Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шөже мен Кемпірбай айтысы (2-бөлім)

Шөже Қаржаубайұлы, Кемпірбай Бөгембайұлы · 3 мин оқу

Қырғыздан келіп, қазақты сайқалдайсың,
Аузыңа келген сөзді қайтармайсың.
Беруге саған қайыр дұрыс емес,
Махшарда алғаныңды қайтармайсың!
Мысықтай көзің жұмып, жеп-жеп алып,
Барғанда Тәңірі алдына айта алмайсың!
Кісісін ел бұзғалы келіп жүрген,
Азғырған Қарынбайды шайтандайсың.

Шөже:
Бір Құдай көзімді алды, көрмесін деп,
Тіліне жалғаншының ермесін деп.
Екі көзім бірдей жоқ, мен – бір кәріп,
Кім айтар: «Маған қайыр бермесін!» – деп.

Кемпірбай, білмеймісің өтерімді,
Артыңнан, шапсам, қуып жетерімді!
Қаракемпір-Наманай аз ғана ауыл,
Япырмау, осы қайдан көтерілді?!
Әкең тауып шешпестей жұмбақ айтып,
Қол бойы түсірейін көтеніңді!

Шөже:
Не дарақ тұр бұтағы – бес,
Оғы – он төрт, қылышы – алты, қыны – үш.
Бір затында екі сөз бар,
Қисабы – алты мың алты жүз алпыс алты.
Жетпіс үш баста – бір көз,
Қарасы – дәл қырық, ағы оның – бес,
Ақылы – дана, Кемпірбай, ақын болсаң, мұны шеш!

Кемпірбай:
Әуелі парыз болды дін исламға,
«Бұтағы бес» деген – бес намаз – мұсылманға!
«Оғы он төрт» дегенің – Бамдат – бесін,
Мойынын оқимын деп ұсынғанға!
Көңіліме адастырмай Алла жазған,
Екі сөз – ғылым: ғарышта екі айрылған.
«Алты мың алты жүз алпыс алты» дегенің –
Отыз пара оқитын Құран болған.
Жетпіс үш баста бір көз бар болса,
Сираттың періштесі хисаб алған.
Қыны үш дегенің – үтір, уәжіб,
Ан хазірет алып келген миғраждан.
«Ағы – бес» дегенің – исламның бес парызы,
Айрылып қырық парыздан шыққан жолдан.
Әуелі пәлесіне сабыр қылмақ,
Екінші қазасына риза болмақ.
Алланың өзі де бір, сөзі де бір,
Ізгілік, жауыздықты Алла қылмақ!

Шөже:
Бұл сөзім Орта жүзді ағаласын,
Мұны сен ақын болсаң, таба аласың.
От туры, минал бәйіні, илал ләйлі,
Тауып бер осы сөздің мағынасын!

Кемпірбай шеше алмады, шеше алмаса да, былай деп айтты:

Сен, соқыр, мына сөзден пақыр болдың,
Айрылып, халал малдан тақыр болдың!
Өлеңге Құдай сөзін қосамын деп,
Қатының – талақ, өзің һәм кәпір болдың!

Шөже:
Кемпірбай, жай жүр десем, жай жүрмейсің,
Түзу ғана ит болып, неге үрмейсің?
Ақын деп сені, тіпті, ойламаймын,
Алланың төрт сөзінен түк білмейсің!

От туры – Тор тауына Мұса барған,
Алладан төрт-ақ ауыз жауап алған.
«Жалғанда жамалымды көрсетпе!» – деп,
Бір Құдай Мұсаны аяп, тасқа салған.
Мұсаның өзі еріп қорғасындай,
Тағаны еріп қалған жерде сондай.
Осындай жақсы сөзден түк білмейсің,
Алдымнан тұр, кет арман, былшылдамай!
Тұрмысың Арғын болып көптейін деп,
Мен тұрмын ақылы надан, сөкпейін деп.
Сен итпен бағасы жоқ айтысқанша, –
Жөнелді: «Қаралы үйден ет жейін!» –
деп, Шөже осыны айтып, жөнеле берді. Сонда Кемпірбай артынан қалып, айтқаны:
Тоқтадым аз ғана көптен келіп,
Тұр едім өзім-дағы сезіктеніп.
Соқырға жан жеңбеген соқтығам деп,
Жығылдым төрт аяғым көктен келіп!
Жазамды, сөйтіп, соқыр берген жері,
Сөзінің ретіне келген жері.
Арқама жуан елі сөзі батып,
Соқырдың мені осылай жеңген жері!

* * *

Кемпірбай мұны тауып, шеше алмады,
Шөжеден асқар таудай аса алмады.
Қалжырап қалта қарап, тұрып қалған,
Сөз тауып, енді аузын аша алмады.
Шөже де ақын екен, елден асқан,
Қыдырдың қыдырғанда, ізін басқан.
Кемпірбай ақынмын деп жүрсе-дағы,
Екпінін ақын Шөже солай басқан.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз