Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шөже мен Қалдыбай айтысы

Шөже Қаржаубайұлы, Қалдыбай · 2 мин оқу

Қалдыбай:
Ай, Шөже, шындаймысың, ойнаймысың,
Берсе де, тамам Мейрам тоймаймысың?!
Отырған қасындағы қожасы едім,
Бір кісі сыбағама қоймаймысың?!

Шөже:
Көшкен ел шалғын жерге қонбай ма екен?
Қазақтай қожа пейілі оңбай ма екен?!
Мол дәулет Құдай берген таусыла ма,
Екеуміз бөліп алсақ, болмай ма екен?!

Қалдыбай:
Соқыр, сенен басқада тіл бар ма екен?!
Сөйлер сөзге соқырлар ділмар ма екен?!
Бір соқыр бір ақсақпен үлесіп ап,
Ақы иесі құр қалмақ жол бар ма екен?!

Шөже:
Қожада да қожа бар, дегдар қожам,
Алдыңда сайрап тұрған жол бар, қожам!
Қожа болсаң, пір болып, дін үйретпей,
Қазақтың өлеңінде нең бар, қожам?!

Қалдыбай:
Қырғызда да қырғыз бар: дегдар қырғыз,
Сенің түбің белгілі, мұндар қырғыз!
Сүйегім қожа-дағы, етім – қазақ,
Қазағымның ішінде нең бар, қырғыз?!

Шөже:
Мен Құдайдан тілеймін денге саулық,
Жалған сөйлеп, жаныңа қылма жаулық!
Қожа, қожа дегенге – қоқиланба,
Қожа түбі – сарт екен – өгіз таулық.

Қалдыбай:
Бүркіт алған шығады заңғар тауға,
Ойнап-күлген жақсы екен нәпсі жауға.
«Жер – жерін, жекен суын табар», – деген,
Соқыр қырғыз, кетсейші Алатауға!

Шөже:
Қожаның өзіме қой жалғыз өзін,
Шөженің кім кемітпес екі көзін!
Қожа болсаң, шатылма, көрге, жерге,
Бұл жұртқа ұқтырсайшы Құдай сөзін!

Қалдыбай:
Жамандық ойлай-ойлай, көзің шықты,
Көзің соқыр болса да, кеудең мықты.
Құдай сөзін айт десең, мен айтайын,
Дария боп, зәмзәм суы қайдан шықты?

Шөже:
Қожа құлап қалар-ау Көкшесінен,
Мен шошимын сөзіңнің текшесінен.
Ажар ана толғатып қиналғанда,
Зәмзәм шыққан тебінген өкшесінен.

Қалдыбай:
Су шыққан жоқ Ажардың өкшесінен,
Сен шошырсың сөзімнің текшесінен.
Ажар ана су іздеп жүгіргенде,
Зәмзәм шыққан Смағұл өкшесінен.

Шөже:
Қожеке, қожамысың, қарамысың,
Таласып болмас іске баламысың?
Әзиз қожаң, Ханқожаң, ақын қожаң,
Талассаң, Ханқожаңа барамысың?

Қалдыбай:
Соқыр Шөже, мінгенің теңбіл шұбар,
Меніменен талассаң, терің шығар!
Барсаң, бара қоялық Ханқожаға,
О да өзімдей оқыған қожа шығар!

Шөже:
Сенен [басқа] оқуды ұққан жоқ па?
Сенен басқа дүниеде соққан жоқ па?!
Мариям ана Исаға толғатқанда,
Табанынан ағар су шыққан жоқ па?!

Қалдыбай:
Сен соқырсың, мүгедек – мен, бір ақсақ,
Сенен гөрі сәулем мол, менде жақсы-ақ!
Шариғаттың сөзінен білерің жоқ,
Құр далада ойбайлап, жүрсің қақсап!

Екеуі жеңіп, жеңісе алмай, таласпен тарқайды.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз