшырып байқайық та, құр мақтамай,
Біз сонда алғыр болса сұқтанармыз.

Әжінияз:
Жібермеймін бұл құсты қолдан жырақ,
Жіберсем жаздырмайды өте ширақ.
Жіберсем жаралайды, пайдасы жоқ,
Бүркітім манжам салса, бүрер демде-ақ.

Меңеш:
Бүркітің бүргіш болса, бүре қойсын,
Ұшына тұяғының іле қойсын.
Құсың сыры өзіңе мәлім болса,
Әлін біліп, үндемей жүре қойсын.

Әжінияз:
Бүркіттің бүрері бар, алары жоқ,
Жолдас болсаң, жан бермей қалары жоқ.
Бүркітім алған аңын берер едім,
Жалынбасаң, аузыңа салары жоқ.

Меңеш:
Жаным барда ешкімге жалынбаймын,
Жаны жоқ, сылқымдарға салынбаймын.
Менің де дүкенім бар түзейтұғын,
Бүркітіңнен пәнт жесем, налынбаймын.

Әжінияз:
Көрейік дүкеніңді, қандай дүкен?
Көрмегенше көкірекке қонар күмән.
Дүкеніңнің ұстасы дұрыс болса,
Өнерін үйренуге болар ма екен?

Меңеш:
Көңілің ауа берсе, көрген қызға,
Қандай адам болса да, болар қызба.
Есіткен ерсілерге елереңдеу,
Айтыңызшы, ұқсамай ма ақылсызға?

Әжінияз:
Жақсы ма, көргеніңді көргенім жоқ,
Сөз айтып, құлағымды түргенім жоқ.
Құдаша, сөз айтасың, қалай-қалай,
Кісіден ақыл сұрап көргенім жоқ.

Меңеш:
Кешіре гөр артық кетсе, ақылы кәміл,
Тасқындап, күш бермейді бұл – жүйрік тіл.
Аңдаусызда мен сізге бір сөз айттым,
Базнасындым, басқасын енді өзің біл.

Әжінияз:
Пәнт жерсің, сөйлей берсең, жүйрік тіл деп,
Бас иерсің, ұялғаннан өзің біл деп.
Дариядай көңіліңді тасқындатып,
Түсіндің бе сен мені қара зіл деп?

Меңеш:
Сөздерім шартарапқа кетер тарап,
Кәне, бір сөйлесейік тура қарап.
Көрейін келбетіңді көзімменен,
Жүрерсің, мүмкін, ауыр күнге жарап.

Әжінияз:
Мен өзім, «Мені көр» деп мақтанбаймын,
Жағаласқан жаманнан жасқанбаймын.
Сыр секілді, мұңды қыз сырын айтып
Сөйлесе, одан сырды сақтамаймын.

Меңеш:
Қуанбассың, мен жылап қалғаныммен.
Жеттім деп жығылып өтер жалғанымен
Толысып келе жатыр күшім-дағы,
Мені әзір жыға алмассың шалғаныңмен.

Әжінияз:
Мақсатым, шалу емес, жығу емес,
Суға жіберіп, мен аман шығу емес.
Жігіттер, қыздар жетсе, мақсатына,
Кім оған бере алады кеміс кеңес?

Меңеш:
Құда бала, кеңесің жақсы кеңес,
Бірақ та дүниеқорлық жақсы да емес.
Көтерген құсың жаман болғанымен,
Айтқан сөзің есімнен шығар емес.

Әжінияз:
Құсыма келе бердің тағы айналып,
Ол да тұр ұшайын деп оңтайланып.
Құсымның қай жерінен мін табасың?
Көтерген жігіт те тұр шырайланып.

Бұдан кейін Әжінияз Меңешпен тойда кездесіп айтысады:

Әжінияз:
Жігіттер, сәлем бердік жамбастаған,
Әр жерде өлең айтып, аластаған.
Қазақтың өлең айтқыш қызы қайда,
Біз келмей, жалғыз өзі той бастаған?

Жігіттер:
Жігітін күзет қойып қарсы жауға,
Ақ сұңқарын қондырған Алатауға.
Меңешпен бұл айтысып, мауқын бассын,
Қонақты алып барыңдар ақ отауға.

Әжінияз:
Аяқ-қолым байлаулы аруанада,
Қожбан аға әкелді тойханаға.
Қонақ келді, қайдасың өлеңші қыз?
Ашуланып қайтпасын Қожбан аға.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз