Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шөже мен Тезекбай айтысы (2-бөлім)

Шөже Қаржаубайұлы, Тезекбай · 2 мин оқу

Шөже:
Шөженің дәулеті бар, қарыны тоқ,
Балам, маған өткізген борышың жоқ.
Ел үшін екі теңге қорғап бердім,
Нүке менен Шоқпардан дәнеме жоқ.

Тезекбай:
Екі алуан алдыңда бел бар, Шөже!
Неге қисық сөйлейсің, жөн бар, Шөже!
Алатауда қырғызға барғаным жоқ,
Өзімнің Арғынымда нең бар, Шөже?!

Шөже:
Қалай туған баласың, тамашасың,
Не себепті менімен таласасың?
Көкшетаудың жүлгесін талшық қылмай,
Есерлікпен Ертіске жармасасың!

Тезекбай:
Қой, соқыр, кетірерсің ұятыңды,
Бекер жерден мұқалтпа болатыңды.
Көл қорғаған қызғышты көп көргемін,
Топшыммен сындырармын қанатыңды.

Шөже:
А, балам, қайдан келдің өңің қашып?
Аптықпай, аңдап сөйле, көңілің басып.
Үш жүздің баласынан түк бермеймін,
Қайтып жеңіп аласың менен асып?!

Тезекбай:
Орта жүздің баласы – Арғын, Найман,
Дүниенің төрт бұрышына қанат жайған.
Үш жүздің баласына сыйлатайын,
Орныңды біл өзіңнің, Шөже – мейман.

Шөже:
Шоқпар-ау, осыған берсең, қайырың харам,
Көзімді алып, сөз берді Алла маған.
Алты мүшем сау емес, екеуі кем,
Тәңірім мүшкіл қылған соң, бар ма шарам?

Тезекбай:
Шоқпар-ау, сүйегімді сен білесің,
Борышымның және айттым шежіресін.
Мұның жөні кітапта қалай екен,
Шариғаттың мәнісін айт, не білесің?

Шөже:
Мен мұндай барымтаға бара алмаймын,
Суда – балық, қырда егін сала алмаймын.
Алты мүшем сау емес, екеуі кем,
Тәңірім кәріп қылған соң, амалдаймын.

Тезекбай:
Мен – Тезекбай, жүдеп келдім биыл, – дедім,
Сау кісіге ел кезу қиын дедім.
Арғы атаң Құнанбаймен бірге туған
Менен саған кеткен жоқ тиын дедім!

Шөже:
Бұл Тезекбай отырса, ой табады,
Күндіз-түнде жүрсе де, жол табады.
Жеті сушы керуенге малай болса,
Бұл Тезекбай бес-алты қой табады.
Іштен туған көзім жоқ, өзім – соқыр
Бойды бақпай, өзің айт, не бағады?

Тезекбай:
Шоқпар-ау, Шөже сөзі саған жетер,
Ақындықпен ат-шапан алып кетер.
Бұл жалғанда соқырға қайыр берме,
Таңда махшар күнінде танып кетер.

Шөже:
Соқыр қылды Тәңірім көрмесін деп,
Жамандықтың соңына ермесін деп.
Садақаны соқырға мен сияқты
Қандай кітап айтады бермесін деп?

Тезекбай:
Шоқпар-ау, Шөже сөзін барлап отыр,
Зәлімдікпен алдыңда зарлап отыр.
Үш жүзді бірдей жеді осы соқыр,
Бір тоғызды алсам деп, алдап отыр.

Шөже:
Қараөткелде бір байдан кеше айырылдым,
Үш бөлмелі бір жерге үй салдырдым.
Жүз бес қой, қырық бес жылқы биыл жидым,
Жалғыз, Шоқпар, көңілімді сен қалдырдың.

Тезекбай:
Екі шекті қолыма домбыра алдым,
Қызығына жалғанның қайран қалдым!
Үй салдырған мен мұндай купец емес,
Нашарлықпен наз айта келе қалдым.

Сол арада Шоқпар мырза мұнан былай Шөжеге сөз айтқызбай: – Тоқта, сен үй салдырған купец екенсің, мына Тезекбайға бір ат, бір шапан беремін, – деп, Шөжені тоқтатып, ат, шапан алған мен болатынмын, – деп, Тезекбай сөзін бітірді.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз