Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әжінияз бен Меңеш қыз айтысы (1-бөлім)

Әжінияз Қосыбайұлы, Меңеш қыз · 2 мин оқу

Әжінияз:
Кездейсоқ жау келсе де, тартынбаған,
Көлдегі үйрек-қаздай қаңқылдаған.
Құдаша, сәлем бердім көруден-ақ.
Жүзің бар жазғы таңдай жарқылдаған.

Меңеш:
Сізге мен суда тұрып, назар салдым,
Ағеке, сәлеміңді әлік алдым.
Кейінірек тұрыңыз киінгенше,
Келгеніңді қапыда білмей қалдым.

Әжінияз:
Біз – жолаушы, кет десең, әжеп болар,
Біздейден ұялғаның әдеп болар.
Кеткенсін өкініп жүрме, киініп кеп,
Шақыру кеткеннен соң ұят болар.

Меңеш:
Бұратана, кетсең де, бақырмайын,
Артыңнан келе қой деп, шақырмайын.
Қыз емеспін қызығып, көрсеқызар,
Көрінгенге көз сатып, не қылайын?

Әжінияз:
Қарындас, қусам, қашып жеткермейсің,
Озбақ болсам, тұсыңнан өткермейсің.
Айтқан сөзің соңына мен қарасам,
Қарындас, онша мені жек көрмейсің.

Меңеш:
Осы жерде айтпайын оңы-солын,
Жігіт болсаң, ақтаңыз істің соңын.
Су ішінде үстіме келіп қалып,
Араңдап, сұрай ма екен қыздың мұңын?

Әжінияз:
Тал түсте жолым түсіп, келіп тұрмын,
Басыңда қайғы барын біліп тұрмын.
Қарындас, онша мені жек көрмейсің,
Көзіңнің қарасынан көріп тұрмын.

Меңеш:
Басымдағы қайғыны білсең болжап,
Қайғыдан құтқарарсың бізді қолдап.
«Қайғыдан құтқарам», – деп, алып кетіп,
Мені сен сатып жүрме жолда пұлдап.

Әжінияз:
Қапасты бұзып ұшқан мен – қаршығаң.
Арандап келдім, шынын айтсам, саған.
Қайғыдан құтқарайын мақұл көрсең,
Мейірбандық етешек болсаң маған.

Меңеш:
Басымдағы бас жіпті үзе алмассың,
Жалғыз өзің қайықсыз жүзе алмассың.
Мейірбандық етер ем, «мақұл» дер ем,
Тыныш жолмен тұрмысты түзе алмассың.

Әжінияз:
Қарындас, сен де жалғыз, мен де жалғыз,
Халқымыз бар, «жалғызбын» деме әркез.
Беліңді бұраңдатып, алып барсам,
Атам, анам, халқым да айтар алғыс.

Меңеш:
Қосағыңның, көңілі қалыс шығар,
Жолдасыңның шеккені налыс шығар?
Кім барса да, қызығып кетпейтұғын,
Айтуыңша аралық алыс шығар?

Әжінияз:
Айтсам, мен әңгіменің ақиқатын,
Жолы ұзақ болса да, жүрек жақын.
Құдаша, қорықпай-ақ қой қалтырақтап,
Ауылыңда жүре бер болсаң ақын.

Меңеш:
Тырысып, ерегестік біз бірталай,
Көңілім соқса, жүректе соғар солай.
«Хан да болсаң, келсапты әкел» деген,
Көйлегімді әперсең, болар қалай?

Әжінияз:
Білгіш қызы екенсің осы байдың,
Рухын көп түсірме ақыл-ойдың.
Көрмей тұрмын, көздерім бұлдырай ма?
Құдаша, көйлегіңді қайда қойдың?

Меңеш:
Көйлегімді жасырып, қинамаңыз,
Су ішінде сарғайтпа, сыйласаңыз.
Танымаған адамсыз, тілім тиер,
«Құдаша» деп көп ойнап, не қыласыз?

Әжінияз:
Тимесем де, тие ме тілің сенің?
Шаңқай түсте шомылған, мінің сенің,
Қыз алысқан құдамын қазақпенен,
Мазақтау емес, дұрыс сөзім менің.

Меңеш:
Бізге де өте жақсы тамыр болсаң,
Қашық емес ауылым, барып қонсаң.
Көйлегімді жасырып, қысылдырып,
Жолығарсың бір іске, сөзді қусаң.

Әжінияз:
Атамыз – Әнес, Мәлік – екі арыс,
Қазақтармен біздің ел қатым-қарыс.
Бәлеге жолыққандай не күнәм бар?
Жүйріктерден озармын, болса жарыс.

Меңеш:
«Тумалар жинал, құда келді», – десем,
«Шырағым», – деп, күтіп алар әке-шешем.
Жарыста бәйге алған жүйрік болсаң,
Судан шығып, айтысайық, болсаң шешен.

Әжінияз:
Судан шықсаң, жылдам шық, жата бермей,
Көйлегіңді киіп ал, адам келмей.
Судан шық, содан кейін сөйлесерміз,
Кетермін көп мініңді елестірмей.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз