Сүйінбай мен Тезек төре айтысы (2-бөлім)
Сүйінбай Аронұлы, Тезек төре · 3 мин оқу
Не басыңа күн туды ұрлық қылып,
Жарлының малын жейсің торып тұрып.
Белдеудегі байлаулы қос қаракер,
Меккеге барып па еді зорықтырып?
Ұрың түгіл, өз басың қолға түсіп,
Қазақтар өлтірмепті тобыққа ұрып.
Дүниеден бұзық та өтер, түзік те өтер,
Халайық бүйте берсең, күдер үзер.
Қоймасаң тәуба қылып бұл кесірді,
Бұл кесір бір жеріңді бұзып кетер.
Абылайдың қазанына арам салып,
Тұқымың бүйте берсең, құрып кетер.
Қазаққа тәуба қылып, бас ұрмасаң,
Бағыңды басыңдағы жұлып кетер.
Жетімді қылыш алып, қорқытасың,
Бола ма қарамайтын обалға адам?
Дүниеде еш уақытта болған емес,
Қонаққа қылыш алып қодаңдаған.
Атағын Абылайдың былғағанша,
Құдайым жас күніңде неге алмаған?!
Ей, төре, аш көзіңді, мен – Сүйінбай,
Бөркіңді ұшырамын жел, құйындай.
Қаптаған жердің жүзін қалың қазақ,
Көзіңе көрінбейді бір тиындай.
Жанымды Құдай берген, Құдай алар,
Құдайдың алшаңдама кенже ұлындай.
Кесіп алсаң бас, міне, төре Тезек,
Өлмейтұғын адам жоқ темір өзек.
Сәлемге келген жанды қыра берсең,
Ұры төре, саған да келер кезек.
Ұрыларың басымды кесіп алар,
Өткізіп, қанжығаға тесіп алар.
Сұраншы мен Саурығым қаптап келсе,
Отыз үйлі төренің несі қалар?
Албан, Дулат, Шапырашты ел емес пе,
Ел деген шалқып жатқан көл емес пе?!
Көл толқыса, көбігін кетер басып,
Төре сайтан болғанда, көп періште,
Бір сайтанды қаққан да пері емес пе?!
Сүйінбайдың өткір сөзіне әрең шыдап отырған Тезек төре орнынан қарғып тұрып, ақынның қасына барып: − Кескін-келбетіңе қарасам, кедей көрінесің, қырсығыңды кесейін, мына жібек шапанымды шешіп ал, − дейді.
Сүйінбай:
Тұрмысың «Шапанымды шешіп ал», – деп,
Мен тұрмын «Шешіп алса, несі бар?» – деп.
Бір сөзді айтып едің түсі жылы,
«Сүйінбай, қырсығыңды кесіп ал», – деп.
Өзіңді жұрдай қылып үптеп алсам,
Айтарсың, мұның қандай өші бар деп.
Егерде сен хан болсаң, мен – сұрқылтай,
Ойлама Сүйінбайдан не шығар деп?!
Мен сенен қорыққанымнан жасқанбаймын,
Қарашы, қай ісіңнен қашқандаймын?!
Егерде көтеріліп, сен желіксең,
Кеудеңді, көңіліңді басқандаймын!
Тезек төре:
Тұсында Абылайдың Бұқар жырау,
Хан Әділдің кезінде Түбек тұр-ау!
«Әр заманның бар дейді сұрқылтайы»,
Сұрқылтайым менің де екен мынау!
Атадан емес еді жолым өзге,
Болмады тоқтамасқа мына сөзге.
Үні өткір, өзі де бір заржақ екен,
Жасырмай, барлық шынды айтты көзге.
Сүйінбай тегін емес, Қызыр көрген,
Қол жайып, жаман болмас бата берген.
Жылкелді, бір қой әкеп, бата сұра,
Ырысын ап қалалық, осыменен.
Айтқанындай, Тезек төренің есік құлдары мойнына кескек байлаған, құрттаған қотыр қойды әкеледі.
Сүйінбай:
Мынауың құнан қой ма, дөнен қой ма,
Мойнында мылтығы бар мерген қой ма?
Артына жалтақ-жалтақ қарай берді,
Бір қорлық қасекеңнен көрген қой ма?!
Бердеңкесін мойнына салғызып кеп,
Атқызғалы келдің бе Сүйінбайға?
Ашаршылық болғанда елді асырар,
Тышқақ лақ сойсаң да, мұны сойма!
Тақсыр-ау, бұл заманның күйін ойла,
Елдің шетін күзетсіз босқа қойма.
Жаугершілік болғанда сені асырар,
Мерген қойды қонаққа босқа сойма.
Демесең, Сүйінбайды ұшықтайын,
Қоя бер, мына қойдың көзін жойма!
− Сүйінбай, тым құрыса, «Мал басына – береке» деп, батасын да дұрыс бермеді-ау, − деп, Тезек төренің әйелі Дәнекер сөзге араласып, қитарланған мінез көрсетеді.
− Мен төреге Құдайдан мал басын сұрап әперейін деп жүргенім жоқ. Төреге мал сұрап беретін Құдай менің құдам дейсің бе? – деп, Сүйінбай қырсықты сөзді қағып тастапты.