Сүйінбай мен Қатаған айтысы (5-бөлім)
Сүйінбай Аронұлы, Қатаған · 3 мин оқу
Онан да ары барғанда,
Қазақты жинап алғанда.
Тоқсан екі ұлы бар,
Қыпшағымды айтайын.
Тоқсан баулы Қоңыратты,
Әңгіме ғып қозғасам,
Жүре алмассың жалғанда!
Батыр болсаң, кәнеки,
Бетіме тура қарашы?!
«Көппін» дейді Қатаған,
Көңілінде жоқ қой санасы.
Толып жатқан көп қазақ,
Көк пен жердің арасы!
Асқаралы тау мен едім,
Аласа дөңес сен едің.
Айдын шалқар, көл мен едім!
Тартылған бұлақ сен едің.
Қылышындай Әлінің,
Наркескенге жолықтың,
Сүйегіңнен өтпей ме?!
Көтер бері басыңды,
Сүйінбайға қарашы,
Қаныңды судай төкпей ме?!
Ішің ─ жалын, сыртың – шоқ,
Меніменен айтысып,
Қысқарды сенің қадамың!
Мына отырған Қатаған,
Жеңемін деп ойлайды.
Ажалы жеткен қарғадай,
Бүркітпенен ойнайды.
Қайта-қайта мақтанып,
Жантайдың шенін қоймайды.
Несін мақтан қыласың,
Аңға шыққан тазыға,
Оған да қарғы байлайды!
Жалаң қия жартаста,
Келтірді Құдай кезіңді.
Қозғалма енді, Қатаған,
Оярмын сенің көзіңді!
Мен – бір емен ағашпын,
Білесе де, сынбаймын!
Алдаспанға жолықтың,
Түбіңе жетпей, тынбаймын!
Сөз бастаған бұлбұлмын,
Топ бастаған дүлдүлмін!
Судан шыққан сүйрікпін,
Бәйгеде озған жүйрікпін!
Шығарма, Қатаған, үніңді.
Есіңде сақта құлаған,
Қанатың сынған күніңді.
Қырғыз, қазақ жиылып,
Жалпылдатпа мұныңды!
– деп, тоқтайды Сүйінбай.
– Сүйінбай, ботам! Сен жеңдің, Қатаған жеңілді. Енді жеңген жүлдеңе не таңдайсың? Соны өлеңмен айт! – дейді қырғыз манабы Қара Бәйтік.
Сүйінбай:
Ер тоқымы алтыннан,
Бір ат бергін астыма,
Әсемденіп мінерге.
Алтын қынап, қылыш бер,
Білегіме ілерге.
Уығы болсын алтыннан,
Керегесі күмістен,
Маңдайшасы асыл тас,
Бір ақ отау үй бергін,
Еңкейіп оған кірерге.
Он алты жасар бір қыз бер,
Онымен ойнап-күлерге.
Он бес атан түйе бер,
Жүгімді артып жүрерге.
Алпыс ат бергін жетекке,
Олжа деген кісіге,
Жол үстінде берерге!
Суырылған жүйрік болмаса,
Жақсы алдына келер ме?! –
деп, Сүйінбай әзіл-шыны аралас, базыналық білдіреді.
– Сүйінбай, ботам! Екі елдің бас қосқан үлкен айтысында Қатағанды жеңгенің үшін Ыстықкөлдің ақ көбігінен жаратылған асқан сұлу Мейіз атты қыз, алты қанат ақ орда, алтын бесік, бір бүркіт, мойнында күміс қарғысы бар екі тазы сыйлаймыз. Риза бол, қарағым! – деп, Қара Бәйтік Сүйінбайдың бетінен сүйеді.
... Қалың көш Ыстықкөлді жағалап, батысқа беттеп келе жатты.
– Көл шетіне жеттік, көшті тоқтатыңыздар. Соңғы рет Ыстықкөлге бетімді жуайын, – деп, Мейіз назын айтты.
Мейіз көл шетіне жақын барып, сұлу саусақтарымен су тамшыларын санап тұрып, көзіне жас алды.
– Мейізжан, жасыма! Айтыстың сертін сақтап, біраз жерге алып келдім: аспанымда ай ілескендей әсер қалдырдың. Бұдан былай, менің қырғыздағы туған қарындасымдай бол. Жолың болсын! – деп, Сүйінбай Мейізді жасты көзінен бір сүйді де, еліне қайтуына рұқсат берді.
* * *
* * *
Сонда Құлмамбет былай деген еді:
− Екейді ел дейміз бе, бел дейміз бе?
Көтеремді көктемде жемдейміз бе?
Жалаң аяқ жарлыны ерттеп мініп,
Қой соңына салып, бір желмейміз бе?
Қызықты, уа, халайық, көрмейміз бе?
Жыртық тонды Жамбылдан жеңілген соң,
Тамам Албан ұяттан өлмейміз бе?
Ақын деп бір тулақты алып кепті,
Албан, Суан ортаға алып көрмейміз бе? –
деп борандатқаны-ай. Менің тізем қалтырап, алғашында не айтарымды білмей, қатты састым. Әйтеуір, айтыса келе менің сөзім күшті бола берді. Өйткені, байларды емес, халықты мақтадым. Жеңуін мен жеңдім, ақшаны жуандар жеді. Солай, шырақтарым, − деп әңгімелеген
//Ел аузынан: Шешендік сөздер, ақындық толғамдар, аңыз әңгімелер. 159-160 бб.