Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Түбек пен Жәмшібай айтысы (2-бөлім)

Түбек Байқошқарұлы, Жәмшібай · 2 мин оқу

Түбек:
Темірден аяғыма салған таға,
Артылған көп ақыннан біздің баға.
Құдай берген көп малдың есебі жоқ,
Алаштан жалғыз асқан Серғазы аға.

Жәмшібай:
Жылқысы Темірболат Қаракөктен,
Найманға мен сөйлеймін өктем-өктем.
Он құлынды биеден айдатады,
Байыңды айт, кәне, асарлық Әкімбектен?!

Түбек:
Ойға алар дін мұсылман бір Құдайды,
Өлеңге Түбек қардай бұрқырайды.
Жүз алпыс түйе өзінен боталайды,
Айтамын, ашулансам, Іңкәрбайды.

Жәмшібай:
Жайлауға ыстық түспей, ел келмейді,
Дауысым, өлең айтпай, жөнделмейді.
Қабылдың көп жылқысы суға түссе,
Басқа малға бір тесік жол бермейді.

Түбек:
Жәмшібай, меніменен ісің бар ма,
Менімен тарпысарлық күшің бар ма?
Елімде Көшелектей шежірем бар,
Соған лайық табарлық кісің бар ма?!

Жәмшібай:
Сыйынар дін мұсылман жалғыз Хаққа,
Құдайдың, кім таласар, берген баққа?!
Күнтайдың немересі Есқара би,
Япырмай, сол кәріңнен кейін-ақ па?!

Түбек:
Сөйлеткен мені мұндай Жаббар Құдай,
Тіліңді тарта сөйле, ай, Жәмшібай!
Өзінен ат-шапанды алып тұрсың,
Осы отырған алдыңда атым қалай?

Жәмшібай:
Тіліме өнер берген бар Құдайым,
Несіне, тай алдым деп, қорғалайын?
Атыңды сырттан сатып жібермей ме,
Қуанның ортаншысы – Молдабайым?

Түбек:
Еліңде байың жоқ па берерлік тай?
Сөйлейсің Найманға кеп, сен, қу таңдай.
Үш мың өгіз сомасын қол ұстаған,
Бұл күнде болды көпес бай Темірбай.

Жәмшібай:
Әр пенде жалбарынар жалғыз Хаққа,
Құдайдың кім таласар берген баққа?!
Байлықта көпес болып кім жетеді,
Алты алаш атын білген Қазанғапқа?!

Түбек:
Мінгенім дайым менің Қаракер-ді,
Желігіп, кәрі Түбек екіленді.
Найманның өрде жатқан байын айтсам,
Жұрт асқан көк етікті Тілеуберді.

Жәмшібай:
Қарап тұрсам, бұл – Түбек, сөзден сасар,
Өнері Жәмшібайдың судай тасар.
Бәріміз бір Арғынның баласымыз,
Байым бар Қарауылда – Шабар, Шаншар.

Түбек:
Сыйынар дін-мұсылман бір Құдайға,
Кіреді иманды құл кең сарайға.
Найманның ар жағынан байлық айтсам,
Жетеді қандай байың Қазытайға?!

Жәмшібай:
Мінгенім дайым менің Қаракөгім,
Білерсің, таныр болсаң, сөздің тегін.
Алдажұман байым бар – Алтай-Қарпық,
Тағы бар Мұратымда – Игілігім.

Түбек:
Сыйынар дін-мұсылман бір Құдайға,
Кіреді иманды құл кең сарайға.
Бір шеті Алатауда шаруасының
Еліңде кімің жетер Момынбайға?!

Жәмшібай:
Ел Найман, тіпті, Арғыннан асқаның жоқ,
Байлығың неме керек, бас қамың жоқ.
Татырлық Момынбайға Сайдалым бар,
Аймағын Аққошқардың басқаның жоқ.

Түбек:
Сыйынар дін-мұсылман жалғыз Хаққа,
Құдайдың кім таласар берген баққа?!
Саршығанақ-Найманда сөз сөйлейтін,
Келейін Бәтішұлы Жүсіп жаққа.

Жәмшібай:
Базардан алып келген жасыл маңдай,
Талай жан қолын артып, асылғандай,
Мақтама қу қанжыға жүйрігіңді,
Законшік азар болса, Қайыпжандай!

Түбек:
Өлеңді айтушы едім егілдіріп,
Сөйлейін бастан-аяқ төгілдіріп.
Өрдегі Найманыма кетсем көшіп,
Бір жағын қабырғаңның сөгілдіріп.

Жәмшібай:
Әуеде ұшып жүрген сары шымшық,
Келеді шырайлы өлең жаңа түсіп.
Шорманның, жазсам қағаз, Мұсасына,
Тапжылтпас алқымыңнан бір-ақ қысып.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз