Түбек пен Жәмшібай айтысы (1-бөлім)
Түбек Байқошқарұлы, Жәмшібай · 2 мин оқу
Түбек:
Өлеңді айтушы едім жылпылдатып,
Сөйлеуші ем талай топта былпылдатып.
Баласы Сүйіндіктің неме керек,
Шіркінді мұнша бұлдап сұңқылдатып?!
Жәмшібай:
Кей адам айтса-дағы, сөзге нанбас,
Мен сөйлесем, қандай жан құлақ салмас?!
Арғын аға болғанда, Найман – іні,
Арғыннан жүйрік шыққан мен – ақ алмас.
Түбек:
Өлеңнің текшелеулі қаласымын,
Ақынның өзім теңді данасымын.
Байғарадан он алты ақын шыққан,
Ақтайлақ – Қарабайдың баласымын.
Жәмшібай:
Сұрасаң, менің бабам – ақын Көтеш,
Біткен жоқ Жәмшібайдай ешкімге өңеш.
Атам Көтеш болғанда, ағам – Сақау,
Алдыма жанды қара түскен емес.
Болғаным мен Жәмшібай биыл емес,
Жігітке, өлең шіркін, қиын емес.
Астынан алты қырдың ән шырқасам,
Өңешім отарбадан кейін емес.
Түбек:
Асылдың кім біледі, сатса, пұлын,
Шіриді-ау өлгеннен соң қызыл тілім!
Көтешті қасқыр жеген несіне айттың,
Тантиды Арғын мақтап өлген құлын.
Жәмшібай:
Сен, Найман, жаулық қылып, тонап алдың,
Тұманға ашылмастай сөйтіп қалдың.
Найманның сендей шалы текке өледі,
Бір өзіне үш ердің құнын алдым.
Түбек:
Ашулансам, алармын айлығыңды,
Шындасам, қойға алмаймын тайлығыңды.
Көтің сонда ашылар, Арғын бала,
Менімен салыстырсаң байлығыңды.
Жәмшібай:
Ертең қожа тұрады азанменен,
Пенде барар тозаққа жазаменен.
Байлығыңды, ел Найман, көріп тұрмын,
Қайнатасың шайыңды қазанменен.
Түбек:
Мен барып, сіздің елге келгенім жоқ,
Жамандық көрсем-дағы, өлгенім жоқ.
Үйіне Қуанбайдың барып едім,
Самаурын аймағында көргенім жоқ.
Жәмшібай:
А, Түбек, олай десең, болдың мешеу,
Болуға жарамайсың ұзын көсеу.
Қуанның айналасы – алпыс ауыл,
Самаурын біреуінде төртеу-бесеу.
Түбек:
Жәмшібай, меніменен таласарсың,
Өз теңіңмен сөйлессең, жарасарсың.
Үйіне Әлі төрем кіріп барсаң,
Жол таппай, самауырдан адасарсың!
Жәмшібай:
Ар жағы ұлы Ертістің – қара, терең,
Өлеңнің, білгенімше, бәрін терем.
Найманнан бір жақсы ыдыс таба алмадың,
Түбі – естек, неме керек, кірме төрең?!
Түбек:
Жәмшібай, еліңде ойын, күлкі бар ма?
Еліңнің аса жиған мүлкі бар ма?
Кетіпті Бояубайым саннан асып,
Еліңде бұл сықылды жылқы бар ма?
Жәмшібай:
Өлеңім, аққан судай толқыған сең,
А, Түбек, ақын болсаң, өлеңмен жең!
Қара мал, жылқы малды таппай ма екен,
Қойы бар бай Қуанның он екі мың.
Түбек:
Сыйынар дін мұсылман бір Құдайға,
Кіреді иманды құл кең сарайға.
Құдай берген көп малдың есебі жоқ,
Жетерлік бар ма байың Наурызбайға?!
Жәмшібай:
Сөйлеткен мені мұндай Жаббар Құдай,
Мен шыққан Сүйіндіктен бір сұр таңдай.
Көкдомбақ, Үштаған мен Қарбасқанда,
Толықсып, сыймай жатыр Атығай бай.
Түбек:
Үкі таққан жарасар Қаракөкке,
Түбек атым жайылған талай көпке.
Құдай берген көп малда есеп сан жоқ,
Еліңде жетер кім бар Найзабекке?
Жәмшібай:
Сөйлеткен жастай мені бар Құдайым,
Мен неге байлық айтсаң, тоқталайын?!
Мантен, Тотан байым бар Айдаболда,
Тағы бар Малкелдіде – Ақпан байым.