Сүйінбай мен Қатаған айтысы (4-бөлім)
Сүйінбай Аронұлы, Қатаған · 2 мин оқу
Көп Дулаттың біреуі ―
Қалың қара Ботпайым.
Ботпайымды қозғасам,
Күйдіремін шоқтайын,
Кетерсің жанып оттайын!
Қос өкпеңнен қадалдым,
Садаққа салған оқтайын!
Мұнымен жалғас Жанысым,
Жанысымды қозғасам,
Жанып кетер қамысың!
Ерегіскен дұшпанға ―
Бермеген ешбір намысын!
Алты Алашқа белгілі,
Сүйінбай деген дабысым!
Онан былай Шымырым,
Шымырымды қозғасам,
Кеудеңнен шығар шыбының.
Білмеймісің Сүйінді,
Өлең сөзге бұғымын!
Өрде жатқан елімде,
Қалың қара ― Асылым,
Артық менің нәсілім!
Шыбыл менен Айқымым,
Маңдайға біткен айқыным.
Таусылмайды айтқанмен,
Жалпақ жатқан Ұлы жүз,
Басқа жүзге көшейін!
Орта жүздің бір елі ―
Былай барсам, Найманым,
Құлашты кең жайғаным.
Риза қылмай жібермес,
Үйіне келген мейманын.
Найманымнан қозғасам,
Пана болмас жиғаның.
Ол Найманның ішінде:
Бегімбетім, Қызайым,
Айтқан сайын ұзайын!
Төбеңнен әкеп өлеңді,
Қос уыстап құяйын.
Төбеңнен өлең сауласа,
Сонда болар уайым!
Одан былай Керейім,
Керейімнен терейін.
Ерлік пенен ептікке,
Мырзалық пен бектікке,
Тәуекел қып көрейін!
Аш көзіңді, тайсалмай,
Ажалы жеткен қарғасың.
Бүркітпенен ойнадың,
Түлкілікті қоймадың.
Сүйінбай сынды ақынды
Жеңемін деп ойладың!
Онан өрге шу дейін,
Ескен желдей гулейін.
Сарыарқаны жайлаған,
Желіге бие байлаған.
Мамадағы аттары ―
Құлын-тайдай ойнаған!
Ерегіскен дұшпанды,
Алдына салып айдаған.
Сарыарқаны қыстаған,
Лашын, сұңқар ұстаған.
Арқа деген жерімде,
Арғын деген елім бар.
Анау жатқан – Арғыным,
Арғыным атқа қонғанда,
Басыңнан аттап, қарғыдым!
Арғын деген сансыз ел,
Мекен еткен қоныс қып,
Дүниенің жарымын!
Ешкім басып көрген жоқ,
Бұлардың қарқын, арынын!
Жерге кіріп кетерсің,
Олардың бассаң тамырын.
Сүйінбай пірің мен болам,
Енді, батыр, танығын!
Сүйінбаймен теңдесіп,
Қаламын деп үміт қып,
Келген екен қалыбың.
Қатаған деген ақын ба,
Айтқанда сөздің анығын?!
Тағы біраз айтайын,
Арқа деген жерімде
Қаракесек елім бар.
Қалың жатқан қазақта,
Неше түрлі тайпа бар.
Одан былай орайын,
Тобықтыға барайын.
Байлық десең, сол елде,
Барыңды әкеп салсаң да,
Көре алмайсың маңайын.
Манаптары қырғыздың,
Қатағанды жыршы деп,
Алып келген ұялмай,
Екі езуді күлкіден,
Отырарсың жия алмай.
Орыныңнан қаларсың,
Ақырында тұра алмай.
Тағы да қалды бір жұртым,
Атығай мен Қарауыл,
Әрқайсысы әр ауыл!
Орал тауға бір қонып,
Қиғаштап, төмен өтейін.
Бүркіттей түсі түксиіп,
Бақ орнап, қызыр жайлаған,
Мыңдап бие байлаған,
Мыңдап түйе айдаған,
Кіші жүзге жетейін!
Елімнің қандай екенін,
Түсінген шығар көкейің?!
Төніп жатқан көк тұман –
Кіші жүздің баласы.
Айналасы көк теңіз,
Соған барып қосылған,
Еділ, Жайық – екі су.
Ноғайлы, Тама былайғы,
Арасында сол жердің,
Сұлтансиық, Бақсиық,
Хан қызы екен анасы.
Бәрі батыр баласы,
Қаннан кеуіп көрген жоқ,
Найзасының сағасы!
Он екі ата Байұлы,
Жеті аталы – Жетіру,
Әлім менен Шөмекей,
Халқымның еді жағасы!
Одан арман шу дейін,
Соққан желдей гулейін!
Кіші жүздің ішінде –
Алшын менен Жаппасым,
Жаңа бұрдым ат басын.
Сүйінбай сөйлеп болғанша,
Тұра тұрғын, саппасым.
Былай барсам, Қаңлым бар,
Қаңлым келсе өзіңе,
Кең дүниені тар қылар!
Қойныңдағы жарыңды,
Тартып алып, зар қылар.