Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шөже мен Тезекбай айтысы (1-бөлім)

Шөже Қаржаубайұлы, Тезекбай · 2 мин оқу

Тезекбай:
Нүке мен Шөже отырған үйге кірдік,
Шоқпар менен Шөжеге сәлем бердік.
Домбыраның құлағын бұрап Шөже,
Аңыратып өлеңді қоя берді үрт.

Шөже:
Мағлұм болған үш жүзге менің жайым,
Көзімді алып, сөз берді бір Құдайым.
Тамыр бар ма тоғайда, таныс бар ма?
Жолың болсын, есен бе, Тезекбайым?!

Тезекбай:
Нәсіп айдап, елімнен келіп жүрмін,
Хан, қараның дидарын көріп жүрмін.
Тамыр түгіл, тоғайда танысым жоқ,
Тәңірім шашқан тарысын теріп жүрмін.

Шөже:
Сенің көздеп жүргенің бәрі пайда-ау.
Қарғағанын бар Құдай аямайды-ау.
Алтын басың сау еді-ау менен гөрі,
Сендердің ел кезуің жарамайды-ау.

Тезекбай:
Алтын басым сау болса, жоқ-дүр қарам,
Борышты қылды мені Хақ Тағалам!
Белуардан қарызға батқаннан соң
Тәңірім жылу жидырды, бар ма шарам?

Шөже:
Сөйлеген жүз түрленіп тіл менен жақ,
Сыбағаңды берермін, Тезек, бейбақ.
Неге ділгір болдың сен жылу жиып,
Шежіресін бұл істің баяндап бақ.

Тезекбай:
Он жеті атан ақтауға кіре салдым,
Жүктің пұтын бір сомнан жәмшік алдым.
Қуандықта үш сымбал бұл ұрлатып,
Екі мың тоғыз жүз сом төлеп салдым.

Тапқан қарам борышыма жетпеген соң,
Арғын менен Найманнан жылу алдым.
Кем-тарға жең ұшынан жалғасатын
Жұртыма жоғымды айтып, келе қалдым.

Шөже:
Құрады махшар күнде таразыны,
Құдайым қабыл қылсын намазыңды.
Екі мың тоғыз жүз сом тартқан болсаң,
Кәне, көрсет, подписка қағазыңды.

Тезекбай:
Шөже аға, сен де ғаріп, мен де ғаріп,
Екеуміз де ел кездік домбыра алып.
Үш мың теңге тартқаным мынау еді,
Қағазымды оқи ғой қолыңа алып.

Шөженің қағазды ұстап отырып айтқаны:
Бұл, байғұс, алып-сатар болған екен,
Байдың малын көтеріп алған екен.
Шоқпар менен Нүкежан, кемітпеңдер,
Осы жолда бір сұмдық болған екен.

Тезекбай:
Мен – Тезекбай, жүдеп келдім биыл, – деймін,
Сау кісіге ел кезу қиын деймін.
Атығайға жүз жерден ұл болсаң да,
Сен қырғыздан алмаспын жылу деймін.

Шөже:
Сен, Тезекбай, келіпсің жүдеп бізге,
Қайырымынан қырғыздың күдер үзбе.
Қарызданып, қапа боп келген болсаң,
Екі теңге берейін, тұрып сөзге.

Тезекбай:
Шөже аға-ау, өніп-өссін мал-жаныңыз.
Борышым бар дегенге иланыңыз.
Үш жүз білген Қаржаудың баласы едің,
Бір үш сомды неліктен қимадыңыз?

Шөже:
Қой, Тезекбай, жүдеуің биыл болар,
Өлеңшіден көп алу қиын болар.
Мыңды да алып, мүйізің шыққан жоқ-ты,
Екі теңге біздерден жылу болар.

Тезекбай:
Сонда маған қос теңге Шөже берді,
Бергенін Шоқпар менен Нүке көрді
Алдап берген теңгесін байқамаппын,
Шын сөйлесер жеріне жаңа келді.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз