Сүйінбай мен Қатаған айтысы (3-бөлім)
Сүйінбай Аронұлы, Қатаған · 2 мин оқу
Былай барсам, Албаным,
Албанымды қозғасам,
Саған түсер салмағым.
Албанның елін мен айтсам,
Тосырқаған тор аттай,
Бойыңда қалмас иманың!
Білмеймісің, Қатаған,
Төбеңнен Құдай ұрғанын!
Жалған сөзді көп айтып,
Пәле қуған Қатаған,
Әркімге тиді салдарың.
Онан өрге өрлейін,
Жауған қардай борайын.
Қоңырбөркім, Суаным,
Аз да болса жуаным!
Халыққа тіл тигізбе,
Жер мен көктің жүзінде,
Шөгіп жатқан мұнарым!
Он екі ата ол жақта,
Тарақ деген жұртым бар.
Ақкөбікті өлтірген,
Орақ батыр мықтым бар.
Арғы атасын айтайын,
Толған айдай толқыған,
Қоғалы көлдей шалқыған,
Шешен тілді Балпықтан.
Сыпа туған бұл жұртым,
Іле өзенін жерлеген,
Сыр суындай өрлеген,
Дұшпанға намыс бермеген,
Бақ-дәулеті кернеген,
Он екі ата Жалайыр,
Аршынға қолын сермеген!
Батырлық, ерлік сонда бар,
Маңына дұшпан келмеген.
Тұлпар аттар сол елде,
Ақордада бағылып,
Дорбадан торғын жем жеген.
Алтынды шашақ найзалы,
Батыр десең сол елде,
Найзамен шаншып, ет жеген.
Ажалдан бұрын өледі,
Ыңғайына көнбеген.
Сұлу десең сол елде,
Өмірде адам көрмеген!
Ерлерін сыйлап әдеппен,
Ашпаған бетін пердеден.
Батырлары жасанып,
Шаш ал десе, бас алып,
Аттары кетпес кермеден!
Онан бері Ыстым бар,
Алатаудай күштім бар!
Мен олардан қозғасам,
Қатаған, артың мұштындар!
Бұл Ыстымнан тараған:
Ойық пенен Тілігім.
Ол елімді қозғасам,
Сырқырар сенің жілігің.
Тыныштықтан қорқасың,
Тілейсің бе халықтың,
Жаугершілік бүлігін,
Құрысын мұндай ырымың!
Одан былай орайын,
Жауған қардай борайын!
Көсегесі көктеген ―
Батырлық пен ерлікке
Ешбір пенде жетпеген.
Қалың жатқан Ошақты,
Атамыз қойған осы атты.
Батыр десең онда көп,
Қарулы жауға оқ атты.
Шапқыншы жауды олжалап,
Талай жерді босатты.
Қатаған, жолы болмайды,
Тіл тигізіп халыққа,
Аруақты елге тас атты!
Оған тақау Сіргелі,
О да көп жұрт іргелі.
Жігітінің бәрі де,
Текежәуміт мінгені.
Дүниенің қызығы,
Тамаша дәурен сүргені!
Мен, Қарасай ұлымын,
Айтулы ердің бірімін!
Алатауды бөктерлеп,
Өрде жатқан Шапырашты,
Батыр туған ел едім,
Талайға тиген көмегім.
Менменсіген мықтының,
Бәрін жеңген ер едім.
Сұраншы, Саурық кезінде,
Қайсың бетке кеп едің?!
Құдияр хан мен Орманды,
Алдыға салып қуғанда,
Табылмай кеткен дерегің.
Қаршыға тиген шілдей ғып,
Сондағы қуған мен едім!
Қазақ, қырғыз елдесіп,
Тыныштықта тұрғанда,
Анау-мынау демегін!
Шапыраштыдан тараған,
Екей деген ақын ел.
Айтысқанда қиналсаң,
Өлең сұрап, бізге кел!
Былай барсам, Дулатты,
Батырлары көп шығып,
Талай жерді шулатты!
Сыпатай, Андас, Байсейіт,
Ерегіскен дұшпанын,
Қылышпен кесіп турапты.
Ер Байсейіт кешегі ―
Қырық жігітті бастаған.
Шапқан жауды ұстап ап,
Бауырын отқа қақтаған.
Дұшпанды бері бастырмай,
Ат жаратып, баптаған.
Барлық батыр жігіттер,
Байсейітті жақтаған.
Дулаттан туған Сиқымым,
Сиқымымды қозғасам,
Басына түсер қиқуым!
Көп Дулаттың шеті еді,
Ана жатқан ― Сарыүйсін,
Қарайғанның бәрі – Үйсін!