Орынбай, Арыстанбай, Шөже және Ұрқия қыз айтысы
Орынбай Бертағыұлы, Арыстанбай, Шөже Қаржаубайұлы, Ұрқия қыз · 1 мин оқу
Әйгілі бұл үш айтыс ақыны бір ауылда сөзден тосылмайтын Ұрқия ақын қыз бар дегенді естіп, сол қызды өлеңмен қақпақылдап, келеке етпек болып, қыздың үйіне іздеп келіпті. Келсе, үй іші адамдары тойға кетіп, қыз үйде жалғыз отыр екен. Сөзді Орынбай бастап:
Сұрасаң, менің атым – Орынбай-ды,
Кең саба, шалқып жатқан қорындай-ды.
Құдайдың маған берген бір мінезі,
Ұстасам, қыз емшегін қорынбайды, –
депті, сонда Арыстанбай тұрып:
Сұрасаң, менің атым – Арыстанбай,
Піше ме шешең көйлек қарыстамай.
Аулыма жақын қонсаң, жас құдаша,
Жаныңа барар едім шалыстанбай, –
дейді.
Кезек Шөжеге келгенде, ол:
Қаржаубайдың баласы – ақын Шөже,
Жүрегіме жақпайды түйген көже.
Алдыңғы апаң, байғұс қыз, буаз кеткен,
Өтіп кетіп жүрмесін байың теже, –
десе керек.
Бұған Ұрқия қыз:
Таз Орынбай өлеңді тоқып өткен,
Арыстанбай өлеңді тоқып өткен.
Шын сын тақты шырайыма соқыр мұндар,
Көзіңді қарға-құзғын шоқып кеткен, –
депті. Бұған ешнәрсе дей алмаған үш ақын үйден шығып, жүре беріпті деседі.