Сүйінбай мен Қатаған айтысы (1-бөлім)
Сүйінбай Аронұлы, Қатаған · 2 мин оқу
Сүйінбай:
Ассалаумағалайкум, сәлем бердік,
Мүбарак жүздеріңді жаңа көрдік.
Дүбірлі ас-жиынды құттықтауға,
Бауырлас, қырғыз елі, сізге келдік.
Жүйріктер қосылмаған қою шаңға,
Қосылар қыран бүркіт қашқан аңға.
Хан Жантай, Қара Бәйтік, Әтекеңе,
Келіп ем, сәлемдесіп Орман ханға.
Арғы атаң ер Әтіке, батыр Жантай,
Басыңа кидің бөрік қызыл алтай.
Қанаттас қырғыз елін көрмек үшін,
Боларын осы астың күттік алты ай!
Бас қосқан екі халық – ұлы жиын,
Келген соң, сөйлеу керек сөзден қайтпай.
Қол жайып, Құран оқып өткендерге,
Аруағын атап қырғыз келдім жоқтай!
Сүйінбай қырғыздардың батырлары мен қолбасшыларының аттарын атап, арнау өлеңін осылай деп аяқтағанда, Қара Бәйтік тағы да сөзге араласады:
– Мына, шай шымылдықтың арғы жағында, екі қызбен алданып отырған Қатаған деген ақынымыз бар. Сүйінбай, сен келді деген соң, күллі қырғыздан озған осы ақынды сенімен айтыстырамыз деп, алдырып едік. Бәйгені жеңіп аласың ба, жоқ, сұрап аласың ба? – дейді. – Сүйінбай еш уақытта бәйгені сұрап алған емес, жеңіп алған! – деп, батыл жауап береді.
Осы кезде шымылдықтың арғы жағынан қағілез қара жігіт қарғып тұрып, Сүйінбайға өлеңмен тиіседі.
Қатаған:
Сүйінбай, тоқтат сөзіңді,
Ояйын ба көзіңді?!
Ақынмын деп ойлайсың,
Мен тұрғанда өзіңді.
Сыртыңнан іздеп жүруші ем,
Келтірді Құдай кезіңді.
Барың болса қарышта,
Барар жерің сезілді.
Қатағанды байқамай,
Түстің бе, бәлем, қолыма,
Сояйын мес қып теріңді.
Тырнағыма іліндің,
Күтірлетіп шайнайын,
Қыбырлаған жеріңді.
Көрмеймісің, Сүйінбай,
Қазып қойған көріңді?!
Ажал айдап келген соң,
Саған өлім тегін-ді.
Келіп қапсың байқамай,
Өлетұғын жеріңді.
Шалғың келіп отыр ма,
Қаражалым, қызғышым,
Хан Орман, Бәйтік бегімді?!
Сүйінбай, сенен жеңілсем,
Қатаған болмай қатайын,
Көк шешектен жатайын.
Сары жайлау сабазбын,
Қос өкпеңнен атайын!
Айбалталы қылышпен,
Маңдайыңды қақ жарып,
Қаныңды судай шашайын!
А, Сүйінбай, Сүйінбай,
Боз жапалақ сен едің,
Қияқты сұңқар мен едім!
Тырнағым саған ілінсе,
Қалмайды желкең қиылмай!
Еліңе сонда қайтарсың,
Көзіңнен жасың тыйылмай!
Осы жолы жеңілсең –
Келмессің қайтып жиынға-ай!
Келіп қалдың ордаға,
Қатағанды байқамай.
Манаптарым, тоқтай тұр,
Сүйінбайды жеңемін,
Ешкімге де сыйынбай!
Қорықпаймын ақын деп,
Сүйінбай маған бұйым ба-ай?!
Шоң Нарын, Кемин – мекенім,
Ақын деп сені нетемін?
Жебесі өткір садақпын,
Сүйегіңнен өтемін.
Меніменен айтыссаң,
Нақ түбіңе жетемін.
Сүйінбай, сені ақын деп,
Бекер-ақ келген екенмін!
Жар басында жантақсың,
Жарап жүрген бурамын,
Бір-ақ шайнап кетемін!
Менің атым – Қатаған,
Қоңырбөрі асында –
Бес жүз жылқы матаған!
«Сүйінбай ақын – жүйрік» деп,
Мұның несін атаған?
Сүйінбай, сенен жеңілсем,
Қатаған болмай қатайын,
Көк шешектен жатайын!
Қазақ, қырғыз таңырқап,
Қатаған шайыр атаған!
Сен секілді ақындар,
Аяғыма бас ұрып,
Алдыма келіп, бата алған.